Соңғы жылдары танымал өнер адамдары түрлі құқық бұзушылықтармен жиі сотталуда. Бірі – алаяқтықпен, бірі – ұсақ бұзақылықпен немесе қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жазаға тартылды. Бүгін El.kz интернет порталының тілшісі заң алдында жауап берген қазақстандық жұлдыздардың тізімін жасады.
Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі сотталды
2025 жылы шоу-бизнес әлемінде аты танылған әнші Сиви Махмудидің бұрынғы жұбайы Аңсар Қажмұқанұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Астана қаласының соты оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қаралған. Тергеу материалдарына сүйенсек, Аңсар Қажмұқанұлы жәбірленуші А. мен оның туыстарының 50 мың АҚШ долларын алдап алған. Бұл қаржыны ол «полиция қызметкерлеріне беріп, жазаны жеңілдетуге көмектесемін» деп уәде еткен. Алайда іс жүзінде құқық қорғау органдарында танысы болмаған.
Сот мәлімдемесінде көрсетілгендей, жәбірленушінің туысы психотроптық заттарға қатысты істі болып, тергеу изоляторына қамалған. Сол жағдайды пайдаланып, Аңсар Қажмұқанұлы отбасына жалған уәделер айтып, ақша жымқырған.
Сотталушының кінәсін толық мойындауы, шын жүректен өкінуі және жас балаларының болуы оның жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілгенімен, ол бәрібір қатаң жазаға тартылды.
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамалды
Талайдың сүйікті әншісі Қайрат Нұртас та дауға іліккен жұлдыздардың қатарында. 2024 жылдың 5 шілдесінде Астана қаласында онлайн форматта өткен сот отырысының шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Оған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айып тағылған.
Сот мәліметіне сәйкес, оқиға 4 шілде күні кешкі сағат 20:00 шамасында, Алматы-Астана бағытындағы ұшақтың бортында болған. Әнші Қайрат Нұртас пен жолаушы Асылбек Бекқайыров арасында сөзбен басталған жанжал төбелеске ұласып, нәтижесінде жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған.
Осыған байланысты Қайрат Нұртастың үстінен екі хаттама толтырылған. Біріншісі – ҚР Әкімшілік кодексінің 73-бабы, 1-бөлігі бойынша, яғни қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру. Бұл іс кейін тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Алайда екінші бап – ұсақ бұзақылықты қарастыратын 434-баптың 2-бөлігі бойынша ол жазадан құтылып кете алмады.
Сот Қайрат Нұртастың бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, ал бұл жолы бір жылдың ішінде қайталанған құқық бұзушылық екенін негізге ала отырып, айыппұл емес, 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
Алмас Кішкенбаев әкімшілік жазаға тартылды
2025 жылдың 5 ақпан күні Алматы қаласының соты қазақ эстрадасының жұлдызы Алмас Кішкенбаевқа кәмелетке толмаған жасөспірімге әдепсіз қылық көрсеткені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Сот мәліметінше, оқиға қоғамдық орында болған. Кішкенбаев сол сәтте мас күйде болып, 17 жастағы жасөспірімге жөнсіз қылық көрсеткен. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық бабымен қозғалған іс бойынша сот оның кінәсін толық мойындатқан.
Ал сот отырысы жабық режимде өтті. Себебі жәбірленуші кәмелетке толмаған. Жаза тағайындау кезінде Кішкенбаевтың мас күйде болғаны жауапкершілікті ауырлататын жағдай ретінде есепке алынды. Ал қандай да бір жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған.
Соттың шешімі бойынша Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Әбдіжаппар Әлқожа 10 тәулікке қамауға алынды
Қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожа полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, оқиға 2024 жылы 6 шілдеде болған. Тәртіп сақшылары Toyota Camry маркалы көлікті тоқтатып, тексеру барысында оның жүргізушісі көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтаған. Автокөлікті айыптұраққа жеткізу кезінде оқиға орнына KIA Carnival көлігі келіп, жолаушы орнындағы азамат – Әбдіжаппар Әлқожа полиция қызметкерлерінің әрекетіне кедергі келтіре бастаған.
Хабарламада айтылғандай, құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне белсенді түрде қарсылық көрсеткен. Кейін ол медициналық куәландыруға жеткізілген, нәтижесінде орташа дәрежеде мас күйде болғаны расталды.
Сот шешімімен Toyota Camry көлігінің жүргізушісі мен KIA Carnival көлігінің жолаушысы Әбдіжаппар Әлқожа 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Асқар Жұмабек 6 жыл 6 айға сотталды
Отандық актер Асқар Жұмабек 2022 жылдың желтоқсанында Алматыдағы караоке-барда болған төбелеске байланысты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл үкім Алматы қаласының №2 Бостандық аудандық сотында шығарылды.
Оқиға 2022 жылдың 28 желтоқсанында түнгі сағат 2 шамасында Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан караоке-барда болған. Қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал шығып, арты жаппай төбелеске ұласқан. Сот материалдарына сәйкес, сол түні мекеменің күзетшілері, ди-джейі және олардың таныстары жәбірленушілерге қол көтерген. Жәбірленушілер қашып шыққанымен, айыпталушылар оларды көшеде қуып жетіп, соққы беруді жалғастырған.
Сот процесі барысында бес адамның екеуіне ауыр және орташа деңгейде дене жарақаты келтірілгені анықталды. Сонымен қатар, сотталушылардың бірі төбелес кезінде суық қару қолдануға тырысқан.
Сот Асқар Жұмабектің кінәсін куәгерлердің және жәбірленушілердің айғақтары, сот-медициналық сараптама қорытындысы мен бейнебақылау жазбалары арқылы дәлелденген деп тапты. Актер бұған дейін де адам ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық), 106-бабы (қасақана ауыр зиян келтіру) және 107-бабы (орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша Асқар Жұмабек кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 6 ай 15 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған дейінгі өтелмеген жаза мерзімі ескеріліп, қосымша 15 күн қосылды.
Кейінірек 2024 жылы Асқар Жұмабек шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Тұрсынбек Қабатов 5 тәулікке қамалды
Қазақстандық шоумен Тұрсынбек Қабатов «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылдың 2 маусымында таңертең Алматы-Астана бағытындағы рейсте болған. Қабатов ұшақта мас күйінде болған және балағат сөз айтқан. Сотта ол бортсеріктердің жұмысына көңілі толмағанын айтып, осыған байланысты шу көтерілгенін растады. Алайда ұшақта нақты қандай сөз айтқанын есіне түсіре алмайтынын, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұрайтынын жеткізді.
Сот отырысында куәгерлер Тұрсынбек Қабатовтың рейсте мас күйде болғанын және балағат сөз айтқанын растады.
Шоуменге қатысты 5 күнге қамауға алу туралы сот шешімі шықты.
Алтынбек Тәшімбетов 10 тәулікке қамалды
Белгілі әнші Алтынбек Тәшімбетов 2024 жылы ішімдік ішіп, медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіргені және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс материалдарына сәйкес, ол мас күйінде медицина мекемесіне келген, ғимарат ішіндегі жиһаздарға зиян келтірген және медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытқан. Әншіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша айып тағылды:
Сот шешімімен Алтынбек Тәшімбетов 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Кейін ол жазасын өтеп шыққан соң әлеуметтік желіде «жазамды минутына дейін өтедім» деп мәлімдеді.
Төреғали Төреәліге қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды
Әнші Төреғали Төреәліге билік өкілдерін қорлады деген айып тағылып, қоғамдық жұмысқа тарту жазасы берілді.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігі – «Билік өкілін қорлау» бойынша қылмыстық іс қаралды. Іс материалдарына сәйкес, Төреғали Төреәлі полиция қызметкерлеріне олардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде дөрекілік танытып, заңды талаптарға бағынбаған.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 40 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесілді. Еске сала кетсек, прокурор соттан әншіні 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған болатын. Алайда әнші тағылған айыпты мойындамаған.
Оқиға 2023 жылы 14 маусым күні болған. Полиция қызметкерлері Lexus маркалы көлікті тоқтатқан кезде, рөлде танымал әнші отырғаны анықталады. Полицияның бірнеше рет қойған заңды талаптарына бағынудан бас тартып, әнші оларға тіл тигізіп, қарсылық көрсеткен.
Айта кетейік, бұған дейін ең қымбат тортқа тапсырыс берген жұлдыздар туралы жазған едік.