СҚО полицейлері 1,5 миллион теңгеге жуық астық ұрлығының жолын кесті

8 Қыркүйек 2022, 17:18 900

Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді

СҚО полицейлері 1,5 млн теңгеге жуық астық ұрлығының жолын кесті, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астық жинау науқаны – «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде полицейлер жұмысының күшейетін кезеңі. 

Оның мақсаты – астық өнімдерін және астық егетін кәсіпорындардың мүлкін: ауылшаруашылық техникаларының қосалқы бөлшектерін, ЖЖМ, ребицидтерді ұрлаудан сақтау. Жергілікті маңызы бар жолдарда астық тасымалдайтын жүк көліктерін тексеретін мобильді топ құрылды. Топ құрамында – криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, патрульдік полицейлер бар. 30 тамызда Есіл ауданында мобильді топтың бірі сүрлеу жолдан орманға апарған КамАЗ-дың ізін байқаған.

Тәртіп сақшылары олармен бірге жүрген жақын маңдағы ЖШС жұмысшылары ізге түсіп, ағаш арасына төгілген астықты тауып алады. Шақыру бойынша келген жедел-тергеу тобы кәсіпорынның 39 жастағы жұмысшысының қатысы барын анықтады.

 Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оқиға орнынан 1,4 миллионнан астам теңгені құрайтын 12 тонна 260 келі бидай тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

 – Иелері қабылдаған қауіпсіздік шаралары қылмысты жедел ашуға ықпал етті. Алқаптағы астық пен астық сақтайтын токтардағы қатаң есептен басқа, кәсіпорын күзетпен қамтамасыз етілгенін, сигнализация және бейнебақылаумен жабдықталғанын атап өткен жөн. Айта кететін болсақ, ауылда кәсіпкер қоғамдық орындарға 5 камера орнатқан, ол учаскелік полиция пунктіне қосылған, – дейді аудандық ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков. 

Облыс бойынша полиция қызметкерлері ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге өз объектілерінің техникалық нығайтылуын қамтамасыз етуге, қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге кеңес береді.

Бөлісу: