Сәдібек Түгел: Ұлттық спорттың падишасы - Аламан бәйге

16 Қазан, 16:18 887

Аламан бәйге — қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ат спорты жарыстарының бірі. Ұзақ қашықтыққа шабатын аттардың бәйгесі. Бұл бәйгеде жылқылардың төзімділігі мен жылдамдығы сыналады, сол себепті оған тек мықты, шапшаң және ұзаққа шабатын жылқылар қатыса алады.

Аламан бәйгенің қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысында орны ерекше. Өйткені бәйге - спорт қана емес, жылқы мен адам арасындағы ерекше байланысты көрсететін дәстүрлі шара. Осы орайда El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, публицист, ұлттық спорттың дамуына елеулі үлес қосқан Сәдібек Түгелмен тілдесіп, оның Аламан бәйге жайлы ой толғанысын ұсынуды жөн көріп отыр.

Аламан жарыс десек, алдымен Ақан серінің Құлагерін еске аламыз. Өйткені Ұлы даланың символы, мың жылда бір рет туатын желден жүйрік жануар Құлагерсіз ұлттық спортты елестету мүмкін емес. Ұлттық спорт десек Құлагерді, Құлагер десек Ұлттық спортты ауызға аламыз. Екеуі - егіз ұғым. Құлагер - феномен.

1876 жылғы Сағынайдың асында мерт болғанға дейін Құлагер үлкенді-кішілі 12 Аламан жарыста алдына қара салмай, бірінші болып келіп, үш жүзге аты танылып, бүкіл қазақ даласының сүйіспеншілігі мен зор құрметіне бөленген болатын. Ұлттық құндылығымыз Аламан жарыстың көркі мен мәртебесіне айналған Құлагерге арнап «Құлагер:кінамды айтыңдаршы, адамдар» атты көркем прозамды жазып отырмын. Осы шығарманы жазудағы басты мақсатым мейірімділікті, ізгілікті, парасаттылықты, адалдықты, азаматтықты дәріптеу, жамандықты, өштікті, көреалмаушылықты, күншілдікті, қастандық жасауды болдырмау болып табылады.

1996 жылдың 6 мамыры күні. Ақадырлық атбегі Бектеміс бүгін күндегісінен көп ерте оянды. Көңілі - алай-дүлей. Кеше көкшетаулық атбегі достарынан осыдан үш ай бұрын Ерейментау ауданындағы Құлагер ескерткішінің ұрланғаны туралы адам сенгісіз, ішкі-жан дүниеңе кірбің түсіретін суыт хабарды естіді. Оу, бұл не болып кетті өзі? Ұрланбаған не қалды? Жекешелендіру деген сылтаумен атадан қалған барлық төрт түлік малдарымыз бен мүліктеріміз, жердің асты мен үстіндегі бағалы заттардың бәрі талан-таражға салынды. Колхоз, совхоздар сатылды әрі тапа-тал түсте тоналды. Оған жауап беріп жатқан еш пенде жоқ. Енді міне, небір ақындардың жыр-дастандарына арқау болған, Ақан серінің «Әкең тұлпар, шешең сұңқар» деп әспеттеген Құлагердің ескерткішінің ұрланғаны жанға қатты батып тұр. Не істеу керек? Ойланып, толғанатын ештеңе жоқ. Болған оқиғамен жете танысып, анық-қанығына көз жеткізу үшін басына барып қайту керек. Темір көлігімен Қарағанды облысына қарайтын Ақадырдан Ерейментау ауданына дейін 580 шақырым жол жүріп кешқұрым көздеген жерге келіп жетті. Атбегі Бектемістің көзімен көргені естігенінен де асып түсті. Елдің көзайымына айналған Құлагер ескерткішінің үңірейген орыны ғана қалыпты. Көңілі одан сайын құлазып, денесі дірілдеп, жүрегі қатты соғып, қан қысымы басына көтерілді. Ойы сан жаққа жүгірді. Неге? Не үшін Құлагер ескерткіші ұрланды? Қандай адам ондай қадамға барды? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін «Егіншілік» совхозының орталығы «Павловка» ауылына келіп, ауылдық округтың әкімімен кездесті. Баяғыда біреу «бәрін көрдім, бірақ әкесін арбаға байлап, сабағанды бірінші рет көруім» деп айтқан екен. 

Ауыл  басшысы адам естімеген енжарлық пен немқұрайлық танытты. Ол:«Ия,Құлагер  ескерткіші 1996  жылдың 6 ақпаны күні ұрланды. Арнайы   дайындалып, түн жамылып сварка мен кранды алып келген металл жинаушылар алып кеткен. Оған сенің нең кетті? Қапа болып, қайғыратын оқиға  емес. Менің  ұстаныным  бойынша,  қазіргі заманға сәйкес осылай  болуға тиісті. Елімізде қалыптасып отырған қазіргі  саясат «қолыңнан  келсе   қонышына бас» дейді. Кім нені ұрламай жатыр? Қолынан келгендер осылай Қазақстанды ұрлап-тонап жатыр. Сондықтан оған таң қалатын және  уайымдаудың  қажеті  жоқ. Осы  ескерткіш  үшін сонау жерден бензин жағып, шығын шығарып бекер келдіңіз. «Егіншілік» совхозының бұрынғы  директоры,  ұлты  неміс  азаматы Риммер  Андрей Андреевич монументті  салды, ал қазақтар оны ұрлады. Тағы  қайталап  айтамын,  біздегі  қалыптасып отырған саясат -  тап осындай»,-деді.

Ия,  біздің   қоғамда  ешкімге ештеңе  керек  емес. Мемлекеттік  қызметкердің   айтып  тұрғаны - мынау.  Оны  естігеннен,  естімеген  артық.   Шынында,   неге  біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тым салғырт  қарайтын халықпыз? Осындай жүрекке  маза  бермейтін  сансыз  ойлардың  жетегінде   жүрген   атбегі Бектеміс кешкі  сағат  8  шамасында  Павловка  ауылынан 20 шақырым  жердегі Құлагердің  соққыға  жығылып, мерт  болған  «Шырпылы  биік-Талды  сайға» келіп  жетті. Талды  сай  мен Қосақ   көлінің  арасы  небәрі  екі  шақырымдай ғана. Міне   дәл  осы   жерде,   1876  жылдың  18  қыркүйегі  күні  күндізгі  11:40-та алдына  қара салмай зулап келе жатқан Ақан серінің Құлагеріне қазақ  даласында  бұрын-соңды   болмаған  қастандық   жасалды.  Тың  аттар  мінген   Батыраш пен  Қотыраштың  жендеттері  Құланың алдынан  кесе көлденең  шығып,  ауыр шоқпарларымен  жүйрік  аттың  басынан ұрады. Тұлпар омақаса құлайды. Азынаған дауысы жер жарады. Сонда Ақанның денесі дір етеді. Бірдеңе болғанын жүрегі сезеді. «Құла қайда? Құла неге жоқ?» дейтін жанайқайы сонда айтылған. Ауыр соққыдан құлаған Құла сол  жерде жан тапсырды. Келместің  кемесіне  мініп,  фәни  дүниеден   бақилыққа  ауысты. Ақан сері және Құлагерді қастерлейтін жанкүйерлер үшін дүние астаң-кестең болды. Халықтың қабырғасы қайысты, халықтың сүйіктісі Ақан сері қайғының отына оранды. Құлагер трагедиясына жүрегінің ауырғаны сондай, Бектеміс атбегі көз жасына ерік берді. Осы күйден өзін-өзі әрең  тоқтатты. Бұл кезде күннің түнге ауысқан шағы болатын. Айналаны қараңғылық басып үлгерді.

Қайтатын болса, Ерейментау қаласына дейін бір сағаттық  жол. Сонда  барып, қонақүйге қонып, ертең таң атысымен Ақадырға баруға жолға шығуға  болады. Бірақ «Бектеміс атбегі, сен осында қал. Осы Құлагер құлаған жерде түнеп  шық»  деген бір тылсым күш оның бойын байлап алған. Ең  алдымен өзі жатқа білетін аса дарынды ақын  Ільяс  Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының мына жолдары есіне түсті:

«Ақан да алып шықты Құлагерін,

Салпитып сапты аяқтай төменгі ернін.

Жай тастап төрт аяғын келді тұлпар,

Оңаша жұрттан аулақ тұрды Серің.

Талтайып жимай тастап тілерсегін,

Салпитып тұрды Құла үлпіршегін.

Күреңбай Ақанға кеп сөз айтады:

-Аласың астың алдын, Ақан серім!

Құлаң бір дүлдүл екен жануар-ай!

Жүрікке қолы жеткен жарығандай,

Саған да ішім ырза, жолың болсын,

Жылқыны жігітімсің танығандай.

-Күткен бір атым еді күнінен тай,

Жолдасым осы ат менің неше жылдай!

-Ендеше бас бәйгені алып тұрсың!

-Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май!

Отты екен жануардың екі көзі!

Перінің пырағы ма мұның өзі?»

Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш,

Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.

Осылай айтпағанмен ішінен сыр,

Томсарып Батыраш кеп толғатып жүр.

Кек қайнап, ыза кернеп, жауққандай,

Қалып тұр, қаны қашып, сүлдесі құр.

Алуан ат-торы осында, қара осында,

Не саңлақ, сәйгүліктің бәрі осында.

Күңірентіп, кең даланы дүбірлетіп,

Төгілді ат Ерейменнің саласына.

Бектеміс Ерейменнің кең даласындағы «Қосақ» көлінің жанындағы «Шырпылы биік-Талды сайдағы» Батыраш жендеттерінің ауыр соққыларынан Құлагердің құлап, мерт болған жеріне түнеп шығуды өзінің атбегілік және азаматтық парызы санап, арнайы ала келген ұйықтау қапшығын бүркеніп, ұйқыға жол берді. Алыс жолдан шаршағаны бар көзі бірден ілінді.

Түннің ортасында Бектемісті қатты ұйқысынан аттың дүбірі оятты.

- Бұл кім? Дауысы қатты шықты.

- Армысыз, мені іздеп келген кісі. Мен - Ақан серінің Құлагерімін.

- Аттың адамша сөйлеп тұрғанын бірінші рет естіп, көріп тұрмын.

- «Шын жыласаң, соқыр көзден жас шығады» деген ғой қазақтар. Сол сияқты маған да адамша сөйлейтін тіл шықты. Ол - алдымен бүкіл әлемді жартушы Алланың қолдауы. Екіншіден, тұлпар десе, бәйге десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қойып сыйлайтын  халқымның  тілегі деп санаймын.  Мені сонау Ақадырдан арнайы іздеп келген қадірлі кісі. Сізге қояр сауалдарым бар? Соған жауап қайтаруға қалай қарайсыз?

-Құрметті, Құлагер дүлділ! Сіздің адамша сөйлеп тұрғаныңызға шынында таң-тамаша болып, мынау өңім бе, жоқ түсім бе деп тұрмын?

-Қайталап айтамын, сізбен сөйлесуге  мені  он сегіз мың ғаламды жаратушы, аса  мейірімді, аса  қамқор Алла тағаланың өзі жіберді. Сондықтан да сіз  адамша сөйлейтін Ақан серінің Құласымен дидарласып тұрсыз.

- Онда, Құлагер тұлпар, Сіздің сұрақтарыңызға әлім келгенше жауап беруге дайынмын.

- Айтыңызшы, неге мені ұрып өлтірдіңіздер?! Менің, не жазығым бар?

-Менің  сізге  айтар  жауабым  біреу   ғана. Сіз, Құлагер, қазақтың қанына түсіп, сүйегіне сіңген қызғаныш атты кеселдің құрбаны болдыңыз. Бұрынғы   заманда да қызғаныш болған. Оны «жәй  қызғаныш»  деп атаған. Одан   халыққа зиян келмеген. Жылдар  өте сол «жай»  қызғаныш «сары»   қызғанышқа ауысты. Өз кезегінде «сары»  қызғаныш «көреалмаушылық»  қызғанышқа айналды. «Кереалмушылық» қызғаныш уақыт өте «күншілдік»   қызғанышқа  жетті.  Жылдар  өте  «күншілдік»  қызғаныш қызғаншақтықтың    ауыр  түрлерінің  бірі  «сатқындық»  қызғаншақтыққа  жетті. Ал,  «сатқындық»   қызғаныш қызғаншақтықтың  ең  биік  сатысы   «қастандық»    қызғанышқа   ұласты. Менің түсінігімде, Сіз, нағыз «қастандық» қызғанышқа тап  болдыңыз. Айтарым, қызғаныш дерті халқымыздың басына қайғы-қасіретті үйіп-тігіп алып келді. Біз содан арыла алмай-ақ қойдық. Қайда барсаң «қорқыттың көрі» дегендей. Алдымыздан тісін ақситып күншілдер мен сатқындар шығады. Солардың кесірінен ұлтымыздың даңқты перзентері, қолбасшылары,  батырлары Кенесары хан, Махамбет ақын, Кейкі батырлардың бастары  шабылды. Елім деп еңіреп туған мыңдаған Алаш арыстары  асылды,  атылды. Ұлы Абаймыз соққыға  жығылды. Мұқтар Әуезов елден кетуге мәжбүр  болды.   Айта  берсең, әңгіме  көп. Осы жаман қызғаныш түбімізге жететін болды.

-Қатырып  жауап  бердіңіз, Бектеміс  атбегі. Айтқандарыңызға  дән  риза  болып  тұрмын. Рахмет. Енді  бір сауалым бар.  Ол  ұлттық  спорттың  тарихы   туралы.  Жалпы алғанда, ұлттық спорт дегеніміз не? Мен неге, бұл сұрақтарды Сізге,  қойып  отырмын.  Себебі, бәйге десе, ұлттық спорт десе, ең алдымен, менің  атым  бірге аталады. Құлагер мен ұлттық  спорт егіз ұғымдар болып,  халықтың жадына терең сақталған.

-Құла дүлдүл, Сіз дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Менің жауабымды тыңдаңыз.   

-Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептейміз. Ұлттық спорттың мыңжылдық тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саяткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай, «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.

​Егер ат спорты мен ұлттық ойындардың бастауы жайында айтсақ, оның тамыры сонау ғасырлар тереңіне кететіндігін көреміз. Біздің дәуіріміздің алғашқы мың жылдықтарында Орта Азия мен Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар мен тайпалық одақтардың жауынгерлерін қалай дайындағандығы - осы сөзіміздің дәлелі.

​Сақтар күшті әрі жауынгер халық болған. Көне тарихшы Дионсий «олар көздегені мүлт кетпейтін ерекше мерген» дейді. Страбон оларды «азиялық скифтер» деп атайды, өйткені сақтар мен скифтердің шаруашылық жүргізу және өмір-тұрмысы көп жағынан ұқсас.

​Ат үстінен садақ тарту спорт түрінің көркем де сымбатты түрі болып табылады. Скиф тайпаларында алғаш рет пайда болған ердің ыңғайлылығы, олардың ат үстінен садақ жебесін көздеген жеріне тигізуіне септігін тигізді. Соған сай олардың садақтары да жетілдірілді. Мысалы, үйсін садағының үлгісі «М» әрпіне ұқсас келеді, бұл ат үстінде атуға ыңғайлы. Тіпті, желмен желпілдеген жалы кедергі келтірмес үшін аттың шоқтығын қырқып тастау дәстүрі де болған.

​Археологтар савромат тайпаларының қабырларынан жебе ұшын тапқан. Латын тарихшыларының бірі осыған байланысты «олардың бәрі көп жаттығудан кейін нағыз әскери іске бейім жауынгерлер болып қалыптасты» дейді.

​Дала тайпалары ат бәйгесіне айрықша маңыз берген. Бұл жайында Геродоттың «5 жастан бастап 25 жасқа дейін олар балаларын салт жүруге, садақтан атуға және шындықты айтуға үйреткен» деген жазбасы бар. Шығыс Қазақстан облысының Берел өзені аймағында жүргізілген археологиялық қазба  жұмыстары қазақ тайпаларында ат бәйгесі мен жорға жарысы кеңінен тарағандығын көрсетеді. Осыдан 2500 жыл бұрын қазақтарда жақсы мініс аттары болған, оларды алыс қашықтықтарға бәйгеге қосқан. Алыс қашықтықтарды еркін алуға қабілетті бәйге аттарының бейнесі басқа да аймақтардан табылып отыр. Берел атының мойыны мен аяғы жіңішке, денесі жеңіл, нағыз аламан бәйгеге қосуға келетіндей екен.

​Алтай тұрғындарында сонау скиф замандарының өзінде асыл тұқымды салт мініс аттары болған. Сондай-ақ, оларды Орталық Қазақстанның өзге тайпалары да ұстаған. Дерек көздеріне сүйенсек, ол кездерде Еуропада мұндай аттар атымен болмаған.

​Асыл тұқымды жылқылардың болуы тайпалардың түрлі ат ойындары мен жарыстарын ұйымдастыруына мүмкіндік берді. Көптеген тайпалық дәстүр мен салт ат үстіндегі түрлі жаттығуларды орындаумен байланысты. Мысалы, сонау сақ заманнан бастап, некеге отыруға байланысты ат бәйгесін өткізу дәстүрі қалыптасқан. Осы дәстүрге сәйкес, жас сақ жігіті күшін, ептілігі мен алымдылығын көрсететін бәсекеде жеңіске жетсе ғана, өз қалыңдығына үйленетін болған.

​Біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың бәсекеге түсуінің қырлары өте көп. Ат үстінде, сондай-ақ жаяу найзаласу мен семсерлесу де өткізіліп тұрған. Орталық Қазақстанның Хантау тауында табылған сақ жауынгерінің найзасында осындай жекпе-жек бейнеленген. Мұндай бейнелер Балқаштың маңындағы Теректі сай шатқалында да табылды.

​Біздің дәуіріміздің YI ғасырының басында Қазақстан аумағында феодалдық қатынастар қалыптаса бастады. Ол көшпелі мал шаруашылығы негізінде дамыды. Көшпенділердің өмірі түрлі қиындықтармен байланысты. Бір жерден бір жерге көшіп жүру, малға ұдайы күтім жасау және көптеген басқа да ерекшелік қоғам мүшелеріне жоғары талаптар қойды. Бәйге, күрес, тас ату, садақ ату, атпен салт жүру және басқа жаттығулар өскелең ұрпақты шыңдауға пайдаланылды.

​VI ғасырдың ортасында ерте феодалдық  үлкен мемлекеттік бірлестік Түрік қағанаты құрылды. 581 жылы Батыс Түрік қағанаты пайда болды. Өзінің алдындағы сақтардың, массагеттердің, қаңлылардың, үйсіндердің және басқалардың мәдениетін одан әрі жалғастырып, осы тайпалар мен ұсақ халықтар кейіннен жаңа мемлекет құрамына кірді.

​Түрік қағанаты кезінде Қазақстан аумағында ондаған қала мен мәдениет орталықтары пайда болды. Тараз қаласы ірі сауда орталығына айналды. Жыл сайын мұндағы жәрмеңкелерге жан-жақтан саудагерлер, музыканттар, әншілер, әйгілі шабандоздар, жебе атқыштар, жамбасы жерге тимеген палуандар мен күш иелері ағылып келіп жатты. Бұдан кейін мұндай жарыстар халық шығармашылығының әртүрлі жанрларында өнер көрсететін талантты адамдардың бәсекесімен ұштастырылды. Сол күндерде өткізілген жарыстар бұқаралық сипат алып, мәдени қарым-қатынастарды дамытуға айырықша септігін тигізді.

​Жылқы түрік тайпаларында тек шаруашылықта ғана зор рөл атқарып қоймай, сонымен қатар әскери істе де айырықша маңызға ие болды. Ел ауызында мынадай сөз бар: «Егер сен түркі өмірін білгің және оның күндерін санағың келсе, онда оның жерде отырғаннан да, өмірінің көбі ат үстінде өткізгендігіңе көзің жетер еді».

​Осы орайда араб мәдениеті грек, сирия, египет, үнді, византия, иран мәдениетінің жетістіктерін өзіне сіңіре білгенін айтуымыз керек. Әртүрлі ойындар, бәсекелі жарыстар ауызша ережелермен және эстетикалық нұсқаулармен реттеліп отырды, кейіннен ол халықтың әдетіне, ғұрпы мен дәстүріне  айналды. Жарыстың белгілі бір түрлері мен ережесіне келетін болсақ, олар толығымен осы жазылмаған заңмен бақыланды. Мұрағаттық материалдар ат бәйгесін және де басқа  да жарыстар өткізуге қатысты осы заңдардың ерекшеліктерін бізге де жеткізді. Аламан бәйгеге қатысты мынадай мысалдарды айта кетсек артық емес. «Әрбір орданың аты бәйгеге қатыса алады; бәйгеге қатысатын атты тек бәйгені ұйымдастырушы білуі тиіс; аттан құлап қаза тапқан жағдайда шабандозға құн төленбейді; егер екі ат мәреге қатар жетсе, жүлдені кім алатындығы турасындағы дауды болдырмау үшін екі ат қайтадан жарыс жолына, бірақ біршама қысқа қашықтыққа жіберіледі».

Ресейдің қазақ даласын игеруіне байланысты ат спорты жарыстарына орыс армиясының тұтас әскери командалары да қатыса бастады. Мәселен, А.К.Гейне көкпар ойынына көп жағдайда тұтас эскадронның қатысқандығын айтады. «Бұл көрініс өте ғажап еді. Тақымына ешкіні басып алған қазақ алда келеді, оның соңына жүздеген салт аттылар түскен», - дейді ол.

​«Көзі ашық Англия өзінің ат бәйгесімен атағын шығарып келеді... Бірақ Англия атының сұлулығы мен жеңілділігі жағынан емес, ат бәйгесінен Сібірге (ол кезде әкімшілік бөлінісі бойынша қазақ даласының едәуір бөлігі соған кірген) орын беруі тиіс, ондағы адамдардың сипаты, тұлпарларды баптауы, сынауы ерекше» деп жазған.

​«Жарыстарда таратылатын спорттық жұлделердің қомақтылығы сондай, ол тек байлар мен ықпалды адамдардың ғана бәсекелестігін қоздырып қоймай, сонымен қатар көптеген адамның аңсарын аударған», - деп жазады И.Аничков.  Мен Алтайда тамаша сәйгүлігі бар бір қазақты білетінмін, ол бір жазда ғана жүлденің біраз бөлігі өзіне бұйырмаса да, жағдайын біршама түзеп алды.

​Жарыстың басқа түрлері бойынша жеңімпаздарға бұдан ауқымы біршама аз жүлделер тағайындалған. Ал жинақтай келгенде, ол өте қомақты болып шығады. Мысалы, деректерден мәлім болып отырғандай, Сырым батырдың асында туысқандары 2500 қой, 200 жылқы жұмсаған. Үздік шыққан шабандоздарға, мергендер мен палуандарға бірнеше киіз үй, сауыт-сайман, басқа да құнды заттар таратылған. Ханкелді батырды еске алу тойында 5000-ға жуық қой, 250 жылқы таратылған. Ал Ахмет сұлтанның асында бұдан анағұрлым қомақты жүлделер тағайындалған.

​ХІХ ғасырдың екінші жарты жылдығында ұлттық ат спорты жарыстарын ұйымдастырып, оны «еуропалық үлгіде» өткізуге көп күш салды. Оның негізі 1860 жылы Бөкей ордасында қаланды. Ат спорты ойындары мен жарыстар 3 жылда бір рет өткізіле бастады.

​Бұдан кейін аламан бәйге мәресі бір айналма жол бойынша өткізілетін болды. Бұл бүгінгі ат жарыстары өтетін ипподромға ұқсайды. 1853 жылдан бастап Бөкей ордасында ұзындығы 4 шақырымға тең қалыпты айналма жол бойынша ат бәйгесі өткізіліп келеді. Кейіннен оның ұзындығы 6 шақырымға дейін жеткізілді. Мысалы, 1881 жылы Бөкей ордасында өткен 30 шақырымдық ат бәйгесінде (5 айналым) жеңімпаз оны 48 минут 45 секундта жүріп өткен. Мұндай айналым бойынша ат бәйгесі Қазақстанның басқа аймақтарында да өткізілді. Сондай-ақ, әрбір жарысқа қатысушыға арнайы билет беріліп, ол мәреге жеткенде қолдарынан алынды. Бұл - кейбір шабандоздардың қатысушыларға жол ортадан қосылып кетуін болдырмау мақсатында жасалған амал. Алайда бұл жаңалықтың бастапқы кезінде өзіндік кемшін тұстары да болды. Мысалы, шабандоз оны тың атпен мәреге таяп қалған басқа біреуге бере алатын еді. Сондықтан бәйгеге қатысатын аттардың нөмірлері жазылып, оларға белгі соғылатын болды. Сонымен қатар жарысқа қатысушы шабандоздардың арқаларында да өз нөмірлері болды.

Осы жерге 1882 жылы құрылған «Түркістан бәйге аттар қоғамы» жұмысын атап айтқан жөн. Көрмелер, бәйге, желісті жүріс, жорға жарыс ұйымдастырылуымен қатар, қоғам жергілікті жерлерде жылқы шаруашылығын дамыту, осы саладағы ғылыми білімдерді тарату сияқты маңызды міндеттерді алдына мақсат етіп қойды. Сондай-ақ, Ресейдегі және одан тысқары жерлердегі жылқы шаруашылығына және түрлі ат жарыстарына қатысты арнайы кітапхана жасақтау ұсынылды. Орынборда Оралда, Ақтөбеде, Торғайда, Қостанайда және Қазақстанның өзге де қалалары мен аудандарында ашылған ат спорты мекемелері де осындай бағытты ұстанды.

​Спорттық жарыстардың жаңа түрлерінің дамуы мен нығаюына Қазақстанның Ресейге қосылғанынан кейінгі жәрмеңкелер де елеулі ықпал етті. Мәселен, 40-шы жылдарда әйгілі Қарқаралы жәрмеңкесінің де негізі қаланды. Арада 8 жыл өткен соң Қазақстандағы ең ірі Қоянды жәрмеңкесі құрылды. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Түркістан өлкесіндегі ең ірі жәрмеңке Әулиеата жәрмеңкесі болды.  Жәрмеңкелерге 50 мыңнан астам адам жиналды. Бұлардың бәрі де спорттық жарыстардың өзіндік ортасы болып саналады. Бұларда шабандоздар, мергендер, палуандар өнер көрсетті.

​Ат үстіндегі найзамен сайыс - біреуі мерт болатын немесе ер үстінен ауып түсетін спорттың ең қауіпті түрі. Кейбір жағдайларда осы қауіпті жекпе-жекке тіпті әйелдер де қатысқан. Бұған сол уақыттардағы қантөгісті соғыстар себепкер болған. Бірақ XIX ғасырдың аяғына қарай ол ескірді. Бұған қарамастан сайыстар, тіпті XX ғасырдың басында да спорттық жарыстардың ең басты түрлерінің бірі болып келді. Бұл орайда Орта Азия және Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан таңдаулы палуандар, мергендер мен шабандоздар қатысқан 1913 жылғы Пішпек уезіндегі спорттық мерекені айтсақ та болады. 40 мыңнан астам көрерменнің көз алдында өткен ол сайыс турасында мынадай дерек бар: Сонымен, жекпе-жек аса қызықсыз басталды. Мұны көпшіліктің көңіл-күйінен де аңғаруға болатын. Күреске түскен палуандардың алғашқы жұбы қара қырғыз бен қазақ топтың алдына шығып, бұдан кейін бір-бірімен қоштаса бастады. Міне, ортаға екінші жұп әйгілі қос палуан шықты. Бірінші палуанды - Ақсақалды қара қырғыздың саяқ руы ортаға шақырса, Жүсіп есімді екіншісі Пішпек уезінен еді. Ақсақал турасында бұрынғы сайыстарда ол екі қарсыласын жер қаптырды деген әңгіме айтылып жүретін. Қарсыластар өз орындарына орналасқаннан кейін, белгі берілісімен, екеуі бір-біріне қарай тура шапты. Олардың шалт қимылдарынан-ақ оның ақыры жақсылыққа апармайтындығы байқалып тұрды. Шынында да, көрермендер ес жиып үлгергенше, екеуі де бетпе бет келіп, әрқайсысы өзінің найзасын оқтап қалды. Қас қағым сәтте Ақсақал өз атының қапталына ауып түсті. Ал Жүсіп алға біраз ұзап барып, ерден құлады. Сайыскердің екеуі де қаза тапты.

​Бұдан әрі осы сайысты көзімен көрген адам мұны орта ғасырдағы рыцарьлар турнирінен де қауіпті деп жазады. Онда рыцарьлар үстеріне сауыт кисе, бұлардың бастарында дулыға, үстерінде желең киім ғана бар еді. Сондықтан сайысқандардың біреуі немесе екеуі бірдей мерт болуын кездейсоқтық деуге келмейді. Жергілікті әкімшілік бұған назар аудармай қалмады. Көп кешікпей ресми билік сайыс бәсекесін өткізуге тыйым салды.

​1920 жылдан бастап, республикада жергілікті үйрету органдарының жанынан бірінші дене шынықтыру кеңестері құрыла бастады. Дене шынықтыру кеңестері бұқаралық спорт ұйымдарының және жергілікті жерде дене шынықтыру жұмыстарының орталықтарының негізі болған әскери спорттық клубтарды құру жөніндегі жұмыстарды жүргізді. Әсіресе, Орынбор, Семей, Орал, Павлодар, Өскемен және Қазақстанның басқа да ірі қалаларындағы спорт клубтары халық арасында әйгілі болды.

​1920 жылдың 1 қазанында республика астанасы Орынборда алғашқы қазақ ұйымдастыру-нұсқаулық жаппай оқу, спорттық әзірлік және жасөспірімдерді әскери дайындықтан өткізу курстары ашылды. Бұл курстарда 100-ден астам адам оқыды, олардың тең жартысы қазақтар болды. 1921 жылы дене тәрбиесі нұсқаушыларын дайындайтын мамандандырылған курстар ашыла бастады. Азамат соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін республикадағы дене тәрбиесі жаңа ұйымдасу түрлері негізінде спорттық бірлестіктерге айнала бастады. Осы жылдарда түрлі қиындықтарға қарамастан, спорттық клубтар мен үйірмелерде мыңдаған адам спортпен шұғылданды. Олардағы сабақтардың ресми бағдарламасына қазақтың ұлттық спорт түрлері мен ойындары енгізілді. Бұл орайда Орынбор, Қызылорда, Шымкент, Верный және кейбір басқа қалардағы спорт ұйымдарының жұмысы мазмұнды болып шықты. Оларда бәйге, қыз қуу, күміс алу, көкпар, жорға жарыс, қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлері кеңінен орын алды. Сондай-ақ, «қызыл жігіт» комсомолдық спорттық қоғамы құрылып, ол халықаралық, ұлттық спорт түрлерімен ұштастырылды. 1927 жылдың есте қаларлық оқиғасы сол, КазЦИК спортқа және революциялық қозғалысқа сіңірген еңбегі үшін Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ халқының Құрметті батыры» атағын беру туралы арнайы шешім шығарды. Оның есімі ел ішіне кеңінен танымал еді. Қазақ Республикасының Халық ағарту комиссариаты оған арнайы куәлік тапсырды.  Көшірмесі республикамыздың мемлекеттік мұрағатында сақтауға қойылған құжатта «Осы куәлік алып күш иесі Қажымұқан жолдасқа тапсырылды. Оған цирк ареналарында, жәрмеңкелерде және Қазақ республикасының аумағында көпшілік жиналған жерлердің бәрінде өзінің күшін көрсететін ойындарды көрсетуіне құқық беріледі, қол қойылып және мөр басылып, куәландырылған» деп жазылған. Қазақстанда 1928 жыл спорттық оқиғаларға толы болды. Классикалық және ұлттық спорт түрлерінен әр түрлі жарыстар өткізілді. Республика дене тәрбиесінің Жоғары Кеңесі Ұлттық қазақша күрес бәсекесінің  бірыңғай ережесін бекітті. Бұл ұлттық спорт түрлері мен ойындарын кең ауқымда пайдалануға мүмкіндік берді.

1939 жылы бәйге, көкпар, күміс алу, қыз қуу сияқты ұлттық спорт түрлерінен аудандық және  облыстық біріншіліктер өткізілді.

​Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақ ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстар 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына, 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдығына арналып, оған Қазақстанның әр аймақтары мен ауылдарынан мыңдаған спортшы қатысты. Осы спорттық мерекені ұйымдастыруға көрнекті қазақ жазушылары М. Әуезов пен С. Мұқанов және басқалар белсене араласты. Сонымен қатар ат спортының классикалық түрлерінің өкілдері де үлкен табыстарға қол жеткізді. Шабандоз С. Қалмұрзин Каток сәйгүлігімен бір тәулікте 281,9 шақырымды шауып өтіп, теңдессіз нәтиже көрсетті. Бұл бүкілодақтық жаңа рекорд еді.

​Осы жылдарда Қазақстанның әртүрлі облыстары мен жылқы зауыттарының спортшылары ат спортынан рекордтық жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, А. Беляев, Ш. Төлепғалиев, У. Тыджитаев «КСРО рекордшылары» атанды.

​1970 жылы өткізілген XIII Бүкілодақтық шабандоздар жарысы Қазақ КСР-нің 50 жылдығына арналған болатын. Мұнда да ұлттық спорт түрлері мен ойындарының мол мүмкіндіктері ашылды.

​1979 жылдың мамырында Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің  алқасы, Қазақ ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтарының республикалық комитетінің президиумы мен «Қайрат» ерікті спорт қоғамының Орталық кеңесі «Тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығына және Қазақ Советтік Социалистік Республикасы құрылуының 60 жылдығына арналған Қазақ ұлттық спорт түрлерінен I республикалық спартакиада өткізу туралы» бірлескен қаулы қабылдады. Қазақ ұлттық спорт түлері мен ойындарын дамыту тарихында ең ауқымды спорттық шара болған осы спартакиаданы мәреге жетуі қыркүйек және қазан айларында өтті. Спартакиада бағдарламасына аламан бәйге, қыз қуу, күміс алу, жорға жарыс, қазақша күрес, тоғызқұмалақ енгізілді. Сондай-ақ қыз жарыс және жамбы ату сияқты жаңартылған ұлттық спорт түрлері де осы бағдарламадан көрініс тапты.

«Ғасырлар бойы қалыптасқанды қас-қағым сәтте жойып жіберу мүмкін емес», - деп жазады қазақ халқының тұрмыс жайын жетік білетін жазушы Сәбит Мұқанов. «Халықтың тұрмысы қай кезде де ұлттық сезіммен, рухани құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілікпен тамырлас...ауылға келсем болды спортқа аңсарым ауып тұрады. Бұл жерде мені қателесіп отыр демеңіздер. Өйткені жастық шағымнан ат спортына әуестігім  мені жыл сайын туған жеріме баруға итермелейді. Сонау бала кезімдегі көзім көрген Қожабай, Дос, Ақбастыкөл көлдерінің айналасында жыл сайын өткізілетін бәйге мен жігіттер сайысын сағына еске түсіремін»,-деді ол. Осы жолдардан оның өз халқын, өзінің туған жері – алтын бесігін, ата салтын қаншалықты қастерлейтінін аңғаруға болады.

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы әлемдік ауқымдағы бұрын-соңды болмаған оқиғамен ерешеленді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанды. Аз уақыт аралығында экономикада, саясатта, мәдениетте және қоғамымыздың әлеуметтік саласында оң өзгерістер жасалды. Халық еркін тыныстап, өз елін жаңаша құруға кірісті.

​Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында алдыңғы буын ағаларымыз Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айып Құсайынов, Спорт министрінің орынбасары Анатолий Құлназаров, «Қайрат» республикалық спорт қоғамының төрағасы Сайлау Тұрыскелдин, Алматы, Жамбыл облысының әкімдері Серік Үмбетов, Амалбек Тшанов,  Еңбек  Ері,  атақты  атбегі Бошай Кітапбаев және ұлттық спорттың шынайы  жанашырлары   Елсияр  Қанағатов,   Қилан  Нұртазинов,  Орынтай  Әмірғалиев,   Нәбидолла  Кикебаев,  Кендебай   Әбішев және басқада азаматтар ат спорты мен ұлттық ойындарды дамтуды  шындап қолға алды.

​Осының арқасында еліміздің көптеген облысында ат спорты жарыстары жиі өткізіле бастады. Әсіресе, аламан бәйге, жорға жарыс, қыз қуу, теңге алу, көкпар тарту сияқты ойындар қызықты да мәнді өтетін болды.

Жоғарыда  аты  аталған асыл  азаматтардың тегеурінді ұстанымдары  мен   жанкешті  еңбектерінің   арқасында  1996 жылдың   1 наурызда  Алматы   қаласында қазақстандық  атбегілердің тұңғыш  Құрылтайы   жоғары   деңгейде   өтіп, Ұлттық Ат Спорты түрлерінің Федерациясы құрылды.

Онда тұңғыш рет ұлттық спорттың ережелері негізгі заңдары қабылданды. Сондықтан 1996 жылдың  1 наурызы ұлттық ат спорты тарихында ерекше күн болып саналады. 1996 жыл ел атбегілерінің Венгрия республикасында өткен «Дүниежүзілік атбегілерінің, шабандоздарының 1-фестиваліне» қатысумен ғана емес, 23 мемлекеттен озып, фестивальдің бас жүлдесіне ие болумен де ерекшеленеді.

Ұлттық спортқа арналған құлшыныстың арқасында 1999 жылдың 7 сәуірінде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт федерациясының 1-съезі өтті. Онда Қайрат Сатыбалды Федерация президенті,  Сәдібек  Түгел-Федерация  президентінің   бірінші  орынбасары-бас  хатшы ретінде сайланды.

Ұлттық  ат  спорты   Федерациясының екінші съезі 2001 жылдың 15 ақпанында Астана қаласында өткізілді.

Бұл жылдар, шын мәнінде, Ұлттық ат спорты ойындарының биік-биік белестерге, межелерге жеткен жемісті жылдары болды. Барлық облыста филиалдар құрылып, ат спорты мектептері ашыла бастады. «Маңмаңгер», «Атбегі», «Қазанат», «Құлыным » журналдары мен «Қазақ тұлпары» атты газет ат спорты азаматтарының қолынан түспейтін болды. 2002 жылдың салқын көктемінде белгісіз себептермен ұлттық спорт түрлерінің Федерациясын біреулер ресми түрде жабуға   ұмтылды. Сонда ұлттық  спорттың  патриоттары оларға тойтарыс беріп, Федерацияны қоғамдық  негізде   сақтап  қалды. Соның нәтижесінде, жұмыс бір мезетте тоқтаған жоқ. Қиындықтарға қарамай, ұлттық ат спорты федерациясының нағыз қайраткерлері жақсы жарыстардың жаршысы, ұлы істердің  ұйытқысы болды. 2002 жылы Тараздың 2000 жылдығы, 2003 жылы Махамбеттің, Кенесары ханның 200 жылдық мерейтойына арналған ат жарыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол қиын кездерде кімнің кім екені белгілі болды. Ұлттық спортының шын жанашырлары қасымыздан табылды. 

2004 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Ол 2004 жылдың 8 қарашасында Әділет министрлігінен заңды тіркеуден өтті. ҚРҰС түрлері қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің негізгі мақсаттары болып, ұлттық спорт түрлерін жаңғырту және қайта дамыту, салауатты өмір салтын бекіту және насихаттау, халықтың денсаулығын дене тәрбиесі мен спорт құралдарымен нығайту, жастарды патриоттық, батылдық, Отан алдындағы борышын өтеу сезімдеріне тәрбиелеу болып табылады. Құрамында 17 федерация, 18 филиалы бар қауымдастық  ретінде бұл міндетті орындап келеді.

Атап айтсақ, 2005 жылы 17 республикалық, халықаралық деңгейдегі ат бәйгелері, көкпар чемпионаттары, бүркітшілер сайысы өтті. Жекпе-жек, тоғызқұмалақ, тазы, төбет, алабайдан көлемді жарыстар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығы Алматы облысының филиалының тікелей атсалысуымен биылғы жылы тамаша ат бәйгелер ұйымдастырылып өткізілді. Олардың ішінде «Нұрдаулет» ипподромында бәйге мен көкпар жарысын, Райымбек батырға, Сүйінбай аталарға арналған ат жарыстарын, облыс әкімінің жүлдесі, Шебдал жайлауындағы   бәйге және дәстүрлі көкбастаудағы Елбасы жүлдесін айтуға болады. Міне, осының бәрінің бел ортасында алмас қылыштай жарқырап Орынтай бауырымыз жүрді.

Көкпар саласындағы жетістіктеріміз де бір төбе. Асанбай Асқаровқа арналған халықаралық турнирді, Көкпардан Қостанайда өткізілген 1-жастар чемпионатын, Павлодардағы ересектер арасындағы 5 чемпионатты айтуға болады. Жалпы көкпарда көп ілгерілеу байқалады. Бүгінгі таңда республикамызда 7-8 кәсіби клуб ашуға мүмкіндіктер бар. Олар - Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Астана қаласы, Алматы қаласы, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Алматы облысы, Қарағанды облысы көкпаршылар командасы. Бұл - көкпардан Қырғызстан, Өзбекстан қосылып, кәсіби лига ашуға болады деген сөз. Қазір бұл бағытта Шерниязов Болатбек мырзамен келіссөз жүргізілуде. Міне, осы биылғы 2005 жылы көкпар жарыстарын тартымды ұйымдастыра білген «Көкбөрі» федерациясының президенті Болатбек Канафин, атқарушы директоры Марат Манабаев, Нұрмахан Жолдасовтарды ерекше атауға болады. Қазір Нұрлан Нұрғалиев жетекшілік жасайтын «Бүркітшілер» федерациясы да ерлеп тұр. Жыл басында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында  «Сонар-2005» жарысы өтті. 17-18 желтоқсанда Көкшетау қаласында Қазақстан бүркітшілерінің тұңғыш чемпионаты өтті. Батыр бауырымыз, Сабыржан Махметовтың «Жекпе-жегі» де жақсы дамып келеді. Жыл бойында екі үлкен жарыс өтті. Бірі жастар арасында Қостанай қаласында, екіншісі Алматы қаласында Балуан Шолақ спорт сарайында үш күндік керемет сайыс болып өтті.

​Бауыржан Ақантай жетекшілік жүргізетін «Тазы, төбет, алабай» федерациясы да биік межеден көрінуде.

Тоғыз құмалақ пен түйе жарысында алға ұмтылу, іздену бар. Айтарым, қол жеткізген жетістіктерге тоқтамай, алға ұмтылу, жаңа белестерге жету, жаңа асуларды алу бар. Жарыстарды дұрыс, қызық ұйымдастыра білу. Оған жастарды тарту. Әділ төрешілік жасау. Үгіт-насихат жұмыстарына көңіл бөлу. Аудандық, ауылдық филиалдарды ашу. Ал, филиалдардың ішінен тиянақты, жемісті істеп жүргендер ретінде Ақтөбеден Аманқос Дербисалинді, Астанадан Аманжол Хасенов және т.б.айтуға болады.

​Аудандық филиалдар ішінен Қордай ауданын үлгі ретінде айтуға болады. Онда мамыр айында Ұлттық Спорт жарыстарының көлемді де көрнекті жарысы жақсы ұйымдастырылды. Сол үшін бауырымыз Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Байтүленов мырзаға мың да бір рахмет айтамыз. Аудан әкімі Құдайбергенов, облыс әкімі Бөрібай Жексембиндер ұлттық спорттың дамуына барынша мол үлес қосып, белсенділік танытып жүр. Жалпы алғанда, ұлттық спорттың дамуы облыс, аудан әкімдеріне тығыз байланысты. Бұл мәселеде Серік Әбікенұлы Үмбетовке жетер әкім жоқ. Әрқашан қолдау білдіреді. Қарағанды облысының әкімі К.Мұхамеджанов былтырғы жылы 50 мың адам жиналған фестиваль өткізді. Дәл қазір елімізде бәйге өткізіп, көкпар тартпайтын ауыл кемде-кем. Кейбір облыстарда ұлттық спорттың мектептері ашылып, ипподромдар салынуда. Жекеменшік шаруашылықтар шамасы жеткенше тазақанды, асыл тұқымды жылқылар өсірумен шұғылдануда.

​Дегенмен ащы да болса шындығын айтсақ, ұлттық спортты дамыту және таза қанды жылқы өсіру жүйелі түрде өркендемей, әсіресе асыл тұқымды өзіміздің қазақ жылқысын Қазанатын қайта түлету жете қолға алынбай келеді.

​Бұл мәселелер бізді ойландырады, толғандырады. Себебі атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан төл спортымыздың түрлері және жақсы жылқыларды өсіру басқа спорт түрлерінен, басқа елдер сәйгүліктерінен ешбір кем болуға тиіс емес.

​Қайта өз жерінде, өз елінде озық тұрғаны жөн. Бұл орайда айтар ұсынысымыз: Үкімет басында Қасым-Жомарт Тоқаев мырза болған кезде белсенді қолға алынып,  кейін тоқырап, тоқтап қалған жылқы институтын (институт коневодства) ашу ауадай қажет.

​Аталмыш ғылыми институт ашылған жағдайда, ол жылқы шаруашылығы және Ұлттық ат спорт түрлерімен түбегейлі ғылыми негізде шұғылданған болар еді. Сонымен қатар бұл ұжым республикамыздағы жылқының асыл тұқымды тектерін сақтау және көбейту, ат спорттының түрлеріне жарамдыларын сұрыптап алу, еліміздегі асыл тұқымды тұлпарларды халықаралық біріңғай кітапқа енгізу, шетелдік жарыстарға, аукционға қатысуға мүмкіндік алу, бәйгелерді баптау, көкпар аттарын өсіру, ұлттық спорт орталықтарын, мектептерін ашу, мамандарды, шабандоздарды, бапкерлерді дайындау, методикалық оқулықтар шығару және тағы басқа кезек күттірмейтін мәселелермен тыңғылықты айналысқан болар еді. Әсіресе замана желімен жарысқан, бүгін тұқымы жойылып кетудің алдындағы Қазанатымызды қайта қалыптастыруға осы институт бірден-бір қажет. Институт ашылған жағдайда, институтқа «Қазанат» деген ат қойылса деген тілек білдіреміз.

1994  жылдан   бастау   алған  Ұлттық   ат  спорты  түрлерінің   федерациясы кең  байтақ   еліміздегі  ұлттық  спорттың  дамуында ерекше  роль  атқарып,     қалың  халықтың  шынайы   құрметіне   бөленіп  келеді.    Өйткені бұл  Федерацияның  қабылдаған стратегиясы мен тактикасы және бағыт-бағдары    өте  дұрыс.  Ашығын айтар  болсақ,  ұлттық спорт  қауымдастығын құруға қол  жеткіздірткен  де осы Федерация екені елге кеңінен  аян. Қатарынан тарихи      үш    құрылтай-сьезд   өткізіп,   маңызды   мәселерді   талқылап,   алдымен     ұлттық   спорт  түрлерінен     бірнеше     республикалық   федерациялар   ашты.   Олар  «көкпар», «қазақ  күресі», «тоғыз  құмалақ», «қыз  қуу»,  «желмая», «Ер  жігіт  өнері-джигитовка», «жекпе-жек», «аударыспақ-сайыс», «тай жарыс», «жұдырықтасу», «Бес  қару», «жамбы  ату»  және  басқалары. Федерацияның ең  басты   жетістіктерінің   бірі де  бірегейі 1994-1996  жылдары  көп  ізденіп,  көп еңбектеніп  ұлттық  спорт  түрлерінің  Ережелерін  жазу  болып  табылады.

Құрылғанына 30  жыл толған ҚР Ұлттық  Ат  спорты  түрлері  федерациясының  ел  алдында  атқарып  келе  жатқан  жұмыстарына жоғары  баға  беріп,  толағай  табыстар мен  зор жетістіктер  тілейміз.

Қазіргі  таңда,   Қазақстан  Республикасының   Президенті   Қасым-Жомарт  Кемелұлы   Тоқаевтың     қолдауымен  Ұлттық  спорт түрлері  қарқынды  дамып  келеді. 2024  жылдың   8-14   қыркүйек аралығында  Астанада  V Дүниежүзілік       көшпенділер  ойыны   өте  жоғары  деңгейде   өткізілді.  Ел президентінің  жарлығымен 20  наурыз  Ұлттық спорт  күні  болып жарияланды.

Мен білетін ұлттық  спорттың  тарихы  осындай.   Менің  ұлттық  спорт  туралы  айтқандарым ұнады ма  Сізге, атақты Ақан  серінің  Құлагер дүлділі?!

-Ұнағанда   қандай,  жақсы  адам! Көп  мағлұмат  алып, көңілім  көкке  өрлеп  тұр.  Мені  құрмет  тұтып, қастерлеп сыйлайтын барлық жанға ыстық  ықыласым  мен сәлемімді жеткізіңіз. Қазақ елінде  енді  мұндай қастандық  жасалмасын!  Ел  жұртымыз аман-сау болып, бақытты заман тусын!  Ұлттың   Ұлы бірлігіне қол  жеткізіп, берекеміз асып, таси берсін!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: