Сағындық Тоғамбай Ташкенттегі әлем чемпионатын жеңіспен бастады

2 Мамыр 2023, 17:31 1838

Бокстан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында әлем чемпионатында басталған әлем чемпионатында қазақ боксшысы Сағындық Тоғамбай алғашқы кездесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ел намысын 86 келіге дейінгі салмақта қорғайтын боксшымыз Конго ДР өкілі Натан Нланду Мбелиді тізе бүктіріп, 1/8 финалға шықты. Ол кездесу барысында қарсыласын үш рет нокдаунға түсірді. Сөйтіп, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды.

Осымен үшінші боксшымыз келесі кезеңге өтіп отыр. Бұған дейін Талғат Сырымбетов (60 келі), Айбек Оралбай (92 келі) жеңіске жеткен. Бүгін сонымен қатар Санатәлі Төлтаев (63,5 келі) рингке көтеріледі. 

Еске салып өтсек, әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысып жатқанын мәлім етті. Аталған чемпионатта жеңімпаз атанған спортшыға ІВА 200 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақыны табыстайды. Ал ҚР бокс федерациясының президенті чемпион атанған атлетке өз қаржысынан 100 мың доллардан үлестіреді

Алмас Абылай
Бөлісу: