Сәлем саған, САЯ!

15 Сәуір 2014, 03:29

Қазақ жастары 15 сәуір – ұлттық ғашықтар күні ретінде атап өтіп жүр.

Қазақ жастары 15 сәуір – ұлттық ғашықтар күні ретінде атап өтіп жүр. Осыған байланысты белгісіз авторымыздың жүрекжарды ғашықтық хатын оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз. 

Сәлем саған, САЯ!

Сәлем! Сәлем! Сәлем саған, Сая. Сенімен шын мәнінде өте жақын араласып, сырлас болып кеткеніме жуық арада жарты жыл, яғни алты ай толады екен. Осы уақытқа дейін өткізген төрт-бес айдың көлемінде біз бір-бірімізді жақсы қырымыздан тани түстік және арамызға құпия жасырмайтын сырласқа айналдық. Дәл қазір сен менің жүрегімнен орын тепкен ең қымбатты адамымсың. Екеуміздің арадағы гүлденген достық сезім – өзара түсіністікке, тілмен айтып жеткізгісіз сыйластыққа әкеліп отыр. Бұл хат менің саған ақтарған жан сырым, жүрек түбінде сақталып жатқан шынайы асыл ойым. Сондықтан да менің әр жазған сөзім мен сөйлеміме қатты мән беріп қарарсың деп толық сенемін. Өзіңе де жеткізген едім ғой, сөз бен істің сәйкестігін ұнатамын. Мен үшін жазу, қағаз бетіне ойыңды дәл түсіру – ең арлы нәрселердің бірі. Сол себепті менің бұл жазғандарымды жүректен шыққан шын сыр деп біл. Адамның ойы қаншалықты көркем немесе қаншалықты арам екенін сөйлеген сөзінен, жазған сөйлемдерінен айнытпай тануға болады ғой. Бұл жерде өзімді мақтап тұрмағанымды жақсы түсінесің. Айтқым келгені – жазған ойымды шындық деп қабылдап, тереңінен түсіне білсең екен деген өтініш. Қалай айтсақ та, көңілде тұрған ойды ауызекі сөйлеуде еркін және нақты жеткізе білу қиындық туғызуы мүмкін. Осы хатта қамтылатын барлық ой өмірде де, қызу тіршілік ортасында да ұстанатын негізгі принциптерім. Мен көптен бері жаныма жақын көретін асыл адамыма, яғни саған барлық сырымды ақтарғым келіп жүрген. Бірақ қандай жолмен іске асырамын деп тосылған едім. Бұл жерде жазылған нәрселердің басым көпшілігін сен білесің де. Себебі екеуміз талай ой бөліскен болатынбыз. Сонау көктемнен бері саған осылай жазып жеткізсем бе, әлде сөзбен айтып сырымды ақтарсам ба деп ойлайтынмын. Біріншіден жазу нақтырақ әрі қолайлы болатындықтан, екіншіден, сенің де еркін түсінуге, асықпай ойлануыңа мол мүмкіндік екенін ескеріп, үшіншіден, туған ауылыңның төрінде демалып жатып, шынайы ой қорытарсың деген ниетпен осылай істеуге мәжбүр болдым. Сонымен, мен сенен ерекше өтініш етерім – бұл жазғандарыма ерекше мән беріп, асқан сабырлықпен оқырсың деп үміттенемін.

Менің балалық шағым қалай өтті деп ойлайсың? Менің өмірім қызыққа, күлкі мен шаттыққа толы болмады. Әкем де, шешем де қарапайым адамдар болған, білімдері жоғары емес. Екеуі де жұмыс қуалап, Алматы қаласына келген. Өз туған-туыстарым мен нағашы жұртым да асып кеткен дәнеңесі жоқ, күнделікті тіршілік қамымен жүрген жандар. 1980 жылдар шамасында әкем мен шешем бас қосып, шаңырақ көтереді. Алматының әр жерінде пәтер жалдап тұрып, қызметтерін жалғастыра береді. Анамның мамандығы тігінші болғандықтан, қаладағы киім тігетін ірі цехтің бірінде істейді. Ал әкем Алматы облысында сол кездері жүргізіліп жатқан су каналдарын салу құрылысында бригадир болып қызмет атқарады. Әкемнің табысы анамның табысынан жеті-сегіз есе көп болғандықтан, ештеңеден тарықпай өмір сүреді. Бірақ туған балалары үнемі шетінеп кетіп отырады. Анамның айтуынша, шала туып, түсік тастап  жүрген. Менің алдымда төрт сәбидің шетінегенін көрген анам қатты қамыққан. Бармаған дәрігер, жолықпаған тәуіп-молда, емшілер қалмаған кезде, сегіз жылдан кейін мен өмірге келген екенмін. Былайша айтқанда, әкем мен шешеме құдайдың тарта салған сыйы болдым. Олар әрине шексіз қуанды. Барын алдыма тосты. Мен үш жасқа толғанда әкем көз жұмады. Мамыр айында әдеттегідей жұмысына кеткенімен, үш-төрт күннен кейін қатты ауырып қайтып келеді. Әкем қатты ауырып, қызуы көтеріліп, басы айналып, әлсіреп, құсып, іші өтіп, мазасы кеткен соң, жұмыстан үйге ерте оралады. Ауруханаға жөнелтіледі. Алайда ешқандай ем-дом көмектесе қоймайды. Алматы қаласындағы облыстық ауруханада бір ай көлемінде жатып, сандырақтап, есін жинай алмай, қайтыс болады. Шын мәнінде қандай жағдайға душар болғанын бір Алла анық білетін шығар. Не жесе де, уланып қаза тапқаны айдан анық еді. Артынан заңмен қудалап, сотқа шағым түсіруге де ешбір мүмкіндік болмай қалады. Жұмысында ерегіскен әлдекімдердің жасаған қастандығы ма, әлде өзі бір нәрсеге ұрынды ма, Алланың жіберген ажалы солай болды ма, – барлығы да жұмбақ күйінде тарихқа кете барды. Жазмыш солай етті.

Әкем хал үстінде, адам танымай, есінен адасып, қиналып жатқан сәттерінде мені жақсы таныған екен. Еміс-еміс менің де жадымда сақталған. Ауырып төсекте таңылып жатқан кезінде, менің екі бетінен кезек-кезек екі жағына шығып сүйгіштегенім есімде қалып қойды. Жан тапсыратынын сезген шығармын. Ерекше бір сағыныш сезімі болмаса да, үш жасымда табиғи түрде барып бетінен сүйгеніме қазір таңмын. Құдайдың істетіп тұрғаны болар деп ойладым. Өлімнің анама ауыр тигенін жақсы білемін. Ол кезде мен кішкентай болғандықтан, ауыртпалықты сезіне бермедім. Тек папаның суретін ұстап тұрып: «Қайда?» – деп мамадан сұрап мазаны алады екенмін. Мама алыс жаққа кетіп қалды, сен өскенде келеді деп жұбатып жүрді. Менің бұл сөзге сеніп қалғаным соншама, кейін талай жылдар өтіп, бірінші сыныпқа барған кезімде де қайталап сұрадым. Бірақ бұл жолы мама: «Алыста, біреулер шығатын есіктерін қалың шегемен шегелеп, қамап тастапты», – деді. Бұдан соң мен толыққанды үміт үзе бастадым. Ес жиғанымнан бері көз алдымда анам болғандықтан, әкенің сәл бұлыңғыр елесі сол қалпында жүрегімде сақталып қала берді.

Жесір әйел  еркек атаулының көз құрты ма дерсің. Мама қайда барса да, тойымсыз еркектердің мазағынан қашып, үнемі беттерін қайтарып тастайтын. Құда түсіп, екі жарты бір бүтін болайық деп, жарты сағат әңгімесін айтып отырып алатын небір шалдар, ауылдан келген малшылар, әйелі өліп қалған жалғызбасты еркектер, қайдан естіп алатыны белгісіз, есік тоздыратын. Менің бойымда қызғаныш оты лаулап кетуші еді. «Менің атым Қожа» фильмінде бар емес пе, Жансая, Қожаның анасына әлдекім мотоциклмен келіп, шай ішіп отырғанда, есікті тарс еткізіп жауып, қарсылық танытушы еді ғой. Дәл сол жайт менің басыма талай келген. Бірақ анам үнемі менің сөзімді сөйлеп, олардың ауыздарына құм құятын. Олар болса, «Балаң әлі кішкентай, жақсы тәрбие бере алмай қаласың; ол ер жете бастағанда, оқуына киім мен ақша табудан қиналасың; саған қарамай, қатынының соңынан кетіп қалады» деген сияқты орынсыз уәждерді айта салатын. Анам сыпайылық танытып: «Күйеуімнің аруағынан ұят, баламнан ұят», – дейді. Қазір қарап отырсам, дәл осылай айтуда қаншалықты дәрежеде қайсарлық жатқанын түсінген тәріздімін.

Өз басым, Жансая, білмеймін, іштей өте көп ойларға берілемін. Сырттай ешкімге сездірмесем де, ішкі әлемімде үлкен толқу мен өзгеріс болып жатады. Адам болғаннан кейін, жақсы және жаман ойлар қатар келеді. Бірақ мен үнемі бойымдағы шайтан аздыратын жаман қасиеттерді жақсы ажырата аламын. Әрі ондай жағымсыз нәрселермен күресемін. Мен мүмкін, көпшілікпен бірдей ойлап, күліп-ойнап жүре берер ме едім, кім білсін, Сая. Алайда құдай маған ерекше ойлар салып, жан дүниемде өзгерістер бола бастады. Бұл менің сенің алдыңда мақтанып, топтан бөлек жаратылғанмын деп, көкірек кергенім емес. Бойымдағы шын сезімімді тек саған жайып салып отырмын.

Жазушылыққа құмарлығым ертеден оянған секілді. Екінші сыныпқа көшкенімде, анамды ертіп алып, аудандық кітапханаға жазылғаным бар. Әлгі кітапханаға күнде баратынмын. Сөрелерді аралап жүріп, суреттері көп кітапты аламын да, үйге апарып, бір қарап шығып, қайтадан өткізетінмін. Мазмұны мен мағынасын түсінуді мен 3-сыныптан кейін біле бастағанмын. Қазақ тіліне, тарихқа, әдебиетке, географияға, біршама қоғамдық пәндерге жүйрік едім. 4-сыныптан батырлар жыры мен әлем ертегілерін үзбей оқып тауыстым. Әрбір кітапты оқыған сайын, құмарлық оянды. Өзімше терең ойларға бойлайтынмын. Ұмытпасам, 6-сынып болу керек, анам нағашыларыма екі-үш күнге кететін болды да, маған көрші үйдің ескі кітаптар орналасқан сөресінен Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын әкеліп берді. Анам өзі көп кітап оқымаса да, маған жалықпай, құры жатқанша, оқуымды талап етті. Роман Тұрар Рысқұлов жайлы ғой, сен де оқыған шығарсың. Әлгі кітаптың қызығына кіріп кеткенім соншама, анам төркіндерінен қашан келгенін де білмедім. Әсіресе, романда Тұрардың әкесі Рысқұлды атуға айдағанда, қоштасатын жері бар. Әке мен бала арасындағы нәзік байланыс, атылуға айдалған Рысқұл мен шырылдап артынан жүгірген кішкентай он жасар Тұрардың арасындағы нәзік байланыс қандай аянышты еді. Шығарманың дәл осы жеріндегі детальға келгенде, көз жасымды ірке алмағаныма таң қаламын. Кейін келе, менің өмірімнің мәні кітап оқумен байланысып кетті. Қаншама классиктердің туындылары қолдан өтті. Бүгінгі қоғам үшін, әрине, кітаптар оқу ерсі әрі оғаш, есалаңның қылығы сияқты көрінері рас. Қасымдағы сыныптас достарымның мазағына да, күлкісіне де айналдым. Тіпті кейбіреулерімен сөзге келіп, ерегісіп те жататынмын. Қанша жерден сезімтал болсам да, тек ақылмен қарап, сабырлы жүруге күшімді салып бақтым. Анамның адал тәрбиесі мен кітаптан алған тәлімім менің жаңаша адам болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізді. Талай жанның адамгершілікке үндейтін кітаптардан көз аудармай оқитынын көрсем де, іске асыруға келгенде, мүлде басқаша адамға айналатынын байқадым.

Мен жоғары сыныптарда газеттерге мақалалар жазып, өзімше проблемаларды көтеріп, ұстаздардың аузынан түспедім. Шағын әңгімелер жаздым, өлең де шығардым. Қазір де, ол кезде де, мен үшін жазу өнері, журналистика, жазушылық қасиеттер – жүрегі таза, ниеттері ақ, ізгілікті ғана ойлайтын жандардың ғана кәсібі деп білемін. Бірақ та дәл осылай жазудың майын тамызып, әділ боламыз, пәк боламыз деп газеттерге жариялап, теледидардан сөйлеп жатқандардың өмірдегі көріністерін қарап, төбе шашың тік тұрарлық жағдайға жетеді. Ең қауіпті адамдар да осылар екен. Шәкәрім мұндайлардың қатты қатер екенін ескертіп, «тайғақ мінез, екі тіл» деген айдар тағады. Былайша айтқанда жазудың профессиясын әбден меңгеріп алады да, жүрегімен мән бермей, атүсті ұпай толтыру үшін еңбек етеді. Мен дереу осындай жаман нәрседен аулақ жүруді санама түйдім. Сондықтан, жазғандарым мен өмірдегі әрекеттерімнен алшақтық таппайсың деп ойлаймын.

Ауылдағы білімнің ыстық ұясынан 2006 жылы түлеп ұштым. Тестілеуден 97 баллды еншіледім. Қазақ Ұлттық университеті Қазақстандағы ең іргелі оқу орны екенін жақсы білетінмін, көздегенім де, мақсатым да сол болды. ҚазҰУ-ге тапсырғандардың басым бөлігінде осындай мақсат қой, Сая. Журналистиканы шынайы түрде таңдаған жоқпын, себебі ол тек кәсіби білім болып қала береді. Ғылыми жолдың келешекте керегі болар деген оймен, сөз өнерінің жілігін шағып, майын ішуге дейін үйрететін филологияға тапсырдым. Филологияның жай-жапсарын ары қарай өзің де түсінерсің, Сая. Міне, Саятай, менің басымдағы қысқаша өмірім осылай жалғасып, өтіп жатқан сыңайы бар. Бір қарасаң, жай бір адамның түк қызығы жоқ бастан кешкендері. «Мұның бәрін шұбыртып, маған жазып бергеннен бір нәрсе шыға ма? Жеке өмірінің маған қажеті шамалы еді ғой» деп ойлауың да ғажап емес. Бірақ әрбір жеке адам өзінің өскен ортасымен, үйренген тәрбиесімен, бастан кешкен барлық жағдайларымен танылады ғой. Өзің көріп отырғандай, бастан кешкендерім қиындыққа толы өмір болғандықтан, көргендерім мен білгендерім айтарлықтай өзіме жеткілікті болғандықтан, әрбір адамды тереңінен түсінуге, оған көмек жасауға ұмтыламын. Мүмкін сен мені әлі толықтай білмеген боларсың, уақыттың еншісі барлық мәселені ашады. Енді сен менің бұлыңғыр тұстарымды, жалпы әрекеттерімді бұрынғыдан да жақсы түсініп, бұрынғыдан да артық бағалай біледі деп сенемін. Себебі өткен өмірімнің бүкіл қалтарысынан хабардарсың әрі сол арқылы қазіргі мені тани түсесің. Сондықтан да, мен өскен ортам мен отбасылық жағдайымды саған ашып айтып беруді алдыма мақсат еттім. Бұдан былайғы өмірде мені бес саусағыңдай анық білесің деп ой түйдім, Саятай.

Екеуміз көктем мезгілінде, ҚазҰУ-дің бойын жағалай ағатын Есентай өзенінің маңын аралап, қыдырған кезде, есіңде ме, жігіттердің бірқатары қыздарға деген көзқарас жағынан өте жаман ойды ұстанады деген едім ғой. Ол қандай жаман көзқарас? Өздеріне және қоғамға ол нәрсе қазіргі күндері өте үйреншікті дүниенің біріне айналып кеткен. Бірақ менің жүрегім қатты шошынады. Ерлермен араласып жүргендіктен, замандастарыңның өзі осылай әңгіме айтып отыратындықтан, оларға қарсы ештеңе дей алмайсың. Тек бір Аллаға қатты сиынамын қатарлас жігіттердің санасын түзеп, иман бере гөр деп. Көшеден сұлу қызды көргендер нәпсінің жетегінде кетіп, бойын арам ой жаулайды. Сөз жоқ, менің де ішімде пайда болады. Бірақ күрес жүргізген жөн ғой. Дәл сол мезетте «Бұл қыз да біреудің жалғызы ғой, қарындасы немесе әпкесі ғой» деп ойласаң, бәрі басқаша сипат алады. Мейлі, жеңіл тәрбиелі, бұзық қыз болса да, ер адам пайдаланып қалудан аулақ болу керек. Қазірде неге жеңілтек, өзі сыр беріп тұратын қызды көрген еркек әйтеуір сонымен бір ойнап қалғысы келеді? Немесе жігіттердің арасында жүретін қызы бір бөлек, баратын қызы бір бөлек, үйленетін қызы бір бөлек болып, өздерінше кеуделерін керіп, мақтануға салынатындар неге көп? Үйленетін қызына ешбір зақым келтірмей, аялап ұстайды да, құмарлығын қандыруға басқа бір қызды қолданады. Бір жаманы осындай қасиеттерін әдеттегі деп, үйреншікті түрде қарайды. Ал әйелі мен бала-шағасы үйде отырса да, Сейфуллин мен Саин көшелерін жағалап, тілдері салақтап, сондай жеккөрінішті халге түсіп жатқан еркектер қаншама. Ал сол жерде тұрған жеңіл жүрісті қыздар тікелей өздері кінәлі деп ойлайсың ба? Ер адам адал жар алдындағы жауапкершілікті сезіне білсе, оның алдында өтіріктері мен жағымсыз әрекеттерін жасырмайтын болса, екі сөйлемейтін, әйелін шын ниетімен сүйіп, отбасының ұйтқысы деп қарап, балаларымның анасы деп сезінсе, бәрі де мүлде басқаша болар ма еді, кім біледі, Саятай?! Қалай десек те, ерлердің азып, пәк қыздардың көңіліне таңба түсіріп, олардың таза ойларынан шыға алмайтыны өте өкінішті. Өзің де байқадың деп білемін және бұл айтып жатқандарымның көбі саған түсінікті, халыққа да анық, жауыр болған тақырыптар. Алайда қыз алдындағы шынайы жауапкершілікті сезініп, орындайтын кезде, көп ерлердің ақсап, тайқып шыға келетіні өзекті өртейді.

Менің мақсатым да, ойларым да, жалпы ұстанымдарым да, қазіргі өмірімнің беталысы да саған түсінікті. Бір адамды ғана жарым деп қарап, қалғандарын әпкем немесе қарындасым деп сезінемін. Және мен ешқашан да қателесіп таңдағым келмейді. Бір рет қана көңілім қалаған қызға қадам жасап, Алланың жәрдемімен соны ғана шын сүйіп, соны ғана адал жарым деп тануға ұмтыламын. Әлі ешбір қылау түспеген таза жүрегімді, адал көңілімді тек сол таңдаған жарыма арнауды мақсат етіп қойғанмын. Осы уақытқа дейін әлі ешбір қыздың бетіне арам оймен де, ғашық болып, артынан жүгіру мақсатында да көз салған емеспін. Жалпы мінезімде ұяңдық пен тартыншақтық болғанымен де, жұлынып тұрсам да, қыздардың тілін тапқан жылпос болсам да, дәл қазіргі түсінігімде ешқандай қызға қиянатымды тигізбеймін деп уәде беремін. Ешбір неке қиылмастан жатып зина жасау (жақын қатынасқа түсу) – дінді негізге алмай-ақ, қандай жиіркенішті екенін сезінуге болады ғой.

Өткенде сен қозғап қалған әңгімең өте дұрыс еді. Бүгінде шаңырақ көтерген жұбайлар араларында барлық іс тынып, бояуы сіңген кезде, той жасайды. Жарының үйін неге пәк күйінде аттап, түтінін түтетпейді? Неге іште бала көтерген қалпы некелері қиылады? Бұл сұрақтарды қоғамға қойып көрсең, бас ауыртпайтыны анық. Себебі халықтың еті үйреніп, мыңқ етпейтін болып алған. Оны тойға қатысушы жастар да, ата-аналары да, кәрі-құртаң да жақсы біліп тұрып, ізгі тілектер жолдап, қуанышты сезімде жүреді. Мұның бәрі менің санамда теріс әсер беретін факторлар, сондықтан осындай жаман қылықтарды ұстанбаймын. Қозғай берсек, бұл қайшылықтардың түбіне жетпейсің. Біздің амалымыз – Аллаға сиынып, сондай жаман түсініктерден ұрпағымыздың аман болуын тілеп, дұға жасау ғана сықылды. Әр адамның маңдайына жазылған тағдыр болады. Ол қалай бағытталғаны бір Аллаға ғана мәлім шығар. Жақсы жар табу, онымен отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешу – кез келгеннің негізгі арманы. Бұл табиғаттың бұлжымас заңдылығы. Мен университет табалдырығын аттаған кезімде, бұл арман тек жүрегімнің түбінде жай ғана сақталып жатты. Құдайдың бір орайын келтіретініне, жүрегім мен жаным қалаған бір асыл қызды жолықтыратыныма іштей сенімді болдым. Бірақ ол қалай және қашан кезігетіні маған беймәлім. Тек мен екінші курста оқып жүргенімде, жүрегімді селт еткізетін оқиға орын алды. Оның не екенін сен жақсы білесің. Менің сенен жасырып сөйлейтін ештеңем де қалмады. Бәрі де айдан анық қой, білесің.

Бастапқы кездері сен сезінбеген де, білмеген де едің, мүмкін. Бір көргенімде сені өзіме қатты жақын тартқым келіп кетті. Сенің өзіңе мен байқатпай, сыртыңнан қарай беретінмін. Алла куә, ол қарағандарымда бір кішкене де құмарлық сезімі жоқ еді. Кейін келе, сен менің ерекше көзқарасымды байқап қойдың. Мен көзімді тайдырып әкеттім де, іштей ұят болды-ау деп ойлағанмын. Алғаш көргенімде, кішкентай ғана топ-томпақ қара торы қызға көзім түскенде, «Осындай бір қыз адал жарым болып, анама жақсы келін болса ғой!» дедім іштей. Мұны саған айтқан да едім. Мен екінші, сен бірінші курстың көктем кездері-ау деймін. Бірінші қабатта теледидар қарап тұрған кезімде, сен жоғары қабаттан баспалдақ арқылы төмен түстің де, сыртқа шығып бара жаттың. Бірер сағаттан кейін қайтадан жатақханаға кіріп, жоғары көтерілдің. Менің ойым сенің қай бөлмеде тұратыныңды біліп алу болды сол кезде. Саған білдірмей, мен де соңыңнан ердім. Сөйтіп мен сенің бөлмеңді анықтадым. Алла-тағала маған сені меңзеп тұрғандай көрінді. Менің сенің сыртыңнан қарайтынымды өзің де жақсы білгенсің, бірақ қандай ойда болғаның маған беймәлім болды. Соншалықты сабырымның күштілігі ме, уақыттың сынына қатты мән бергіштігім бе, өз-өзіме сенімсіздік пен тартыншақтық па немесе сенің сол кездері кешкілік уақыттарда бір жігітпен кездесіп жүргендігің бе, – мен ішімде жатқан жаңа сезімді күшпен тоқтатып, жүрегімнің бір түкпіріне сақтап қойдым.

Сыртыңнан қанша ғашық болсам да, сол кезге дейін аты-жөніңді білмейді екенмін ғой мен бейбақ. Тіпті әлеуметтік желіден досымыз екеуміз тауып алып, суреттеріңе «бестік» бағасын қойсам да, ғаламтормен достық ұсынуға батылым бармады. Жүрегім атқақтап кетті. Сен бірде: «Сәлем, Қуаныш. Қалайсың?» деп жаздың әлеуметтік желі арқылы. Менің атымды жазса, танитын болды ғой деп ойладым да, жауап қайтардым. Әңгімеден әңгіме шығып, сен өзіңнің 309-да тұратыныңды жазып қалдың. Дәл осы кезде мен қаттым да қалдым. Біраз қызықты жайттар да орын алды сол жерде. «Ол бөлмеде мен ғашық болған бір қыздың қасында тұрасың ба?» немесе «Сен мүмкін сол емессің бе?» деп сұрақтар жібергенім есімде. Сен сол кезде бәрін де біліп жүрген адам сияқты жауаптар қайтарған соң, «Дәл өзі сияқты» деп ойладым да, әлгі жерде «Ғаламтордағы суреттеріңе кіріп көрейінші, рұқсат па?» деп сұрадым. Кіргенімде, суреттеріңді көргенімде анық көзім жетті. Мен шын ниетіммен ұнатқан қыздың дәл өзі екенсің! Жастық пен жасқаншақтық па, әлде ниеттің тазалығы ма, буын-буынымнан әл кетіп, өзім сүйген жанға қарай қадам жасау қиынның қиыны екен.

Иә, біз бұдан кейін өте жақын араласып кеттік. Кездесіп жақсы сырласып, әңгімелесіп жүрдік. Сен іштей өте көп нәрсені байқадың. Менің де ойым астан-кестен болды. Менің саған сырттай арналған бұрынғы сезімімді жақсы білгендіктен, қазіргі жай-күйімді де терең түсінгендіктен, ерте ме, кеш пе, сөз салатынымды анық ұғындың. Десек те, сен маған: «Мен өзімді түсінбеймін, араласқан көп жігіттермен тек дос болып қала беремін», – деп астарлы ой айттың. Мен сенен сырласпай жүре бергенде де, сезімімді тізгіндейтінімді, екеуміздің арадағы сезімге әлеуметтік желідегі әлем себепші болмағанын қалайтыныңды түсіндім. Көп нәрсені үнсіз әрекеттерден-ақ ұғамын ғой, көзқарастарыңнан да сеземін. Алланың маған сыйлаған қайсарлығы шығар, тағдырыма үнемі сен жазылғандай күй кештім. Менің осы уақытқа дейінгі бүкіл өмірім тоқтап қалды және тұңғыш рет күні-түні сені уайымдайтын болдым. Бірінші рет мен қызбен жақын сырласып, ең жақын серігімнің біріне айналып кеткеніңе дән риза едім.

Сая, білесің бе, сөз жоқ, мойындаймын, біздің өте кереметтей бір-біріміздің бет пердемізді ашып, терең танысуымызға орта буын мен қарттарға мүлде бейтаныс әлеуметтік желі себепші болған шығар. Шын мәнінде, мен тек таза ғаламтор арқылы бір-бірін көрместен жатып әрі бір-бірін білместен жатып виртуально танысып, кездесіп көретіндерге таң қаламын. Ондайға қарсымын. Мүмкін, бақтары жанып кетер, алайда жүрегім олай еткенді қаламайды. Ал қыздардың өздері бірінші танысып, кездескісі келетіндіктерін жазса, тіпті төбе шашым тік тұрады. Саятай, біздің таныстығымыз мұндайға мүлдем ұқсамайды. Бір жатақханада тұрып, сыртымыздан жақсы танитындықтан, жүрегімнің астарында саған арналған мөлдір сезімді аялап сақтап жүргендіктен, қалайша тек ғаламтор құралы себепші болды деп айтамыз?! Неге мен саған ұзақ уақыттан кейін «достық жібердім» әрі неге мен сол кезде мән бермей қоя салмадым? Құдайдың бір-бірінің жанын ұғынуға жол таба алмай жүргендерге жасаған үлкен мүмкіндігі осы деп қараған жөн шығар. Мұның барлығы жазмыш.

Адамдардың барлығында ақыл деген рухани ұғым бар. Бұрынғы бабаларымыздың көпшілігі осы нәрсеге қатты мән беріп келді. Ақыл – адамды адастырмайтын, ойдан да биік тұратын, ешбір нәпсіге тәуелді емес дерексіз сезім. Әл-Фарабиден басталған білімдарлар, Абай мен Шәкәрім, Міржақып пен Машһүр Жүсіп сияқты ислам дінінің ғұламалары ақылды рухпен қатар қояды және рух пен жанның мүлде бөлек нәрсе екенін жырлайды. Басқаша айтсақ, жаратушының бар екенінен хабар беріп отыратын – ақыл. Ол адамның әрбір әрекеттерінің дұрыс я бұрыс екенін өлшеп отырады. Мысалы, сен көшеде келе жатасың да, бір бейшара қайыршыны көзің шалады. Сол кезде көпшілік ойлағандай, «Әдейі істеп жүрген біреу, жұмыс істемей ме, неменеге бүйтеді екен? Ақша бермеймін» дейсің іштей. Бұл сенің ойың ғана. Ал ақылың осы жерде іске қосылады. «Шынымен де қайыршы ғой, ақша бере салшы, мен қателесіп тұрған болармын, ештеңем кетпейді», – ақылың ойға осындай нұсқау береді. Қысқаша айтсақ, ақыл мен жүрек қашанда мейірімділік жасауды сүйіп тұрады. Алла-тағаланың нұсқауларын адам санасына жеткізіп отыратын осы ақыл мен жүрек сезімі ғана. Әр адам өз ақылының берген хабарламасын орындаса, дүниеде ешбір әділетсіздік болмас еді. Себебі ақылыңа нұсқау салатын құдай – мейірімділік пен кешірімнің символы. Достық сезім – пікірі бірлердің қоғам ортасында бірлесе жұмыс атқаруы, жақсы қарым-қатынаста болып, сыйластықта жүруі. Әрине, көп жағдайда белгілі бір себептер төңірегінде ғана дос боласың, ол досыңның басқа қырларын тани алмай жатасың. Жігіт пен жігіт, қыз бен қыз арасындағы достық сезім – бір-бірін сыйласып, көмектесіп, қайғы мен қуанышта қатар жүруімен, ақыл-кеңестерін айтып, бір-бірі үшін жан берісуге дейін дайын болуымен шектелетіні шындық. Ал жігіт пен қыз арасында да дәл осындай достық болады, тек шындап үңілетін болсақ, үлкен өзгешеліктерді байқайсың. Біз пенде болғандықтан, үнемі ойымызда жаман нәрсе қылаң беріп отырады. Ойыңды сыртқа сездірмесең де, Алла алдында аян. Сондықтан ең бірінші жүректі кірлетіп алмау керек. Жігіт пен қыз қарым-қатынастарында міндетті түрде үшінші нәрсе – шайтан жүреді. Ақылға салсақ, жігіт пен қыз арасындағы достық сезім кемеліне келіп, гүлденіп тұрса, бір-бірін шын түсініп, ниеттері ақ болып, жақсы сырласып, мінездерін бес саусағындай білсе, қайғы мен қуанышта үнемі бірге жүрсе, шаңырақ көтеріп, екі дүниеде де бірге болуды уәделескендері дұрыс емес пе? Бұрынғы достық сезім бұл кезде тіпті керемет болып, шарықтау шегіне жетіп, Алла алдында мерейің тіптен үстем болмай ма? Құдай алдында ең абыройлы іс – берекелі отбасын құрып, отау тігіп, тәрбиелі сәби өсіріп, күйеуі әйелін, әйелі күйеуін сүйіп өмір сүруі емес пе? Ешқандай айыбы жоқ, қайта сауапты іс. Талай қыздардың түсініктеріне іштей жаным ашиды. Бір жігітті досым деп атайды, бір жігітті жігітім дейді. Сондай екеуінің айырмасы не деп сұрасаң, «жігітің ол сенің жарың, досың ол сені түсінетін жай адам» дейді. «Сонда жігітің жақын ба, дос жігітің жақын ба?» десең, «Жігітің, бірақ досың да жақын ғой»,– деп әдеттегі түсініктерді айтып, өзінше екеуін де жақын тартқан болады. Ақылға қонымды жауаптар жоқ. Демек, бәрі де біз жоғарыда айтқанға сай келіп тұр. Өте үлкен түсінікпен қарасақ, бірінші кезекте құдай парыз еткен нәрселерді еске алатын едік. Ақылыңның, жүрегіңнің қалағанын жасаған жөн. Жүрек те, ақыл да тек құдайдың сезімін жеткізеді. Ниетің де, сезімің де ақылдың дегенін істеуге даяр. Ойдың дегенін жасап, оны жүрегімнің қалауы деп ешқашан қателеспеу керек.

Махаббат, ғашық болу, жақсы көру сезімі, сөз жоқ, бар. Бірақ қате түсініп, бастарын тау мен тасқа ұрып жатқандар өте көп. Көшеде ауыз жаласып немесе жұрт көзінше мақтанғаны тәріздес құшақтап тұру, ел көзінше аймаласу, тіпті некелері қиылмай жатып, құмарлықтың жетегінде кетіп, жақын қатынасқа түсу – бір-бірін шын сүйгендердің ісі деп ойлайсың ба, Сая?! Алланың сыйлаған кереметтей ләззәт сезімін қорлап, оның қадірін түсінбей, заңды ақ некеден кейін ғана игілікті болатынын ұғынбай, сабырсыздық танытатын жұптар арасында қаншалықты деңгейде махаббатты түсіне білу бар деп ойлайсың, Саятай? Жүрегіңнің дегенін тыңдап көрші, осы нәрселерді ақыл мен жүрек түбінде құптамай тұрады. Демек, бізді жаратушы Алла үшін де бұл нәрсе теріс.

Ең дұрысы – ешбір құмарлық араласпаған таза мөлдір сезім ғана махаббат болса керек. Ол сенің жүрегіңдегі сенімің, бір Аллаға деген сенімің. Сол Ұлы жаратушыға деген ғашықтығың, егер әрине, ғашық бола алатын қабілет біздерде болса, шынайы деп ұғынамын. Қазіргі адамдар ұлықтап, жырлап, жігіт пен қыз арасындағы махаббатты ең асыл нәрсе етіп көрсетіп, Алланы екінші орынға қойғанын да сезінбей қалады. Қалған махаббатты жақсы көру, бір-біріне бауыр басып кету деп қабылдап, тек қана ақылдың нұсқағанына жүгінген дұрыс. Сезімнің жетегіне еріп, жұптар арасындағы негізгі міндеттер мен парыздарды дұрыс ұғына алмай немесе бір-бірінің ақыл-кеңестеріне құлақ аспай үйленгендер түбінде ажырасып тынады. Осындай қарапайым түсініктерге мән берілмегеннен үлкен өкініштер туындайды.

Сая, мен қазір құдайдан тек сенің амандығыңды тілеп, саған бар ойымды қалай жеткізсем деп, толқып отырмын. Саусақтарым пернелерді басуға қиналып, қатты дірілдеп тұр. Түсінші мені. Оқып-оқып осы жерге келгенше, талай нәрселерді санаңа түйдің деп сенемін. Мен өмірімде бірінші рет сырымды ақтарып, бүкіл құпияларымды саған жайып тастадым. Солай жеңілдеп қалатын секілдімін. Білесің бе, мен сенімен кездескенде, сырттай қалжыңдап, сездірмегеніммен, іштей қатты толқимын. Жүрегімнің елжіреп тұратыны соншама, сен сияқты құдайдың бере салған томпақ қара қызын (анаңның еркелететіні секілді) құшақтап, сүйіп-сүйіп алғым келіп тұрады. Сенің қасыңда тұрғаным – менің ең бақытты шақтарымның бірі болар. Сен барлығын да жақсы түсінесің. Отбасылық өмірдің бүкіл қыр-сырын терең меңгеріп алғансың және толыққанды дайынсың. Менің отбасылық өмірге көзқарасымды міне, оқып білдің. Бойымдағы саған арналған сезімім алдамшы емес, құдай куә, шынайы. Талай жігіттер сенің көркіңе мас болып, өз ортасында сенімен мақтану үшін, саған өтірік ғашық болып, гүл сыйлап, әдеттегі жаттанды қадамдармен өзінше сөз айтқан шығар. Оны өзің де айтқансың. Сен ондайға ешқашан лайық емессің. Мен сенің не қалайтыныңды, сенің жүрегіңнің не іздейтінін сенен де терең білемін, Саятай. Қанша жерден сен қателессең де, қанша жерден сен шалыс бассаң да, қанша жерден маған теріс айналып, қарамай кетсең де, қанша жерден менен де мықты, менен де күшті, түрі де келісті жігітпен көңіл қосып кетсең де, дәл менің алдымда еркелеген қалпыңда, таза күйіңде, мені ұғынатын Саятай қалпыңда қаласың... (Кешір, көзіме жас толып, жаза алмай кеттім, не дерімді білмей, тек шын сезімімді ақтарғаным қандай қиын еді). Өмірден мезгілсіз кеткен сенің әкеңнің рухы алдында да, өз әкемнің рухы алдында да, құдіреті күшті құдайдың алдында да сенімді түрде айта аламын – сендей асыл қызды мәңгілік панамда ұстап, қорғаның болуға дайынмын. Екеуміздің анамыздың алдында да, тізе бүгіп, уәде беремін, Сая. Мен сені ешқашан да ештеңеге тарықтырмай, сен үшін өмір сүруге, сенің жағдайыңды жасап, тату-тәтті отбасын құруға дайынмын. Ешқандай да асырып айтқаным емес, сен ер адамның жұлдызын жаға білесің, оның өмірге деген үмітін қайта оятып, басына бақытын қондырып бере аласың. Егер әрине, сенің жаныңды шын түсінетін жігіт болса ғана. Саятай, сен менің маңдайыма біткен жұлдызсың. Өзіңнің үнемі біреуге керек екеніңді, біреудің сені уайымдайтынын сезінген қандай бақыт десеңші, Сая. Анамнан басқа ешкімге керексіз күйде жүретін тағдырыма сен келіп қосылып, үмітімді жандырғандай болдың.

Мен сенімен достасқаннан кейін, сені жақын сырласым деп білгеннен кейін, сенің қателікке ұрынбағаныңды қалаймын. Кезінде мұны да айтқанмын. Бірақ сен өз ісіме жауап беремін дедің. Әркім өз ісіне жауап беретіні түсінікті жайт. Мен абырой мен бауырмашылдық, шынайы сүйіспеншілік сезімі тұрғысынан қарап, ізгілікті ойлаған едім. Шын айтамын, Сая, сені түсінбейтін, құмарлықтың құлы болып, адам жанына тереңінен мән бермейтін қолға түсіп, жат құшағында жүрегіңнің азап шеккенін ешқашан қаламаймын! Ертеңгі күні Алла мен арымның алдында ол нәрсе маған сын болады, себебі мен сенің жайыңды анық түсініп тұрғандықтан, неге аялы қыздың бақытын біреудің мазағына бердіп қойдың деп мені қыспаққа алады. Адамгершілік жағынан қарасақ осылай. Мен саған сол кезде айтқан себебім де сондықтан еді.

Қоғамда шын мәніндегі имандылықты ұстанатын жандар некен-саяқ. Және намаз оқитын-оқымайтындығымен барлық адамгершілігін өлшеп, иманды немесе имансыз екендігін анықтай салатын заман туды. Бұл үлкен қасірет. Жаппай намаз оқу сәнге айналғандай, тозақты дәл адамды шыжғыратын от деп түсініп, жасаған күнәсін жуу үшін, ыстық отқа түспес үшін намаз оқып жүргендер қаншама. Бұл туралы сенің ойыңды білгенде де, дән риза болғамын. Ислам дінінің кереметтігін теріс түсінгендер – қоғамның құрты, алайда бес саусақ бірдей емес. Менің айтпағым ниеттің түзулігі, жүректің тазалығы, Алланы мойындау – осыларды шынайы ұстай білсең, үлкен жетістікке апарады. Адамдардың барлығы бір түсінікте, бір ұғымда болады, ақыл-ой бәріне теңдей берілетін болса керек. Ал бірақ біреу тумысынан мүгедек, кемтар, ал біреудің түрі келіспеген, ұсқынсыз, енді бірі сұлу. Олардың әрқайсысы өмірдегі адамдар, жандар. Алланың жазмышымен солай болды. Енді оған шара не? Жанына үңілсең, бөлек әлемге кіресің. Түрі жаман екен деп, олармен тіл қатыспай қойсаң, олардың зары мен мұңына құлақ аспай қойсаң, құдайдың қарғысына ұшырап, құдайды ренжіткеніміз. Кім-кім де болса, өз үлесін алып, жақсы өмір сүргісі келеді. Алдымызда қандай жай күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Бұл нәрсенің бәрін де сен, Саятай, менен де терең түсінеді деп сенемін.

Менің бағым да, бақытым да, барлық үмітім де сенің қолыңда секілді. Еркектің қандай дәрежеде болмағы, қоғамда қалай көрінбектігі түгелімен үйінде отырған асыл жары – әйелімен тікелей байланысты ғой. Үй жағдайыммен де жақсы таныссың, бастан кешіргендерімді де білесің. Қалтам да жұқа, қадамым да қысқа. Анам мені ер жеткізді, енді менің бетіме қарап отыр. Жұмыс істеуге де шамасы аз. Зейнеткерлік жасқа жетті. Шындығын айтсам, маған барлығын басынан бастау керек. Жалғастырып әкететін әкеден де, шешеден де ешқандай мұра қалған жоқ. Алланың жолында адал еңбек етіп, барлығын өз күшімізбен тауып, шаңырақ көтергенімді армандаймын. Құдайдан тілерім де осы. Қасыңда сөз байласқан сенімді серігің, тіреу болатын, қиналғанда жұбатып, қуанғанда бірге бөлісетін адал досың – уәделескен болашақ әйелің болса, өмірге деген көзқарасың да өзгеше болады ғой. Басыма бақыт қондыратын сен деп білемін. Қайтыс болған әкемнің жалғыз ұрпағына – маған сенімді жар болуға келісіміңді берші. Анамның адал келіні болуға, менімен барлық өмірді қайта бастауға ат салысып, қол ұшыңды созшы, Саятай. Білемін, мұның барлығы үлкен жауапты іс, үлкен түсінікпен, сабырмен, ақылмен қарайтыныңа сенемін. Екеумізге де Алланың жіберіп тұрған мүмкіндігі шығар, Сая. Қолымызға қонып тұрған бақытты ұшырып алмауға, не көрсек те, тағдырдан көретінімзге бірлесіп, уәдемізді берейікші. Өзара жақсы түсіністік шын мәнінде, махаббат сезімінен әлдеқайда жоғары ғой. Құдайға керектісі де жұптардың бір-бірін сыйлап, бір мақсатта жұмыла жұмыс істеп, бір-біріне қатты бауыр басып, өзара жақсы түсіністікте болу емес пе? Сәби өсіріп, оған жақсы тәрбие беріп, ана мен әке атану емес пе? Міне,  махаббат та, сүйіспеншілік те, ғашықтық та осы. Ақылыңды іске қоссаң, ниетің өз қолыңда, Сая. Менің өзіңе арналған таза, кір шалмаған адал ниетім мен сезімімді қабыл алшы.

Қай ана баласына жамандық ойласын? Бізді тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген аяулы аналарымыз әрқашан біздің жақсы отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешіп кетулерімізді тілемей ме? Анамыздың жағдайын ойлайықшы. Мен сені жақын танысқан күндері анама айтқанмын тұңғыш рет. Анам үлкен түсінікпен қарады әрі үйге сенбі сайын келгенімде, сенің халіңді сұрап жүрді. Сен менің жазғандарымда қандай да бір қателіктер болса, кешірім сұраймын. Мүмкіндігінше, басымнан өткен өмір мен қазіргі түсініктерімді бірін қалдырмай жазуға тырыстым. Алладан тілейтінім де анам мен сенің жақсы өмірде сүруің. Бізді, анам екеумізді ешбір себепсіз қалдырып кетпеуіңді өтінемін. Саған жасаған осы қадамым сәтті болса екен деп тілеймін. Ең бастысы екеуміз бір мәмілеге келіп, бір жақты шешіп алып, сөз байлассақ деп ұсыныс тастаймын. Өзімнің арымның алдында, сені келешек құдай қосқан қосағым деп тануға сөз беремін. Менің бұл жазғандарымды жан-жақты түсінесің деп сенемін әрі заңдылық ретінде қарайтыныңа, Алладан жәрдем тілеп, бір өзіңнен үлкен мәндегі жауап күтіп отырған маған уақыттың сынынан әбден өткен қуанышты хабар жеткізетініңе үміттімін. Сау бол. Анаңа және туған-туысқандарыңа Алла шапағын төксін.

Сәлеммен, асыл досың – Қуаныш АБАЙБЕКҰЛЫ.

Бөлісу: