Сөзден қадір кетпесін

17 Маусым 2022, 15:48 3234

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің көпшілікке әйгілі «Авгийдің атқорасынан бастайық» мақаласында: «Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтана, молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді. Ана тілі қорлана береді, ажарлана береді. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойында жасала да береді, жасара береді. Тіл диалектикасы – жасаған сайын жасара беруінде. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің өміршең мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біріне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс» дейтін жолдар бар еді ғой. Ендеше Ғабең алаңдаған тілдің жай-күйі бүгін толық түзелді ме? Түзелмесе оның себебі не? Бұл сұрақтардың жауабын осы сала маманы, Сүлеймен Демирель атындағы университеттің ұстазы Баян Керімбекова ханымнан сұрап білген едік... Баян Керімбекова да сұхбат барысында Ғабең айтқан тіл тазалығы мәселесін мысалға келтіре отырып, жан-жақты талдап берді.

– Филолог-ғалымсыз, осы саланың маманысыз, бүгінгі сөз бен әңгімеде калька, паразит сөздердің молаюы мәселесінің себебі не деп ойлайсыз?

– Сәлеметсіз бе! Өте өзекті, бізді де толғандырып жүрген мәселені көтеріп отырсыз.

Ең алдымен, бүгінгі тілдік қолданыстағы кальканың көбеюіне келер болсақ, бұл негізінен орысша ойлап, орыс тілінде қалай жазылса, соны айнытпай өзімізге көшіріп алудан шыққан мәселе деп ойлаймын. Ал неге бұлай жасап отырмыз деген сөздің түп тамырына үңілсек, мұнда орысша айтқанда «комплекс не полноценности», қазақша айтқанда «кембағалдық», ұлт ретінде өзімізді төмен санау немесе бағаламау ұстанымы бар. Біз әлі де   Кеңес Одағы кезеңінен қалған «Ұлы ұлт» не айтса да дұрыс айтады, ғылым да, білім де соларда деген түсініктен арылған жоқпыз. Мәскеу ғылыми мектебі – біз үшін ақиқат. Не жазса та, алдымен солар не деді екен деп қараймыз. Солардан алғанымыз ғана сіңімді әрі сенімді болатындай көрінеді. Осындай себептерден де аударма жасауда өзімізде бар ұғымды алудың орнына орыс тілінен тікелей калька жасай саламыз. Ауызекі сөйлеуіміз былай тұрсын, ғылым тілі де калькадан көз ашпай тұр.

Ал паразит сөздердің қолданыс аясы кеңуінде бәріміздің «үлесіміз» бар. Отбасы, мектеп, орта – баланың тілдік санасының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлар. Үйінде анасы «тема екен», «жынды жарасады екен» деп отырған бала қайдан сауатты сөйлейді? Мектепте паразит сөздерді қосып сөйлеу сәнді болып есептеледі. Жастарымыздың үлгі тұтып жүрген блогерлері, «жұлдыздар» айтар сөзін «мынау паразит сөз», «бұл боқтық сөз», «мынау көпшілік ортасында айтуға болмайтын тақырып» деп таразылап жатқан жоқ. Оларға еш шектеу жоқ. Бұдан кейін мектеп баласынан қандай сөйлеу стилін күтеміз?

– Сөз арасы бөтен сөзбен былғанбауы үшін не істеу керек?

– Осы сұрақтың жауабы бірінші сұрақтың ішінде де бар сияқты. Мұны мен ғана емес, көзі қарақты қауым реті келгенде айтып жүр. «Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы, Ол ақынның білімсіз, бейшарасы» деп Абай айтпақшы, күнделікті сөйлейтін сөзіміз – біздің деңгейіміздің көрсеткіші. Мәдениетті, тәрбиелі адам сөзіне өзі иелік етеді. Сол себепті, отбасынан баланың дұрыс сөйлеуіне үлкен мән беруіміз керек. Сондай-ақ ата-ана ретінде өзіміз аузымыздан шығар сөзге абай болуымыз керек. Өйткені, бала – біздің көшірмеміз.

– Тіл – тірі организм, ол үнемі жетіліп, дамып отырады. Ендеше қазақы сөздің мәнері мен сөзжасамның ауысып, толығып отыруы, яғни жаңа сөздердің, лексикондар мен бұрыс сөздердің ара-жігін қалай айырамыз?

– Иә, қоғамның дамуымен бірге тілімізге жаңа сөздер еніп жатыр. Кейбір кәсіби, тарихи, көнерген сөздеріміз тек көркем шығармада болмаса, күнделікті қолданыста өте сирек қолданылады. Бұл – табиғи процесс.

Бір қынжылтатыны, оқыған, көзі ашық жастарымыз қазақ тілінде бар сөздерді   ағылшын тілінде айтуға құмар. Ал біраз діни сауатын жетілдірген жасы бар, жасамысы бар араб сөздерін қыстырып сөйлеуді парыз санай бастады. Тіл мен сананы бөліп қарай алмайтынымыз белгілі. Сондықтан, тіліміздің жаңа сөзбен толығуына қарсылығымыз жоқ. Бірақ өзімізде сол ұғымды толығымен сипаттап тұрған сөздерімізді ысырып тастап, өзге тілді қолдану қорқынышты құбылыс.

– Кез келген саланың ережесі бар, тіл де ережеден кенде емес. Ендеше осы ереженің сақталуын кім қадағалауы керек деп ойлайсыз?

– Қарапайым әңгімелесудің өзінде ережеге сүйеніп сөйлеспейміз. Ана тіліміз болған соң біз зат есім сөйлемнің басында, етістік аяғында келу керек деп бас қатырып отырмаймыз. Ауызекі сөйлесудің ерекшелігі де осы. Алайда, тілдік норма, қалыптасқан ережені сақтау міндетті болатын орындар бар. Мәселен, аударма жасау барысында, ғылыми-публицистикалық мақала жазғанда, көпшілікке арналған хабар дайындағанда, теле-радио бағдарламаларда өрескел тіл бұзушылыққа, терминдерді орынсыз бұрмалауға жол берілмеуге тиіс. Оны нақты бір құзырлы органның қадағалауға қауқары жетпейді. Ал қарапайым адамдардың ондай мәселеге назар аударуға уақыты мен ықыласы жетпей жатуы мүмкін. Сондықтан, зиялы қауым өкілдері; ұстаздар, ғалымдар, қаламгер қауымы, журналистер осы мәселеде бей -жай болмауы керек ау деп ойлаймын. Жауыр болған тіркес болса да айтайын, «Әркім өзінен бастау керек». Кезінде Ғабит Мүсіреповтің «Авгийдің ат қорасынан бастайық» дегені сияқты әрқайсысымыз өз тілдік ортамызды таза ұстайық! Мәселен, мен жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде алдыма келген студенттің қалай сөйлеп тұрғанына қатты мән беремін, қажет болса ескерту жасаймын. Келесіде ол студент дұрыс сөйлеуге тырысады, сөзін түзейді. «Сөзі түзелген елдің өзі де түзеледі».

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: