22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды25 мамыр – қазақ халқының қайсар рухын, өр мінезін, отаншыл болмысын бойына сыйдырған біртуар тұлға, Сағадат Нұрмағамбетов дүниеге келген күн. Егер көзі тірі болғанда, биыл ол 102 жасқа толар еді. Бірақ кей адамдардың ғұмыры жылмен емес, ел жадында қалдырған ізімен өлшенеді. Сағадат Нұрмағамбетов – сондай тұлға.
Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Қосым ауылында дүниеге келді. Алайда тағдыр оған балалықтың бал дәмін көп татырмады. Әкесі Қожахмет ол дүниеге келерден бір ай бұрын көз жұмса, анасы Айса 1932 жылғы ашаршылықта қайтыс болды. Жеті жасар Сағадат пен ағасы Сағит тұл жетім қалды.
Сол күннен бастап Сағит оған әрі әке, әрі ана болды. Кейін Сағадат ағасын ерекше сағынышпен еске алып: «Ағам шымыр денелі, қой көзді, анама ұқсайтын еді», – деп айтатын. Бірақ сұрапыл соғыс жалғыз ағасын да тартып алды. Сағит Нұрмағамбетов Новгород түбінде қаза тапты.
Жетімдік пен қайғы Сағадатты ерте есейтті. Ол ауыл қарияларынан Қобыланды мен Алпамыс батыр туралы жырларды сүйіп тыңдап өсті. Мектепте зеректігімен көзге түсті. Екі сыныпты бір жылда тәмамдап, тарих пен географияны ерекше жақсы көрді. Замандастары оның әлем картасын жатқа білетінін таңданыспен айтатын.
Соғысқа дейін колхозда есепші, кейін оқу үйінің меңгерушісі болып еңбек етті. Бірақ тағдыр оны мүлде басқа жолға майдан даласына бастап бара жатты.
21 жасында батыр атанған қазақ
1942 жылы небәрі 18 жасында өз еркімен әскерге аттанды. Түрікменстандағы Кушка қаласындағы пулемет училищесін үздік бітіріп, 1943 жылы майданға кірді.
Сағадат Нұрмағамбетов соғыс жылдары Солтүстік Кавказдан бастап Украина, Молдова, Беларусь, Польша мен Германияға дейінгі майдандарда шайқасты. Пулемет взводының командирінен батальон басшысына дейін көтерілді.
Оның ең ірі ерлігі 1945 жылдың қаңтарында Польша жеріндегі Магнушев плацдармында жасалды. Екі күнге созылған кескілескен шайқаста оның ротасы ондаған жау бекінісін жойып, фашистердің шабуылын тоқтатты. Ұрыстың бір сәтінде пулеметтің нысана көздеуіші істен шығады. Сонда Сағадат қаруды өз қолына алып, жауға оқты қарша боратқан.
Сол шайқаста оның бөлімшесі Пилица өзенінен өтіп, кеңес әскері үшін стратегиялық маңызды жол ашты. Осы ерлігі үшін 1945 жылы 27 ақпанда, небәрі 21 жасында, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Марапаттау сәтінде ол ішінен:
Қазақтың жетім баласына мұндай құрмет бұйырады деп кім ойлаған?.. Әкем мен анам, Сағит ағам көрсе ғой… – деп толқыған екен.
Берлинге ту тіккен батальон
Соғыстың соңғы кезеңінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған батальон Берлинді шабуылдауға қатысты. Олар Гитлердің рейхсканцеляриясына дейін жетті. Батальон жүздеген жау әскерін жойып, мыңнан астамын тұтқынға алды.
Осы ерлігі үшін Сағадат Нұрмағамбетов екінші мәрте «Алтын Жұлдызға» ұсынылған. Алайда марапат берілмей қалған. Тарихшылар мұны сол кезеңдегі саясатпен байланыстырады. Соған қарамастан, оның ерлігі халық жадында өшпеді.
Соғыстан кейін Сағадат Нұрмағамбетов әскери білімін жалғастырып, Мәскеудегі әскери академияларды тәмамдады. Кеңес армиясында түрлі жоғары қызмет атқарды.
Ал 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған шақта ел үшін ең күрделі мәселенің бірі – ұлттық армия құру болды. Дәл осы тарихи кезеңде Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі атанды.
Бұл кезеңде әскери кадр тапшылығы өте ауыр еді. Көптеген офицерлер тарихи отандарына кетіп жатқан. Сонда Сағадат Қожахметұлы Ресеймен келіссөз жүргізіп, қазақ жастарын әскери оқу орындарында оқыту жүйесін жолға қойды.
Оның бастамасымен «Жас ұлан» әскери мектебі құрылды. Кейін бұл оқу орнына оның есімі берілді. Ол қазақ офицерлер мектебінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді.
«Сыпайы генерал»
Қарамағындағылар оны «Сыпайы генерал» деп атайтын. Өйткені ол қатал тәртіп пен адамгершілікті қатар ұстанды. Әскери тәртіпті талап етсе де, сарбаздарға әкелік қамқорлық танытатын.
Шәкірттерінің бірі, генерал Абай Тасболатов Сағадат Нұрмағамбетовті «шын сардар» деп сипаттаған.
Сонымен бірге ол қаламгер ретінде де танылды. «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины», «От огненных лет до суверенной армии» атты кітаптарында майдан шындығы мен тәуелсіздік жылдарындағы ауыр кезеңдерді шынайы жазды.
2005 жылы Нью-Йоркте өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың 60 жылдығына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, қазақ халқының майдандағы ерлігін әлем алдында паш етті.
Сағадат Нұрмағамбетов 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Алматыда дүниеден өтті. Ол Кеңсай зиратына жерленді. Бүгінде оның есімі мектептерге, көшелерге, әскери мекемелерге берілген.
22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова30 Сәуір, 23:45
Өзбек боксшыларының осал тұсын таптым І Түнгі 10-да ұйықтап қаламын – боксшы Темірлан Мұқатаев