Сәттілік серік болған кездесу

28 Наурыз 2022, 17:26 2394

Бұл текетіресте қазақстандық футболшылардың бәсі жоғары болды

Молдова – Қазақстан – 1:2 (1:0).

Голдарды салған: 1:0 Николаеску, 45+1, 1:1 Малый, 63, 1:2 Посмак, 79 (өз қақпасына салынған гол).

Молдова: Намашко, Ревенко, Посмак, Болохан, Думбравану, Рябчук, Рацэ, М.Платика (Гынсарь, 76), Каймаков, Ионицэ, Николаеску.

Қазақстан: Щацкий, Быстров, Малый, Марочкин, Әліп, Сүйімбаев, Нәрзілдаев (Әбікен, 46), Тағыберген (Бейсебеков, 84), Васильев (Жақсылықов, 65), Зайнутдинов, Щеткин (Муртазаев, 65).


Алаң иелерінің бас бапкері Сергей Клещенконың ойынға бірер күн қалғанда екі бірдей негізгі құрам ойыншысына үміт арта алмайтыны белгілі болды. Дене қызуы көтерілген Игорь Армаштың орнына Думбравану шықса, аяқ астынан тұмауратып қалған Денис Марандичидің рөлі Ревенкоға бұйырды. Ол оң қапталдың қорғанысына жауап берсе, Рябчук сол қапталдан келетін қауіптің бетін қайтаруы керек болды. Ал өткір шабуыл өтінде Николаеску тер төкті. Оған жартылай қорғаушылар Каймаков, Платика мен құрама көшбасшысы Ионицэ мен тірекші Рацэнің өзі де қарқынды қолдау көрсетіп отырды.

Қазақстан құрамасының бапкері Андрей Карпович орталық шепке Нәрзілдаев пен Тағыберген жұбын шығарған. Өткен маусымда бұл футболшылар «Қайсар» жейдесін кигенмен, биыл екеуінің жолы екіге бөлінді. Думан «Каспий» сапында тамаша ойынымен көзге түсіп жүр. Содан да болар бапкер Карпович алғашқы минуттан Қызылорда футбол мектебінің түлегі «орта алаңда ойқастайды» деп сенім артса керек. Сонымен қатар, қос қапталдан шабуылда жүрген Щеткинге Зайнутдинов пен Васильев көмек қолын созуы керек болды. Қорғаушылар Быстров пен Сүйімбаевтың да жұмысы қарсылас қақпасына гол салу міндеті жүктелген ойыншыларды тікелей доппен қамтамасыз ету еді.

Алғашқы он минуттық қонақ команданың басымдығымен өтті. Бірінші қауіпті соққы да сары жейделі ойыншылардың еншісінде кетті. Қорғаушы Марат Быстров өз қапталынан спорттық снарядты қақпаға жақындап қалған Васильевтің аяғына салып берген, «Тобыл» ойыншысы қарсыластың екі қорғаушысын қапы қалдырып, кипердің сол жақ бұрышын көздегенмен, маңдайшадан аздап биік кетті.

Қонақ құраманың ойынды өз қолына алу идеясы алаң иелеріне онша ұнамағандай. Қарсыластың қарымын аңдып баққан молдовандар бірінші таймның орта тұсынан бастап, Шацкий қақпасын торуылдай бастады. Алғашқы ойын бөлігінің өзінде Клещенко шәкірттері Қазақстан қақпасына он үш бірдей соққы жасаса, оның алтауы қақпаға дәл келген. Ревенко жасаған соққы Шацкий үшін соншалықты мәселе тудырмаса, Рябчуктың сол қапталдан тепкен добы Игорь үшін айтарлықтай жұмыс болды. «Шахтер» қақпашысы өзінің шеберлігін көрсетіп, таблодағы есепті өзгеріссіз ұстауға септігін тигізді. Алаң иелерінің бұрыштамадан жасаған шабуылдары да кәдімгідей қауіпті көрінді. Қазақстандық қорғаушылардың көзінен таса қалған Посмак қақпаның ашық тұрған сол жақ бұрышын көздесе, анық гол болар еді. Молдова футболшысы бұл жолы қонақ команданы кешірді. Ендігі эпизодта допқа секірген Шацкий қателескен, оның бұл қателігін қорғаушы Марочкин жуып-шайды. Ол қақпаға еніп бара жатқан допты соңғы сәтте аяғымен қағып тастады. Молдова құрамасы жиі-жиі шабуылының жемісін көрді. 45 минутта осы маусымда «Зенитке» ауысқан Әліп шабуылшы Николаескумен таласта, жеңіліс табуы форвардтың допты ала қашып, Шацкий қақпасын дәл көздеуімен аяқталды. Оның жойқын соққысы Кишинев стадионына жиналған жеті мың жанкүйерді бір серпілтіп тастады. Бұл тайм деңгейлес Молдоваға қарсы Қазақстан құрамасының қауқарсыз екенін көрсеткендей. Сәттілік жетіскенде алаң иелері 2-3 доппен алға ұзап кетер еді. Қорғаушылардың қателіктері, алда жүрген ойыншылардың шабуылды дұрыс ұйымдастыра алмауы, жалғыз шабуылшы Щеткиннің допсыз қалуы біздің командаға әлі де көп жұмыс жасау керектігін көрсеткендей.


