С. Абдрахмановтың жолсапар очерктерінде саяси тақырыптың көрініс табуы

25 Қыркүйек 2017, 20:24 2444

Шынайылықты ту еткен очерктер

Орыстың ойшыл публицисі В.Шукшин: «Қазір бір әдемі сөз айтамын. Шебер шығармашы болғың келсе, қаламыңды шындыққа батырып ал. Басқа ештеңемен де адамдарды таңқалдыра алмайсың» - дейді өз сөзінде. Сауытбек Абдрахмановтың жолсапар очерктерін оқи отырып аңғаруға болатын көп дүниенің алғашқысы да осы шынайылық екенін баса айтқымыз келеді.

Барды бар деп айта отырып, қоғамның кемшіл тұсын да ашып жазып, бір мүддені көздеуге шақыру С.Абдрахмановтың әр шығармасынан көрініс табатұғын негізгі ерекшелігі деуге әбден болады. Бүгінгіні бүкпесіз жеткізу арқылы ертеңгі қазаққа таза тарих қалдыруды көздейтінін қаламгер, келешек ұрпақтың өткен қателіктерді көре отырып, ел мерейі үстем түскен ұлы сәттерден үлгі ала білуін басты мақсаты етіп қойғандай. Міне, сондықтан да биік өрелі журналистің әрбір мақаласынан мол ғибрат алуға болады.

Әсіресе даму жолындағы мемлекетіміздің әрбір саяси жаңа белесін назардан тыс қалдырмай, халқынан алғашқы болып сүйінші сұраған жазбалары ертеңгі күннің айшықты тарихы болары сөзсіз.

Егемендігімізді алған жылдан бері қарай есептегеннің өзінде автордың жолсапар очерктері сол кезеңнің негізгі саяси тыныс-тіршілігімен толық таныстырып шығады. Әсіресе соңғы бес жылда жазған очерктерінен еліміздің әлемдік саясатта алатын орыны және жаһандық жаңашылдықтарға қалыптасудағы даңғыл жолы жайында еркін білуге болады.

Белді журналистің «Егемен Қазақстан» газетіне 2010 жылдың 12 қаңтарында жарияланған очеркі Венадан жолданған болатын.

«Тағы бір жетістігіміз – биыл ЕҚЫҰ-ға төраға болатынымыз. Қазақ қай кезде осындай теңдікке жетіп, төрге шығып, бас ұстап еді? Тәубесінен жаңылмаған, барын бағалап, жақсысын жарқыратып көрсететін ұлттық рухымызға қарай мұндайда айтылар жүрекжарды сөз – қайырлы болсын! Барыс жылы қашанда қазаққа жаман болған емес. Ел іргесі берік болып, жарқыраған маңдайымыз ашылып, тіл-көзден аулақ болайық дейік» – елдің ерен перзенттерінің бірі Еркеғали Рахмадиев газетіміздің биылғы тұңғыш нөміріндегі жылдың жылы сөзінде осылай айтыпты. Әдемі айтқан. Міне, сол күнге де жеттік. Еуропаның төріне шығып, бас ұстайтын күнге жеттік.

Бұл – жасампаздық жұмысымыздың жаңа, жарқын жетістігі. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаттың салтанаты.

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Австрия Республикасына басталған сапарының басты іс-шарасы – еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына ресми кірісу рәсіміне қатысу. Бұл оқиға 14 қаңтарға белгіленген.

Біз Венаға Астанадан кеше түске таяу ұшып шыққанбыз. Екі арадағы 4 мыңға жуық шақырым қашықтықты алты сағаттан астам уақытта алған ұшақ Венаға жеткенше Еуропаның өзінде кеш батып, қас қарайып қалды. Келген күннің кешінде ЕҚЫҰ жанындағы еліміздің  Тұрақты өкілдігіне қатысты іс-шара ойластырылған екен. Онда Тұрақты өкіліміз Қайрат Әбдірахманов Қазақстан төрағалыының басталуына орай атқарылып жатқан шаралар туралы, басқа елдердегі әріптестерінің құттықтаулары жөнінде айтып берді. Соған орай бүгінгі әлқисса сипатындағы шағын мақалада ЕҚЫҰ-ға Іс ба-сындағы төрағалықтың орны жөнінде мағлұмат беруді жөн көрдік» – автордың «Төрағалық табалдырығында» атты кезекті мақаласы дәл осылай басталыпты.

Шын мәнінде еліміз үшін аса маңызды және зор қуанышқа бөлейтұғын үлкен оқиға бұл. ЕҚЫҰ адамзат тарихында  қаншалықты орын ала алатынын, біздің қандай ұйымға төрағалық етпегімізді жан-жақта зерделеп, оқырман назарына ұсынған. Сонымен қатар мұнда аталған ұйымның негізгі шарттары қазақ елінің егемендікке жетуінің алғышарттарына айналғаны туралы да жіктеліп жазылған: «...Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихы Хельсинкидегі Қорытынды актіге қол қойылған күннен – 1975 жылғы 1 тамыздан басталатыны белгілі. Бұл — шын мәнінде тарихи күн. Мына дүниенің жиырмасыншы ғасырдағы тарихының ең бетбұрысты даталарының бірі. Ол құжаттың әсіресе Кеңес Одағының тағдыры үшін төтенше маңызы болған еді. Хельсинкидегі 35 ел басшылары қол қойған шешімге қол қойыларда алға тартылған екі шарт бар-ды. Оның біріншісі – Еуропада қалыптасқан шекараларды мойындау. Бұл шартты КСРО қойған. Екіншісі – Кеңес Одағының адам құқын сақтау жөніндегі талаптарды орындауы. Бұл шартты Батыс елдері қойған. Екі шарт та қабыл алынған. Былай қарағанда, Хельсинкиде Кеңес Одағының ұпайы түгел шыққан сияқты еді. Хельсинки актісі арқылы Германия Демократиялық Республикасының құрылуы толық заңдастырылды, осы арқылы Калининград (бұрынғы Кенигсберг) облысы жерінің КСРО-ға қаратылуы заңдастырылды, осы арқылы Украинаның батыс бөлігіне қосып алынған территориялар  заңдастырылды, т.б. Бірақ біздің «сияқты еді» деп сөйлеуіміздің де мәні бар. Хельсинки актісі арқылы КСРО-да демократиялық үдерістер баяу болса да дами бастады. Оның аяғы «қайта құруға» соқтырды, «қайта құрудың» аяғы елді ыдыратуға алып келді. «Қайта құрудың» белорта тұсында екі Германия аман-есен қосылып тынды. Оның аяғында бүкіл социалистік жүйе тарап тынды. Сонда түптің түбінде кімнің ұтқанын, кімнің ұтылғанын өзіңіз-ақ көріп отырсыз. Бірақ КСРО-ның ұтылуы біздің ұтылуымыз деп кім айтыпты? Қайта сол арқылы біз ата-бабаларымыз аңсаған бақытқа қол жеткізген жоқпыз ба?».

Оқып отырғандарыңыздай осы сынды тарихи жағдайларды газет бетіне шымыр сөздермен, астарын айшықты түрде саралай отырып жазу қаламгердің өзіндік ерекшелігіне тән дүние. 

Еуропaдaғы қaуіпсіздік және ынтымaқтaстық ұйымының төрaғaсы биігіне көтерілген, 2010 жылы Ұйымның Сaммитін өз елімізде өткізуге қол жеткізіп, әлемге әйгілі мемлекетке aйнaлғaн Қaзaқстaнның хaлықaрaлық aренaдaғы aлaр орнын aйшықты aшып көрсететін кітaптa ресми сaпaрлaрдың жaй-жaпсaры бaяндaлып қaнa қоймaйды, сол елдер турaлы тaғылымды жaйлaр дa aйтылaды, тәуелсіздігіміз жөнінде ордaлы ойлaр ортaғa сaлынaды.

С.Aбдрaхмaнов Президенттің хaлықaрaлық қызметін жaн-жaқты, келістіріп көрсету aрқылы еліміздің ЕҚЫҰ төрaғaлығынa сaйлaнуы дa, 11 жыл бойы шaқырылмaй келген Ұйым Сaммитінің Қaзaқстaн төрaғaлығы тұсындa, Aстaнaдa өткізілуі де ең aлдымен Елбaсы еңбегінің жемісі екендігін дәлелдеп шыққaн.

Қaзaқстaн Президенті Нұрсұлтaн Нaзaрбaевтың 2001 жылы Шaнхaй ынтымaқтaстық ұйымының Сaммитінде көтерген мәселелері мен aйтқaн ұсыныстaры жинaқтың aлғaшқы беттерінен орын aлғaн. Елбaсының 2001 жылы AҚШ-қa сaпaрын, жоғaры деңгейде өткізген кездесулерін бірнеше тaқырыппен шыққaн мaқaлaлaрдaн оқуғa болaды. Мемлекет бaсшысы Н.Нaзaрбaевтың 2002 жылы Оңтүстік Aфрикa Республикaсындa, Йохaннесбургте өткен Тұрaқты дaму жөніндегі бүкіләлемдік сaммитте сөз сөйлеп, жaһaндық мәселені көтергенін «Тұрaқты дaму aдaмзaттың aмaн қaлу aмaлы», «Жaһaндық жaнaйқaй» aтты мaқaлaлaрдaн оқып білеміз.

Елбaсының 2003 жылы Швейцaрияғa, Итaлияғa, Вaтикaн, Ресей елдеріне жaсaғaн ресми сaпaрынaн жaзылғaн мaқaлaлaр мемлекеттік мәселелердің тaлқылaнуынaн, ортaқ шешімге келудегі сaясaткерліктің шеберлігінен сыр шертеді. Сондaй-aқ Мемлекет бaсшысының 2007 жылғы AҚШ-қa, Брaзилияғa, Түркияғa ресми сaпaры, сол елдердің бaсшылaрымен өткен мaңызды кездесулерде көтерілген мәселелер жеке тaқырыптaр бойыншa көрініс тaпқaн. Елбaсының Біріккен Ұлттaр Ұйымы Бaс Aссaмблеясының 62-сессиясындa сөз сөйлеп, әлем қaуіпсіздігі, бейбітшілік турaлы aйтқaн ойлaрын оқырмaнғa жеткізген. Және де Қaзaқстaн Президенті Нұрсұлтaн Нaзaрбaевтың 2009-2010 жылдaры Жaпония, Корея Республикaсы және AҚШ-қa бaрғaн сaпaрлaры жaн-жaқты бaяндaлғaн. 2010 жылы 14 сәуір күні Вaшингтондa өткен Ядролық қaуіпсіздік жөніндегі жaһaндық сaммиттің бірінші сессиясындa ҚР Президенті Нұрсұлтaн Нaзaрбaев сөз сөйледі. Елбaсы Қaзaқстaн тәжірибесін aйтa отырып, aлпaуыт елдердің бaсшылaрын ядролық қaрудaн бaс тaртуғa шaқырды.

Кітaптa ҚР Пaрлaменті Сенaтының Төрaғaсы Қaсым-Жомaрт Тоқaев бaстaғaн пaрлaментшілердің 2008 жылы Қытaйғa бaрғaн сaпaры «Ұлы елдің ұлaғaты» деген тaқырыптa берілген. Сондaй-aқ Қ.Тоқaевтың Aвстрия, Грекия мемлекеттеріне бaрғaн іссaпaрлaрынaн жaзылғaн мaқaлaлaр сaяси мәні тереңдігімен ерекшеленеді

Осы жинaқтa ҚР Пaрлaменті Мәжілісінің Төрaғaсы Орaл Мұхaмеджaнов бaстaғaн пaрлaменттік делегaцияның Венгрия, Ұлыбритaния aстaнaлaрындa болғaн сaпaрлaры, пaрлaментaрaлық бaйлaныстың дaмуы жaйлы жaзылғaн мaқaлaлaрғa орын берілген.

Және бірқaтaр мaқaлaлaрдa соңғы екі-үш жылдa ҚР Мемлекеттік хaтшысы – Сыртқы істер министрі Қaнaт Сaудaбaевтың Норвегия, Испaния, AҚШ, Aуғaнстaн, Aвстрия елдеріне жaсaғaн сaпaрлaры, жүздесулерде қозғaлғaн ғaлaмдық мәселелер қaмтылғaн.

Aвтордың қоғaм қaйрaткері, Хaлық жaзушысы Әбіш Кекілбaйұлымен 2002 жылы Түркия сaпaрынaн кейін жүргізген сұхбaты бaуырлaс елдердің бір-біріне деген ыстық қaрым-қaтынaсы, сaяси-экономикaлық және мәдени бaйлaныстaрының жедел дaмуы турaлы ойлaрды қaмтығaн. 2003 жылы Нұртaй Әбіқaевпен болғaн сұхбaттa көршілес жaтқaн Қaзaқстaн мен Ресей мемлекеттерінің достық, мәдени-рухaни бaйлaныстaры сөз болaды.

Жинaқтa әр жылдaры бірқaтaр мемлекеттердің бaсшылaрымен жүргізілген сұхбaттaрдa орын aлғaн. Соның ішінде Тәжікстaн Республикaсының Президенті Эмомaли Рaхмоновпен, Aрaб Республикaсының Президенті Мохaммед Хосни Мүбәрaкпен, Грузияның бұрынғы Президенті Эдуaрд Шевaрднaдземен болғaн сұхбaттaр сaяси сaлмaғымен ерекшеленеді. Тaнымaл сaясaткерлер өз мемлекетеріндегі және әлемдегі жaғдaй турaлы ойлaрымен және ел бaсқaрудaғы өзіндік ұстaнымдaрымен бөліскен.

Сондай-ақ белгілі публицист өз мақаласында автордың саяси журналистиканы қалыптастырудағы ерекшеліктеріне де тоқталып өтеді: «Оның мемлекеттік басылым жұмысын ұтымды ұйымдастырушылығымен қатар, заманауи қазақ саяси журналистикасы қалыптасуының бастауында тұрғанын да айтатын кез келген тәрізді. Осы саланың ізашары екенін дәлелдеген адам екені ақиқат. Өйткені саясатты Сәукең секілді жүйелі, Сәукең секілді тұрақты, Сәукең секілді қаузап жүрген журналист жоқ екеніне бәс тіге аламын. Оған қоса сыртқы саясатты салқынқандылықпен жазудың үлгісін орнықтырған да осы Сәукең. Қазақта «беренсөз» деген ұғым бар. Өте дәл, орнымен орнықты қолданылған сөздің мағынасын білдіреді. Мұндай сөзге жылтырлық жат. Қорғасыннан құйылғандай, айналасы жұмыр келеді. Сауыт киіп алған сөз дерсің. Өзгертуге келмейді. Мәтінде самсап тұрған сөздердің қатарын бұзу мүмкін емес. Қысқартуға жатпайды. Әлемдік әдебиетте осындай сөздің иесі Эрнест Хемингуэй болғанын білуші едік. Ал қазақтың қазіргі саяси журналистикасында беренсөздің бірегей бегі деп айтуға қазақтың Сауытбегі лайық. Себебі саяси сөз табиғатын тереңнен түсінетін Сәукеңнің жазғандары кең тынысты аналитикалық ойлау мен академиялық білім деңгейін анық аңғартады. Дарын, білім және тәжірибе астасуынан туған дүниенің кетігі болуы мүмкін де емес-ау! Сондықтан да беренсөздің көшбасшысы Сауытбек Абдрахманов деуге толық негіз бар. Бүгінгі орны да, кісілік келбеті де осындай ойға жетелейді. Әттең, осы ойларымызды оның дүниелері арқылы сараптауды қай газеттің де беті көтермейтіні қиын. Бұл – біріншіден. Екіншіден, талдауға құрылған талай мақаланы талдап жатудың өзі ұят. Тамаша туындыларды талдамау керек, тамсанып оқу керек».

Осы орайда, қаламгердің басы артық талдауды қажет етпейтін, шоқтығы биік  очертерінің тағы бір ерекше үлгісі ретінде «Ол елдің аты – Қазақстан, ол ердің аты – Нұрсұлтан» тақырыбындағы саяси мақаласын айтуға болады. Қазақ елінің әлемдік саясат сахнасы төрінен алған орны мен көрінген биігі турасында сүйіншілеп жазған бұл очеркінде автор ақпарат беруден бөлек, бірқатар мақсаттарды алға тартады. Атап айтар болсақ, өткен тарихымызды саралай отырып, бүгінгі жұртшылықты айрықша жігерлендірумен қатар, әр қазаққа ерекше рух беруді көздейді:

«Вашингтондағы саммит. Қорытынды шығарылар шақ. Саммитке қатысушылардың естелік суретке түсетін сәті. Міне, ел басшылары бірінен кейін бірі келіп жатыр. Үш қатарлы табалдырыққа бірінен кейін бірі көтеріліп жатыр. Жоғарғы қатар толды. Елбасымыз көрінбейді. Ортаңғы қатар толды. Елбасымыз көрінбейді. «Аңшының кешіккеніне сүйін» дегендей күйдеміз. Онда Президентімізге тиген орын бірінші қатардан болғаны. Дұрыс қой, ядролық қарудан әлемде алғаш бас тартқан, тажал полигонын тарихта тұңғыш рет жапқан елдің басшысына дәл осындай саммитте орынның бірінші қатардан берілуі жөн-ақ қой, дейміз ішімізден. Ал мемлекеттер басшылары хаттама бойынша белгіленген орындарына толық жайғасып болған кездегі көргеніміз күткендегімізден де асып түсті.

Нұрсұлтан Назарбаевқа орын бірінші қатардан ғана емес, қатардың қақ ортасынан, саммит өткізген елдің басшысы Барак Обаманың дәл жанынан, оң жағынан тиген екен. Әлемдегі ең қуатты ел басшысының Қазақстан Президентіне ерекше ықыласын біз бүгін газеттің бірінші бетіне жариялаған суреттен өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ал мына суретті, жөн-жосығы, жолы жөнінен бірінші бетке орналастырылуға тиісті болса да, көлемін барынша үлкейтіп беру, сөйтіп сол сәттің еліміз шежіресінен ойып тұрып алар орнын айшықтай түсу үшін біз жедеғабыл жазып жатқан мына мақаламен қоса жеке жариялауға бекіндік.

Есімізде сақтайық: бұл оқиға 2010 жылы 14 сәуірде, Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит кезінде болды. Есте ұстайық: бұл күн – Қазақ елінің арғы-бергі тарихындағы ең керемет күндердің бірі, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлем көшбасшылары жиынының дәл алдында, қақ ортасында тұрған сол сәті – қазақтың қазақ болғалы көрген құрмет-қошеметінің ең үлкені, мемлекетіміз шежіресіндегі ең шұғылалы шақтардың бірі.

...Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адамдар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жанталасты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жат жұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолымен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан».

Жоғарыда берілген мақала қазақ оқырманына ерекше әсер етпей қоймайды. Мұнда автордың оқиғаның тамырын тереңінен қозғай жеткізгенін бірден байқауға болады. Сонымен бірге, мақаладағы әрбір деректі талдай отырып, жұртшылыққа тікелей әсер етудің әдістерін жетік меңгергендігін дәлелдеп отыр.

Бұл тұрғыда филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика саласына мол еңбегі сіңген ғалым Намазалы Омашұлы қаламгер жайлы орынды толғаныстар мен тұщымды пікір білдіре отырып, оның шығармашылығына жүйелі талдау жасаған:

«Сауытбек Абдрахмановтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала, сұхбат, жолсапар очерктері – ұлттық саяси журналистиканың үздік үлгілері. Әр кез мемлекеттің даму болашағына ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Терең саяси сараптамалар мен көрегенді болжаулар айтады. Сауытбек қаламы арқылы Қазақстан көзімен қарағандағы әлемдік ірі державалар мен тұлғалардың бейнесі көз алдыңа келеді. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан саяси бейнесін бір-ақ ауыз сөзге ұтымды сыйдырады. Мәселен, «Уақытты ғасырлап өлшеуге үйренген, асығып-аптығу дегенді білмейтін қытайлықтар», «Америка – ХХ ғасыр феномен», болмаса Швейцария туралы «Өзінің өмір сүру қалпы әлемдегі қағидалардың талайын теріске шығаратын ел», «...талай тұста өз бетінше саясат жүргізуді жақтай беретін Өзбекстан Республикасы», т.б. Ал Жапонияның ұлттық ерекшеліктерін мынадай жеңіл әзілмен ғана жеткізеді: «Бір жапон алақанын жұмып тұрып, орысқа: «Тапшы, менің қолымда не бар?» – дейді. Жапондардың таппайтыны болмайтынын білетін орыс қайдан шықса одан шықсынға басып: «Телевизор», – дейді. Сонда әлгі жапон: «Қанша  телевизор?» депті».

Сауытбектің саяси мәселелерге жетіктігі соншалықты, әлемдік дәрежедегі оқиғалардың қай бағытта өрбитінін алдын ала болжауға, ол туралы пікір айтуға қабілетті.

Оның «Қашаған құрықтаған Қазақстан» кітабынан енгізілген жолсапар очерктері мен сұхбаттары – Қазақстанның әлі тарих болып жазыла қоймаған жаңа парақтары. Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы айна-қатесіз бет-бейнесін осы жазбалардан оқуға, тереңіне бойлауға болады. Ол ұлт тағдыры мен болашағын айқындайтын шешуші сәттерде ойын бүркемелеп қалған кезі жоқ. Мәселен, Қытай елінен жазған «Әріптестік әлеуеті» атты жолсапар очеркінде былай дейді: «Кеше бәрімізді толғантатын тағы бір мәселенің қозғалғанын айрықша атап айтқымыз бар. Ол – су мәселесі. Қытайдың батыс өңіріндегі индустриялық даму қарқыны Ертіс пен Іле суларын бұрынғыдан көбірек пайдалануға алып келетіні түсінікті жай. Нұрсұлтан Назарбаев осы бір шетін мәселені де қағидатты түрде қозғау қажет деп тапты. Атап айтқанда, Ертіс пен Іленің бас жағындағы судың сапасын бақылау тетіктері қарастырылатын болып келісілді. Алдағы кезде су бөлу мәселесі де қозғалса керек. Қытай жағының бұрып алатын суының ауқымы екіжақты келісімдерде көзделген мөлшерден аспағанын қалаймыз, әрине. Бұл істе біздегі тиісті орындардан үлкен біліктілік, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын мемлекетшіл сана талап етіледі. Солай болса жақсы. Ағайын ішіндей Өзбекстанмен, Қырғызстанмен арадағы судың мәселесін дұрыстап бере алмай жүрген Су ресурстары комитетінің басшылығы еліміздің ертеңіне, жеріміздің тағдырына қатысты осындай аса маңызды істі ұпайымыз кетпейтіндей етіп шеше алса жарады». Ал ұлттық байлығымыз Қашаған кен орны туралы: «Қашаған – әлемде соңғы ширек ғасырда ашылған кен орындарының ең үлкені. Ондағы мұнай қорын мамандар 7 миллиард тоннаға бағалап отыр. Осындайда мынандай ой келеді. Кеңестік кезеңдегі жетпіс жылда дәл мұндай кен орндарының ашылмауында, ашыла қалғандарының игерілмеуінде Жаратқанның әділдігі жатқан сияқты. Бұл жердің шын иесі келеді, өздері игеріп алады бұл байлықты, игілігін өздері көреді дегендей көрінеді де тұрады. Сол күн келді енді. Қалғаны тек өзімізге байланысты. «Қашаған құрықтаған Қазақстан» дегенде біз асау арғымақты ауыздықтағанымызды, ер-тұрманын түгендегенімізді, атқа қонғанымызды ғана айтамыз. Тұлпардың мықты тақымды қажет ететінін ұмытпауымыз керек. Сар желіс дегеніміз де шауып кету емес қой әлі.

Бір қарағанда саясат мәселесін салқынқанды баяндап отырғандай ғана көрінеді, ал түп мәніне үңілсек, ел болашағына, тәуелсіздігіміздің баяндылығына қатысты өте өзекті мәселелерді қозғап отыр. Бұл жерден Сауытбек Абдрахмановтың азаматтығы, ұлтжандылығы көрінеді. Осы сапарға бірге барған басқа ұлттың журналистері бұл мәселені дәл осылай жеткізе алуы екіталай. Оның бұдан басқа да мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, ұлтты ұйыстыруға бағытталған мақалалары бір төбе.

Біз әлі Сауытбек Абдрахмановтың жазғандарын анықтап, жіліктеп, әділ бағасын бере қойған жоқ сияқтымыз. Оның жазу стилінде, адами мінезінде өзіне тән, өзгеде қайталанбайтын құбылыс бар. Ол – танымдық дүниеге, өмірді білуге көбірек құлшынатын қаламгер. Сондықтан да оның жазғандары әдебиеттен ғылыми диссертация қорғағанда, журналистикалық сапарларда, саясаткерлердің ішінде жүргенде кез келген азаматқа керек, соны қызықтыратын дүниелерді түйіп оқырманына жеткізуімен ерекшеленеді. Сөзіміз жалаң болмау үшін бір-екі мысал келтірейік: «Швейцарияның бір ерекшелігі – ел басшыларының сыртқа сирек шығатыны, өзге елдер басшыларын сирек қабылдайтыны. Мұнда қалыптасқан дәстүр бойынша, жыл ішінде екі, әрі кетсе үш елдің басшысы ғана Швейцарияға ресми сапармен келе алады. Әлем дипломатиясының жан жүрегі саналатын Женева сынды қаласы бар бұл елге байланысты дипломатиялық мәселелердің қиындықпен шешілетіні де сондықтан». Немесе: «Қытайдағы өлшемдердің бәрі де біздегіден сан есе артық боларын әркім-ақ біледі. Сонда да Қытай парламентіндегі депутаттардың саны дәл осылай деп болжай қоймаппыз – ел заңдарын талқылау, қабылдаумен мұнда 2889 адам айналысады екен».

Қатарынан озып туған азаматқа әріптестері ғалым, аудармашы, заманның арғы-бергі көшіне көз жібере алатын көрнекті көсемсөзші, сарабдал саясатшы деп баға береді.

Елбасымызбен бірге шетелдерге барған сапарларында жазған жолсапарлары – өз алдына бір төбе. Олары әдеттегідей жол-жөнекей есеп емес, тұтас бір көркем туынды тәрізді. Ол жазбалардан барған елдің кешегісі мен  бүгінгісі, ертеңге ұстанған бағдары барынша айқын көрініп, екі ел басшыларының болашақты толғаған ілтипатқа толы ықыласты әңгімелері әсем баяндалады. Мәселен, кезінде мафия ұясы атанған қалада ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының күзгі мәжілісі өткендігі жайында жазылған мақаланы оқу барысында, қаламгердің мол зеректілігі мен жан-жақтылығы және өлшеусіз ізденімпаздығына қайран қаласың.

Шын мәнінде, қай тақырыпта қалам тербесе де, қай ел жайында ой қозғаса да барынша мәлімет жинап, толыққанды меңгеруге талпыныс жасайтындығын журналистің әр туындысынан аңғаруға болады.

Қаламгердің саяси бағыттағы жолсапар очерктері жайында белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев:

«Төселген қаламгер сыртқы саясат тақырыбын жетік меңгергені байқалады. Ол халықаралық ұйымдардың құрылымын, олардың негізгі міндеттерін жап-жақсы айыра алады, әрқайсысының өздеріне тән функцияларын білгірлікпен суреттейді.

Сыртқы саясат ішкі саясаттың жалғасы, екеуі өзара тығыз байланысты біртұтас дүние. Екеуінің де көздеген мақсаты біреу: елінің прогреске жетуін қамтамасыз ету, халқының жасампаз еңбегі арқылы игілік молшылығын жасау, ол үшін ел мен елді жақындастыру, ымыраластыру, өзара сенімге құрылған тиімді қарым-қатынас орнату, сауда-саттықты дамыту, айырбас жасау, құндылықтармен алмасу, озық істерден үйрену, рухани баю, саяси тұрғыдан кемелдену, әлеуметтік жағынан беки түсу, әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікті сақтауға қызмет ету. Осы арқылы өз еліңе, халқыңа қызмет ету – үлкен мәртебе. Бұл – саясаттың басты мұраты» деген  пікір білдіреді. Расымен, Сауытбек Абдрахмановты Елбасының ерен еңбегін, салиқалы сарабдал іскерлігін, мәмілегерлік, бітімгерлік, кісіні өзіне баурап аларлық тылсым күшін, харизматикалық ықпа­лын халықаралық сапарлар кезінде кездесулерін, келісім жүргізулерін, әңгіме-дүкен құруларын нақты фактілер мен оқиғалар желісі арқылы оқушының көз алдына келтіреді.

Сауытбек ағамыздың ізін басқан іні-әріптесі Бауыржан Омаров публицистің саяси арнадағы мақалаларды жазу шеберілігі жайында былай дейді: «Сауытбек Абдрахманов бір мақала жазу үшін бірнеше кітап оқиды. Интернеттің иірімінен дамылсыз дерек суыртпақтайды. Тапқанын салмақтап-саралайды, іріктеп-сұрыптайды. Мысалы, Палестина туралы мақаласын жазуға әзірленді делік. Алдымен өзі жақсы білетін, бірақ тағы бір көз жүгірткеннің артықтығы болмайтын ең қарапайым ұғымдарды тиянақтап шығады. Үйіндегі бай кітапханадан 30 томдық «Большая Советская Энциклопедияға» жүгінеді. Палестина, Израиль, Иерусалим туралы мақалаларды шолып өтеді. Дауласушылардың қайсысы қай ғасырларда алдымен жеткенін, кімде тарихи құқық көбірек екенін бағамдайды. Сосын интернеттен мол мәлімет жинайды. Одан кейін сыртқа істер министрлігінен алған, басқаның қолына түспейтін бағалы деректерге зер салады. Қазақстанның халықаралық мәселелерге байланысты ұстанымына көз жеткізеді. Ол аз десеңіз, АҚШ-қа бір барғанда ала келген Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі кітапты парақтайды. Әрқайсысынан бір ғана дерек алуы мүмкін. Есесіне, оқыса да, пайдаланылмаған дүниесі осы жарияланымның мазмұнына әсер етіп тұруы әбден мүмкін. Мұхитта жүзген мұзтаудың су астындағы алып бөлігі сияқты... Әр мақаласын осылай жазады.

Орталық Комитетте сектор меңгерушісі кезім еді. Бірде үйге үлкен кісілер қонаққа келді. Қалағаң бар (Қалтай Мұхамеджанов), Әбекең бар (Әбіш Кекілбаев), Имекең бар (Иманғали Тасмағамбетов). Жақсы отырдық. Ағаларым ағал-тегіл ақтарылып, әңгіме айтты. Тіпті қимай қоштасқандай болған кештен кейін көңілім көтеріліп, қазақша айтқанда, тілімнен қағынап, «Апа, қазақтың игі жақсылары дастарқаныңызда отырды, балаңыз ЦК-да отыр, балаңызды мақтап жатыр, қалай, ризасыз ба?» деп қалғаным. Тегі, ішке түскеннің де сәл әсері бар шығар. Сонда апам «Шырағым-ай, не айтайын, менің сенен күткенімнің оннан бірін де жасаған жоқсың ғой әлі» дегені. Мойынымнан суық су құйып жібергендей болды» [1.103-104б].

Бүгінде қаламгер анасының үкілі үміті толығымен орындалды деуге болады.

Әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 ел бар болса, соның елу екісіне қаламгердің табаны тиіпті. Бірқатарының топырағын талай рет басқан. Мәселен, Италияда – бес рет, Францияда – бес рет, Австрияда – алты рет, Америкада – алты рет, Жапонияда – төрт рет болды. Осылардың ішінде ең қатты ұнаған елі – Испания екен. Бүгінде төрткүл дүниенің төрттен бірін шарлап шыққан бас журналисіміз қазақ баспасөзінің нағыз баһадүріне айналып отыр.

«Публицистика (лат. Рublіеus – қоғамдық) – өмірдің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік, ғылыми және басқа да рухани құбылыстарын, өмір фактілерін өзіне арқау ететін жанр. Публицистикаға қандай шығарма болса да, ол қандай жанрда жазылса да адамның еңбегі, оның еңбек көрсеткіштері, адамдар арасындағы қарым-қатынастар арқау болып отырады».

«Қоғамдық пікір мен көзқарас қалыптастыруға ықпал етуімен қатар, публицистиканың қоғам өмірінде маңызды саяси және идеологиялық рөлі бар, ол идеологиялық күрес қаруы, қоғамдық тәрбие құралы болып саналады».

Бұл анықтамаларға қайта айналып отырған себебіміз, Сауытбек Абдрахмановтың саясат тақырыбында жазған дүниелері публицистиканың шарттарына сәйкес келетіндігін дәлелдеу және жанрлық тұрғыда бірнеше топқа бөлінгенімен, көздеген мақсаттарының бір арнада тоғысатындығына көңіл аудару. Соңғы кездерде журналист бір ғана сала бойынша маманданып, сол тақырыптың төңірегінде кез келген мәселені жазуға дайын болуы керек деген тұжырымдар жасалынуда. Бір қарағанда дұрыс болып көрінгенімен, мұны журналист еңбегіне шектеу қою деп бағалауға болады. Қалай дегенде де жан-жақтылық, білім мен таным көкжиегінің кеңдігі баспасөз мамандарының темірқазығы болуы шарт. Осы орайда республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті, қазіргі «Егемен Қазақстан» басылымының редакциясы талапты, талантты жастарды тәрбиелеуде зор міндет атқарып келе жатқанын айта кету керек. Салиқалы, салмақты журналистиканың биік мінберін қалыптастырған газеттің ұжымындағы кейінгі буынға жол сілтей алатын, бағыт-бағдар көрсете алатын алтын арқаудай өнегесі мол ағалардан үйренер үлгі, алар тәлім көп.

Сауытбек Абдрахмановтың қызмет жолы, араласқан ортасы, оның тыңдары мен көрерінің тағылымдылықпен үндесіп жатуы қандай мәселе болмасын орайын тауып, дөңгелетіп әкетуіне септігін тигізгені жасырын емес. Қаламгер 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Бұрынғы Келес ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп шыққан соң, 1970-1975 жылдарда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқиды. Университетті бітірген жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа шақырылады. Осы жерде жұмыс істеген он екі жыл ішінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакциялық алқаның мүшесі қызметтерін атқарды. Одан кейінгі кезеңдерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің, Министрлер Кабинетінің аппараттарында референт, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал 1997-2000 жылдары «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды. 2000 жылдың желтоқсанында республика үкіметі «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамын құру жөнінде шешім қабылдады да, қоғамның президенті болып Сауытбек Абдрахманов тағайындалды. 2003-2004 жылдарда Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі қызметін атқарды. 2004 жылдың 14 шілдесінен бастап – «Егемен Қазақстан» ашық акционерлік қоғамның президенті. Осындай белестерді басып өткен журналистің саясатқа қалам тартпауы мүмкін емес те болатын.

«Көсемсөз күнделікті мәселе жайын сөйлейтін сөз болғандықтан, күндегі шығып тұрған газет-журнал жүзінде шығады. Көсемсөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсемсөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам болуы керек».

Саясат – күрделі тақырып. Өйткені, оның араласпайтын ортасы жоқ. Әр адамның, ұжымның, мемлекеттің саясаты бар. Жүргізіліп отырған саясаттың бұлтарыс-қалтарысы көп болатынын, саяси жағдайдың қиындықсыз дұрысталмайтынын көпшілік түсіне бермейді, саяси ойындардан қорқады. Бұл, әсіресе, коммунизмнің елесіне алданып қалған буынға тән. Халықты алдау қандай қиын болса, сөзге сендіру соншалықты оңай. Айыз қандыратын сөз естісе, жарты өші қайтқандай марқаятын жұртшылықтың қиынды одан ары қиындатып, қызыл сөздің майын тамызып, біреуді шеберлікпен даттағанның, аяныш сезімін тудырғанның ығына жығыла салатыны да өтірік емес. Елдің еңсесінің тіктелуіне, экономикалық, әлеуметтік, басқа да салалардың дамуына, өркениетті елдермен тереземіздің теңесуіне себеп болған біздегі саясаттың күші. Ал елде оң пікір, дұрыс көзқарастың қалыптасуына ұйытқы болатындар журналистер қауымы екені даусыз.

Журналистің де журналисі бар. Әйтеуір газет бетін толтыруды көздейтіндердің мақаласын ешкім оқымайды. Оның тақырыбынан-ақ шалағайлық, шикілік байқалып тұрады. Сондықтан, журналистің аяқ астынан, оң мен солын танып, барлап алмай қаламға қол жүгіртуінің нәтижесі жемісті болмасы анық.

Сауытбек Абдрахманов елдегі саяси жағдайды сырттай бақылап, ой елегі, көңіл таразысынан өткізіп, саясат хақындағы мәселелерді зерделілікпен сараптап отырады. Оған асығыстықпен ағат пікір айту тіптен жат. Абайдың он тоғызыншы қара сөзінде былай делінеді: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп-білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде жайқақтап, шалғырттанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерін қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұщынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?». Жастайынан естілердің сөзін естіп өскен, тағылымын алған Сауытбек «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» газеттің ел алдындағы беделінің түспеуіне өз тарапынан үлкен үлесін қосты. Тәуелсіздігіміздің қабырғасының сөгілмеуі үшін ел бірлігі, ұлттығымыздың беріктігі керек. Жалған дақпырт емес, елге кесімді сөз, сенімді тоқтам қажет. Осы жолда жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің арқалаған жүгі жеңіл емес. Қаңқу сөз ешкімге нәпақа болмайды. Сауытбек Абдрахманов салмағы аз бос сөзге, әр жерден жылт етіп көрінуге құштар емес. Оның он бес-жиырма жолдан құралған «өтті-кетті» жарияланымдары жоқ. Ойып тұрып сөз айтуды мақсат тұтқан жанның мұнысын көпсөзділік деуге келмейді.

Бір мақаласында Асқар Сүлейменов: «Сөз бар да, ой бар. Сылдырмақ сөзді саудыратып тізіп шығу өнер емес. Болғанның өзінде – арзаны. Ондай өнер, бар ақыл-парасаты ұрттан қайтатын, көтерем шешендіктің шеміршегін қаузап жүрген сөзуардың талшығы. Кейде шығарма аталып, кейде ғылым, ғылыми-көркем монография аталып, қағазға түскенмен, түптеліп шыққанмен, сөзуардың қарекеті – сөзмердің әрекеті емес. Толстойдың айтуында, бас пен тәнді сапы бөлгенде, мойыннан қырмызы болғанмен, қою қан ағады, ал қордалы жердің гүлінің бояуы қанық боларын, жапырақ-желегінің ылғалға бөртіп тұрарын бәріміз білеміз», – деп жазыпты.

Мұны айтқанда, Сауытбек Абдрахмановты үлгі етуге әбден болады. Әрі саясат пен бір қазықтың маңайынан қорек табатын қызыл сөздің ауылы тіптен алыс. Бұл дегеніміз, оқырманды жалықтырып жіберетін шартпа-шұрт тіркестер, ұрандар, саяси терминдер емес. Автордың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасына ресми сапары жөнінде жазған жолсапар очеркі арқылы мысал келтіре аламыз.

«Анекдоттың да айтары бар. Бәрі бірдей бос қылжақ емес. «Наркоман мен дипломаттың ұқсастығы неде?» делінеді бір анекдотта. Жауабының түрі мынандай: «Олардың біреуі венаға түсуге тырысады, екіншісі Венаға баруға тырысады»… Бұл арада алғашқы вена – күретамыр екені, инені күретамырға дәл салу керектігі белгілі. Екінші Вена Австрия астанасы екені де белгілі. Ал дипломаттар ол жерге баруға неге тырысады? Өйткені, Вена ғажайып сәулетті қала екенін айтпағанда, әлемдік мәдениет орталықтарының бірі екенін айтпағанда, табиғаты да, климаты да жанға жайлы мекен екенін айтпағанда, Еуропаның саяси астанасы ретінде де қастерлі қала. Венадан кәсібиліктің үлкен мектебінен өте¬тінін дипломаттар жақсы түсінеді. Қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі өңірлік ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы осында орналасқан соң Венаны Еуропаның саяси астанасы демегенде не дейміз? Бұл ұйым бүгінде Еуропада, Солтүстік Америкада, Орталық Азияда миллиардтан астам адам өмір сүріп жатқан 56 мемлекеттің басын қосып отырғанын өзіңіз жақсы білесіз. Венаның, ол арқылы бүкіл Австрияның біз үшін орны тіпті бөлекше. Бөлекше болатыны – біз тәуелсіздік тарихындағы ең тамаша табысымызға осы елдің астанасы арқылы қол жеткіздік. Қазақстан Республикасы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты сол қалада атқарды. Сол қаланың қақ ортасындағы Хофбург сарайында кәрі құрлықтың күрделі саяси мәселелеріне төраға ел ретінде төрелік айтты. «Би болмасаң да би түсетін үй бол» дейтін қазақ едік, тәуелсіздік алып үй де болдық, бірте-бірте би түсетін үй де болдық, ақыр аяғында би де болдық. Соның бәрі осы Венадағы ЕҚЫҰ Штаб-пәтерінде өтті».

Мақала осылай басталады. Оқушының назарын бірден аударады. Қаламгердің жеке жазу стилінің, көркемдік пен нақтылықты шебер қиюластыра білу шеберлігінің көрінісі десе болады. Орынды әзіл мен салыстыру құралдарын пайдаланған автор ары қарай әр сөзінде дәйектеме көрсетіп, 1991 жылдағы сұрапыл саяси сергелдеңнің тоңын жібітіп, бізге түсінікті тілде тігісін жатық қылып жеткізеді. Мақала көлемді. Үлкен саяси проблема көтерілген. Бірақ, қолапайсыз, сыртқары тұрған бір деталі жоқ. Көп жағдайы түсініксіз болып көрінетін саясат жайында кез келген адам оқи бермейді. Десек те, Сауытбек Абдрахмановтың публицистикасы, дәлірек айтсақ, саясат тақырыбындағы мақалалары, керісінше, оқырманды баурап алады. Аталған мақаланы оқып отырып көп нәрсеге қанығасың.

Бөлісу: