Русофобия ұғымы қалай пайда болды?

11 Мамыр 2023, 14:52 1703

Қазіргі аласапыран саяси ойындардың заманында әлемде русофобия термині әсіресе батыс елдері тарапынан кеңінен қолданылып жатқаны белгілі. Тәуелсіздігін алғалы отыз екі жылдың жүзі болған Қазақстан үшін русофобия ұғымының қажеті бар ма? Арамызды жеті мыңнан астам шақырым шекара бөліп отырған екі елдің бірімен-бірі жауласуы жақсылыққа апармасы белгілі.

Жалпы русофобия ұғымы қайдан пайда болды? Оның тарихына тоқтала кетсек:

Бұл термин 1815 жылы Наполеон империясы құлағаннан кейін кең таралып, кейіннен  Англияға ауысып 1820-1840 жылдары толық қалыптасып, еуропаның көптеген елдеріне тарады.

 Жалпы алғанда, Русофобия- термині немістің Russophobie сөзінен шыққан. Қорқыныш, күдік деген мағына береді. Қарапайым тілмен айтқанда Ресейдің сыртқы саясатына берліген анықтама.

Русофобияны ғалымдар «бұқаралық» және «элиталық» деп екіге бөледі. Бұқаралық русофобия саяси белсенділер жүргізілген ауқымды ақпараттық насихат жұмыстарының нәтижесінде халық арасында кең таралып кетеді.

Элиталық (саяси) русофобия жоғары биліктегілердің саяси көзқарасынан туындайды. Мұндай қатынас неміс басқыншылары тарапынан әсіресе Үшінші Рейхтің үгіт насихат бөлімінде кеңінен қолданылған. Қандай да бір қоғамдық бірлестікті, саяси партияны немесе оны басқарушы элитаны, мемлекетті жек көрінішті, басқыншы етіп көрсетудің амал тәсілдерінің бірі ретінде саналады. 

Мәдениет, әдебиет, ғылым, әскери, саяси  салалардағы  Ресейдің жетістіктері Еуропа елдері қатарынан қашанда русофобиялық көзқарастарды қалыптастырудың басты құралы саналып келгені белгілі. Әлемдегі Ресейдің ықпалын азайту мақсатында жасалған.  Әрине, әлемдік нанотехникалық ғылым саласында Ресейді ерекше дамыған ел деп айта алмаймыз.

Алайда, Кеңестік кезеңнің өзінде ғарышқа алғаш адам ұшырған, атом бомбасын ойлап тапқан, әскери қару жарақта әлемде бірінші орындағы ел ретінде Еуропа елдерінің ымыраласып, ығысқаны рас. Бұл өз кезегінде барлық еуропалықтар арасында орыс халқына оның саяси билігіне деген жек көрінішті қалыптастырып үлгерді.

Русофобияның әсері мен саяси биліктің озбырлығының қазақ халқына да қандай әсері болды.  Ресей патшалығы  1867-1868 жылдары жүргізген реформалар Қазақстанды отарлау саясатына бағытталғаны анық.  Қазақ жерін бөлшектеу арқылы әкімшілік құрылыстарға бөліп, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының барлығына тікелей әсер етті.

Аға сұлтандар, болыстық сайлауларын енгізу арқылы халықты бөлу, атақ, марапаттар тарату, арнайы дайындалған дін өкілдерін жіберу арқылы қазақ қоғамының байырғы наным-сенімдерін өзгерту жұмыстары  белсенді жүргізілді. Қазақ халқын мәдениетсіз, бұратана халық ретінде көрсете отырып, жері мен елін талан-таражға салу саясаты көптеген жылдарға созылды. Әкімшілік құрылысқа келер болсақ, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты міндеті – "қазақ даласын Ресей құрамына толық бағындыру" бағынышты елдерді  бір әкімшілік  басқару жүйесінің құрамына біріктіру. Нәтижесінде жергілікті билік өкілдерін ығыстыру арқылы тұрғындар мен оның табиғи байлықтарын еркін пайдалануды көздеді.

Бұл туралы белгілі журналист, этнограф Бекен Қайратұлының «Қазақия қалай отарланды» кітабында толық дәйектерімен келтірілген. Қазақ жерін отарлау саясаты Кеңестік кезеңде де жалғасты. 1928 жылғы жаппай ұжымдастыру, 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы саяси репрессия, Н.Хрущевтың Қазақстанды «Тың өлкесіне» айналдырып, солтүстікті Ресейге, батысты түрікмен мен тәжікке, оңтүстікті Өзбекке беру арқылы «Орталық Қазақстанды» ғана қалдыру саясаты  мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеновтей есіл ерлердің ерең еңбегімен, көзсіз батырлығының арқасында жүзеге аспағаны белгілі. Мұны қанша айтқысы келмесе де, тарихты ешкім бұрмалай алмайды.

Русофобияның бір көрінісі негізінен орыс тілді ұлт шоғырланған қалаларға қаражат құйып, барлық инфрақұрылымды дамытып, замануи қалалар салып, басшылық қызметтерге өзге ұлт өкілдерін тағайындау белең алды. Маңызды Мәскеу мәселелер арқылы ғана шешілді.

Қазақ тілін тұншықтырып, әкімшілік, саяси, коммуникация т.б салаларда қолданудан алып тастаудың нәтижесінде қарапайым қазақтар өз тілінде сөйлеуге арланатын, қорқатын дәрежеге жетті. Ұлттық мектептерді, балабақшаларды жаппай орыс тіліне көшіріп, орысша ойлайтын, оның идеологиясына берік азаматтарды ғана тәрбиелейтін қоғам пайда болды. Бас көтеріп, ақиқатты айтқысы келгендер репрессияға ұшырады. Ал қазақтарды көбіне инфрақұрылымы дамымаған ауылды жерлерде ұстап, ғылыми технологиядан артта қалған қараңғы халық ретінде бағалады. Ұзақ уақытқа созылған отарлау саясаты расында өз жемісін берді десек артық айтқандық болмас. Мұның зардабын елімізді тәуелсіздік алғанына отыз жыл өтсе де тартып келеміз. 1986 жылғы Алматыда өткен «Желтоқсан көтерілісі» қазақ халқын оятты. Жылдар бойы қорқыныш пен үрейде өмір сүрген қазақ халқы селт етіп оянғандай болды. Бұл көтеріліс 1991 жылғы Кеңес империясының күйреуіне, басқа да ұлттардың өз еркіндігі, азаттығы үшін себепкер болғаны тарихтан белгілі. Осындай саяси оқиғалар қазақ халқына  русофобиялық көзқарасты қалыптастарды.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда русофобия қалай әсер етуде. Әрине, бүгінгі таңда халқымыз өз тілінде еркін сөйлеп, ойларын ашық білідіріп, ғылым, білімнің озық технологиясын пайдаланып, жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің озық университеттерінде білім алып «Жаңа Қазақстанды» қалыптастарды. Билік басын да қазақ азаматтарының келуі, тіл, жер, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы саясатта таразылап, жеті рет өлшеп бір кесетін көпвекторлы саясат ұстану арқылы халықтың әлеуетін жақсартуға барынша жағдай жасап жатқаны анық.

Дегенмен, халық арасында русофобиялық көзқарас бар. Әрине бұл тақырыпты нақты әлеуметтік зерттеулер жүргізілмегендіктен осынша пайыз деп дөп басып айту қиын.  Оның бірінші факторы әлемде қамтыған әлемжелі шырмауығы. Ел халқының 90 пайыздан астамы әлеуметтік желіні пайдаланатынын ескерсек, жылдам таралып жатқан ақпараттық жүйенің мемлекеттік иедологияны қалыптастаруға дес бермей отырғанын байқаймыз. Рас, өтірігі анықталмаған әлемжелідегі ақпараттардың бұқараның саяси көзқарасын өзгертуге тигізіп жатқанын көріп отырмыз.

Екінші факторы халықты өзінің саяси ойындарына пайдаланып отырған саясаткерлер. Сайлауалды мерзімде ұлтшылдықты қоздырып, өткен тарихтағы озбырлықтарды қайта айту арқылы өзін халқының қамын ойлаған, әсіре ұлтшыл азамат ретінде көрсетуге тырысатын ойыншыларда русофобия ұғымының қоғам арасында кеңінен таралуына әсер етуде. Әрине, сайланып алған немесе белгілі межедегі өз мақсатына жеткен соң бұл әңгімені өрбітпей, жылы дауып тастап отырғанын көріп отырмыз.

Үшінші факторы әсіре діншілдер. Дәстүрлі исламнан тыс көзқарастағы азаматтардың ел ішінде өзге ұлттарды кәпір санап, оларға үкім шығарып, уағыз жүргізіп, насихат жұмыстарын мешіттерде, қоғамдық орындарда, әлеуметтік желіде белсенді жүргізіп жатқаны да халықтың ой, санасына, көршілес елге деген көзқарастарының өзгеруіне кері әсерін тигізіп келеді.

Сондықтан да мемлекет тарапынан русофобияға қарсы іс қимылдардың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажет сияқты. Мұнда діни, саяси, әлеуметтік саланың барлығын тұстарын қамтамасыз ете отырып, ауқымды ақпараттық-идеологиялық  жұмыс жүргізу керек. Бұл орысты «жақсы көр» дегеніміз емес. Онсыз да саяси алпауыттардың ортасында ілбіп келе жатқан мемлекетіміздің бейбіт, тыныш өмір сүруі және ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау, тілімізді дамыту, қазақ элитасын қалыптастыру жұмыстарын кезең-кезеңмен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маневрлы ойындардың бірі ретінде есептеуге болады.

Дегенмен де, бүгіңгі таңда қазақ тілді мектептер мен балабақшалардың саны өсіп, шетелден миллионнан астам қандастарымыз оралып, елімізде қазақи орта, қазақи элита қалыптасып келеді. Бұл бағытта тиісті шаралар қабылданып келеді. Елдегі русофобиялық көзқарас Ресей-Украина арасындағы қақтығыстар салдарынан орын алғаны ақиқат. Ресейді еуропа елдері басқыншы мемлекет ретінде көрсетіп, әлемдік ортадағы саяси ықпалын азайту үшін русофобиялық саясат жүргізіп жатқаны хақ. Алайда қазақ үшін оның саяси элитасы үшін бұл тиімсіз саясат болмақ. Себебі Кеңес Одағы кезінен экономикамыздың барлық саласы ТМД кіретін елдермен тығыз байланысты.

Қазақстан өзінің әлемдік саясаттағы орнын бекемдеп, экономикасын аяқтан тұрғызып, ғылымын дамытып, өндірісін дамытып, табиғи русурстарын өзі пайдаланып, одан қажетті тауар өндіретін бейтарап елге айналу үшін жылдар мен сындарлы саясат керек. Ал оған қол жеткізудің негізгі факторы –бірлік. Қазақ халқы өз елінде басымдыққа ие бола отырып, өзге ұлттарды да сыйлап, құрметтеп, олардың ел игілігі үшін, ертеңгі болашақ үшін еңбек етіп, Қазақстанның дамуына үлес қосуына ықпал ету. Қазіргі кезде елімізде мемлекеттік тілімізді меңгеріп, салт-дәстүрімізді сыйлап, ел қатарлы еселі еңбек етіп жүрген орыс бауырларымыз баршылық. Әлемдік аренда Қазақстанның атын шығарып жүрген Г.Головкин, Н.Рудакова, И.Ильин секілді спорт, мәдениет саласының қаншама майталмандары бар. «Қазақстан менің Отаным» деп есептейтін патриоттардың көп екенін ойдан шығармауымыз керек. Білім, ғылым, әкімшілік, ақпарат салаларында жемісті еңбек етіп жүргендер көп. Көпұлтты мемлекет ретінде оның бірлігін, ынтымағын қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы да, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Этносаралық қатынастарды дамыту Комитеті де көптеген игі істер атқарып келеді. Әлемде көптеген ұлттар мен диаспоралардан құралған мемлекеттер аз емес. Сол АҚШ тың өзі де, іргелес Қытай да, көршілес Рсесей де көп ұлтты мемлекеттер. Оларда мұндай түрлі фобиялармен ауырмайды. Барлығы жұдырықтай жұмылып экономикасын қарыштап дамытып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазакстан» білім мен ғылымы дамыған, экономикасы өрістеген, жастары өз тілінен басқа өзге де тілдерді меңгерген, әскери әлеуеті мықты, бірлігі бекем, ырысы тасыған мемлекетті меңзеп отыр. Өткенмен өмір сүрген елдің болашағы бұлыңғыр. Кемел келешекке ұмтылу үшін өткеннен сабақ ала отырып, алға жылжу керек. Ал тарих сахнасында өткен түрлі қастерлі оқиғаларды бағалауды болашақтың еншісінде қалдырған жөн. Біз русофобия тағы басқа фобиялар, әсіре діншілідкке берілмей, әсіре ұлтшылдыққа беріліп кетпей келешек ұрпаққа қандай мемлекет қалдырамыз?- деген сұраққа бас қатырғанымыз жөн болар. Ғаламдық жаһандануға төтеп бере алатын, әлемде 9-орынды алып отырған ұлаңғайыр даланы сақтай отырып, дамыған мемлекет құру біздің басты міндетіміз болмақ.

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: