7 Қараша 2018, 03:27
Саак Салумян Астана қаласының «Ван» армян этномәдени орталығының төрағасы.
С. Салумян біраз жылдар бойы әскери қызмет атқарған, қазір запастағы полковник. Көптеген наградалардың иегері. Армения диаспорасының ынтымақтастығына және армяндықты сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін С.Салумян Армения Республикасының Диаспора министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
— Саак Акопұлы, армян этномәдени орталығының құрылуы туралы айтып берсеңіз.
— Армян халқы әлемнің алпыс елінде өмір сүреді екен. Армяндардың Қазақстанға қоныс аударуы кеңес уақытында басталып, екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі бесжылдықтың маңызды құрылысына мамандарды бағыттауды орталықтандыруына байланысты. Екіншісі Армения, Грузия, Әзірбайжаннан және басқа да аймақтардан күштеп жер аударумен байланысады.
Армян «Ван» ұлттық мәдени орталығы әділет басқармасында алғашқы рет 2000 жылы тіркелді. Армян этносының белсенділері, «Ван» орталығының кеңес мүшелері өз жұмысын Қазақстан Республикасы халқының барлығын біріктіруге, армян тілін, тарихын, әдебиетін, сондай-ақ мәдениетін үйренуге жағдай жасауға, оны сақтап және дамытуға, өзінің тарихи Отанының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын насихаттауға бағыттайды.
Армян мәдени орталығының бірінші төрағасы болып Володя Меликян сайланды. 2016 жылдың маусым айынан бастап орталық төрағасы қызметін мен атқарып келемін.
Орталық мүшелері республикалық және қалалық іс-шараларға үнемі белсенді қатысып отырады.
— Мәдени орталықта шығармашылық ұжымдар бар ма?
— «Наири» армян балалар би ансамблі фестивальдер мен шығармашылық кештерде табысты өнер көрсетіп жүрген ұжым. Жетекшісі - Галина Кондратю.
Жалпы бізге қазір ежелгі және ортағасырлық армян музыкасының қандай болғанын елестету қиын. Алайда жанама сақталған құжаттар сол кезеңдегі музыканың бай ырғағы мен өзіндік әуені бар екенін байқатады. Заманауи армян музыкасы көп ғасырлық ұлттық музыкалық мәдениеттің тамырынан нәр алады. Біздің орталықтың өнерпаздары ұлттық өнерді қалыптастыруда зор еңбек етуде. Сонымен қатар дудук, зурна, тар және тағы басқа аспаптарда ойнайтын өнерпаздарымыз да бар екенін айта кету керек.
Бұқаралық іс-шараларда орталық мүшелері сәні мен салтанаты келіскен қойылымдар көрсетеді. Соның ішінде әрдайым көрермендер үшін «Кочари» биі үлкен әсер қалдырады.
«Кочари» сөзі «батыл адам» деген мағынаны білдіреді. Ол бастапқыда жауынгерлердің биі болған екен.
Биді орындаушылар бір-бірінің қолдарынан ұстап тұрады немесе қолдарын иықтарына қойып, шеңбер құрап билейді. Фигуралардың өзгеруі команда көсемінің белгісі бойынша жүзеге асырылады. Ол белгіні орамалмен немесе дауыспен білдіреді. Сонымен қатар алға және артқа ұмтылып, аяқты тыпырлатып бұрыла қозғалатын динамикалық секіру элементтері бар.
Бұл би армян ұлттық билерінің арасында ең танымалы болып саналады. Ол көптеген өнер туындыларында көрініс ретінде қолданылады. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі көрнекті армян композиторы Арам Хачатурянның «Спартак» балеті бар. «Кочари» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген.
Армян этномәдени орталығында тек ежелгі дәстүрді сақтап қалуды ғана қамқорлыққа алып қоймай, армяндардың өздерін заманауи қазақстандық қоғамда жайлы сезінуіне ықпал етеді. Ұлт мәдениеті мен ұлттық өзіндік ерекшелігі жаңғырып, Отанында бақытты өмір сүріп отырған ерекше этносты қалыптастырады.
— Этномәдени бірлестік жанында жексенбілік мектеп бар ма? Мектепке қанша бала барады?
— Иә, мәдениет орталығының жанында жексенбілік мектеп жұмыс істейді, онда армян халқының тілін, салт-дәстүрлерін үйрету сабақтары жүргізіледі. Мектепке педагог Айастан Мнеян басшылық етеді.
Онда жыл сайын жиырмадан аса бала білім алады.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.