Екінші таймда Андрей Карпович алғашқы матч бөлігінде жарқын ойынымен көзге түсе алмаған Нәрзілдаевтың орнына Әбікенді жіберді. Бұл шепте жүрген Тағыберген де, сенімсіз өнер көрсетіп, Молдова құрамасының «орталықта» «билік етуіне» жол ашып қойды. Айболдың ойынға қосылуы қазақстандықтарға сенім ұялатқандай. Шабуылдар жүріп, алаң иелерінің қақпа маңына доп жете бастады. Сондай бір сәтте сол қапталдан доп алған Зайнутдинов Әбікенді тапты. Айболдың алыстан жасаған соққысы маңдайшадан биік кетті. Ойынның 63 минутында Қазақстан есепті теңестіре алды. Алдымен Молдова ойыншысы Марат Быстровқа қарсы ереже бұзып, сол нүктеден қонақ командаға стандарт орындауға мүмкіндік берілген. Нүктеге Тағыберген мен Васильев келіп, қақпа алдында пас шығаратын ыңғай танытты. Соңғысы спорттық снарядпен Сергей Малыйды тапқан. Қазақстан қорғаушысы алаң иелерінің қақпашысы Намашконың алдын орап, таблодағы есепті теңестіріп кетті. Осы сәтті пайдаланып Карпович алаңға тыңнан тағы екі футболшыны жіберді. Муртазаев пен Жақсылықов сары жейделі команданың шабуылдағы ойынын түрлентулері керек. Молдова аяқ астынан гол жібереміз деп күтпесе керек, тайлы-тұяғымен Шацкий қақпасына лап қойғанмен, түк шықпады. Ойынның аяқталуына он минуттай қалғанда кипердің асырған добына таласта қазақстандықтың мерейі үстем болып, теңбіл допты алға бағыттады. Екі қорғаушымен тірескен Зайнутдинов жеңіске жетіп, қақпа алдындағы Жақсылықовқа пас шығармақ болды. Осындай талас-тартыста Посмак өз қақпасына гол соғып алды. Бұл басымдықты ойың соңына дейін жеткізуді көздеген Карпович Бейсебековті алаңға жіберді. Жеңіліп жатса да Молдова бапкері Сергей Клещенко тыңнан Гынсарьды ғана ойынға араластырды. Бас жаттықтырушы жасыл алаңдағы басқа шәкірттеріне көңілі толса керек.

Ойын статистикасына қарағанда, Молдова Қазақстан құрамасының екі бас жоғары тұрғаны анық. Бірақ, қонақ командаға сәттілік серік болып, өзге алаңда үш ұпай еншілеп кетті. Ендігі қарымта кездесуде осы ойындағыдай Сергей Клещенко шәкірттері көзсіз шабуылға шығып, қорғанысты ұмытпайды дегенге сену қиын. Дегенмен, олар «қалай да Қазақстаннан басым түсеміз» деген мақсатпен Нұр-Сұлтанға аттанатын болады. Жауапты ойында ел құрамасының теңбілдопшылары есе жібермейді деген сенімдеміз.


Ойыннан кейін Молдова бас бапкері Сергей Клещенко матч нәтижесімен келіспейтінін жеткізді.

– Кездесу алдында жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенген едік. Командамды, жеке ойыншыларды сынға алудан аулақпын. Таблодағы есеп 1:2 болғанмен, қазір футбол ережесіне сәйкес қонақта салынған голдың сондай құдіреті жоғы, бізге сенім ұялатады. Бар мәселе, Қазақстанда шешілетін болады. Бұл матчта өздеріңіз көргендей, барлық футболшы соңына дейін таласып, команданы жеңіске жетеледі. Алайда, әрдайым ойын біз ойлағандай өте бермейді. Алаңға тыңнан ойыншы қоспағанымды сынап жатқандар көп. Аяқдопшылардың көрсеткен ойын өрнегі көңілімнен шықты. Шаршаған, үлгермей жатқан, көп қателіктерге бой алдырған футболшыны көрмедім. Менің тактикам – ойыншыларды басқару емес. Ешқашан команданы қол астыма алып, оларды басқаруды көздеген емеспін. Барлығы – кәсіби фтболшылар. Өз жұмыстарын анық біледі. Оларға жасыл алаңда сенімділік пен жауапкершілікті арттыру керек.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Андрей Карпович бұл кездесудің қиын өткенін айтып, қарымта кездесуде жіберген қателіктердің орнын толтыратынын жеткізді.

– Өте жауапты, әрі қиын кездесу болды. Ойлағанымыздай матч тартысты өтті. Алаң иелері өз жанкүерлері алдында барын салды. Әлі ештеңе шешілген жоқ. Нұр-Сұлтанда өтетін матч бұдан да қызықты өтетініне сенімдімін. Бұл нәтижені ұмытып, алға қарай жылжуымыз керек. Ойын нәтижесі қуантқаны рас. Дебютті кездесуде үш ұпай алу кімге де болса қуаныш сыйлайды. Алғашқы таймда жеңіліп жатқанымызға қарамай, жігіттер мінез көрсетіп, жеңісті жұлып алды. Қарсыластың агрессивті ойынына дайын болдық. Тоқсаныншы минутта үшінші голды салатын мүмкіндікті мүлт жібердік. Шындығына келгенде, бұл ойында сәттілік бізге серік болды. Бірінші таймнан кейін алаңға шығарған футболшылар ойынға жаңа серпін бергені рас. Молдова құрамасының ойын жүйесі туралы ештеңе айта алмаймын. Біз өз тактикамызға мән береміз. Бірақ, қарымта ойында мұндай қателіктерге бой алдырмаймыз деген сенімдемін. Өз қақпамыз алдында барынша сақ ойнап, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Олардың қолдауы бізге ауадай қажет!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: