Қазақстандық влогерлер нені армандайды?

13 Желтоқсан 2017, 12:08 5018

Қазақстандық влогер Руслан Қанатбекұлымен сұхбат

Руслан Қанатбекұлының негізгі кәсібі фотограф. Қолы қалт еткенде кәсібінен бөлек  Youtube.com  видеохостингіне  эксперименттік видеолар түсіргенді жақсы көреді. Каналында 9 мың, «Инстаграмда» 12 мыңға жуық жазылушысы бар. «Тастанды сәби», «Арбадағы жігіт», «Әмиян», «Балгер», «Ұрлық», «Ардагер», «Таразыдан жеу» тағы басқа тақырыптарда түсірген эксперименттік видеолары көптің көңілінен шығып жүр. 

- Руслан, өзіңді оқырмандарымызға қысқаша таныстырып өтсең?

- Толық аты-жөнім – Төкенов Руслан Қанатбекұлы. Жасым 27-де. Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Бала кезімде нағашы ата-әжемнің ауылына демалыс сайын қыдырып баратынмын. Олар тоғыз жолдың торабында тұрады. Алысқа артынып-тартынып кетіп бара жатқан пойызға, оның ішіндегі адамдарға қызығып, ұзақ қарап тұратынмын. Теміржолшы боламын деп шештім. 9-сыныпты бітірген соң, колледжге осы мамандыққа оқуға тапсырдым. Бітірдім. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Өйткені студент кезімде ақша жинап, өзіме фотоаппарат сатып алған едім. Соның қыр-сырын меңгермекке ұмтылып, кейін табысты болған соң осы саланың соңында кеттім. Яғни, бес-алты жылдан бері той-томалақ, фотосессия түсіремін. Арсен деген досым екеуміз бірігіп «Modern» атты фотостудия аштық. Досым біраз уақыттан кейін басқа саланың тізгінін ұстады. Өзім ары қарай жалғастырып жүрмін.

- Ал эксперименттік видеолар түсіру идеясы қайдан келді? Не үшін бастадың?

- Фотографияның қыр-сырын, фото өңдеу бағдарламаларын жетік меңгеру үшін «Ютубта» көп отыратынмын. Шетелдің фотографтарының видеосабақтарын қарап, қолымды жаттықтырып, қайталап жүрдім. Таңнан қара кешке дейін бүкіл жұмысым «ютубқа» байланды. Сол кезде ара-арасында шетелдің эксперименттік видеолары жыпылықтап шығып тұратын. Бір күні осындай эксперименттік видеоларды қазақша жасап көру туралы ой келді. Досым Ілияс та қолдай кетті. Ізденіп, идеяларымды қағазға түртіп алып жүрдім. Сөйтіп екі жыл бұрын Үсен Баубек деген досым екеуміз бастадық. Ол – видеооператор. Бейнебаян, бейнеролик, деректі фильмдер түсіретін.

- Алғашқы түсірген эксперименттік видео не туралы болды? Жалпы, біздің халық біреуге көмектесу, қолдау жағынан қаншалықты белсенді?

-Ең бірінші жасаған эксперименттік видеомыз «Ұрлық» туралы болды. Көшеде, алаңсыз көлік күтіп тұрған бір жігіттің рюкзагынан, екінші бір жігіт әмиянын байқатпай алып кетеді. Ары-бері ағылған адамдар әлгі жігітке келіп, әмиянының ұрланғаны жайлы ескерте ме, ескертпей ме, байқамақшы болдық. Сөйтсек көп адамдар, қорқады екен. Байқамағансып өте шыққандар болды. Қыздар белсенділік танытып, ескертіп жатты. Ал бір жігіт, әмиянды ұрлап, қашып бара жатқан досымыздың соңынан қуып жетіп, «Бөлісейік, ұрлықшы екеніңді айтпаймын» деп те қоқан-лоққы көрсеткен. Негізі жігіттерге қарағанда қыздарымыз батылырақ секілді. Мысалы, біз «Төбелес» туралы эксперименттік видео түсірдік. Онда екі жігіт боп, бір жігітті ұрып-соғып, тепкінің астына алдық. Сонда көп ер адамдар жігіттердің мәселесіне араласпайық, өзара шешсін деді ме, айналып өтіп кетті. Қыздар келіп, қайта «ұрмаңдар, қазір полиция шақырамын» деп ескертті. Тіпті бір қыз танымаса да, «бұл менің ағам, қойыңдар» деп ортамызда тұрды. Жалпы, шетелдік эксперименттік видеоларды көп қараймын ғой. Салыстырып қарағанда біздің халық мейірімді, жаны ашығыш, көмектескісі келіп тұрады.

- Ең көп қаралған эксперименттік видео қандай?

- Біз о бастан жастарға, қатарластарымызға мән-мағынасы бар, тәрбие беретін дүниелер түсіріп, жарыққа шығарып көргіміз келді. Әртүрлі жағдайлардан сабақ алар, ойланар деген оймен бастағанбыз. Көп қаралған эксперименттік видеолардың бірі таразыға байланысты болды. Яғни, базарға барып, «Таразыдан жеу» деген видео түсірдік. Шынында да, базарға барғанда сатып алатын заттарымыздың бағасына, салмағына мән бере бермейміз. Сондықтан саудагерлер бірнеше айла-қулықтарға барады. Өзіміз базардың бір бұрышына салмақты дұрыс көрсететін таразы қойдық та, базардан картоп сатып әкеліп, тексердік. Сонда базар сатушыларының басым бөлігі таразыдан 300-400 грамм жеп қалады. Бұл эксперименттік видео 140 мыңнан астам рет қаралды. Негізі видеоканалымда эксперименттік видеолардан гөрі әзіл-әрекетке байланысты түсірілген видеолар көп қаралым жинайды. Мысалы, «Көрінбейтін жіп» деген әзіл видеомыз 300 мыңнан көп көрілді.

- Идеяны қайдан аласыңдар?

- Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлар жүрегіме қатты әсер етеді. Мысалы, соңғы кездері ер жігіттердің жауапсыздығынан қаракөз қыздарымыз жаңа туған сәбилерін қоқысқа тастап кету оқиғасы белең алып кетті ғой. Осыған байланысты Астанада «Тастанды сәби» деген эксперименттік видео түсірдік. Кәмила Мәулен деген журналист қыз жас ананың рөлін сомдады. Қуыршақты сәби сияқты орап, ішіне ұялы телефон салып қойдық. Кәмила ақ қар, көк мұзда кішкентай сәбиді орындыққа тастап, алды-артына қарамай қашады. Жасырын камерамен түсіріп тұрған біздер әлгі телефонға қоңырау шалғанда жылап жатқан баланың үні естіледі. Адам көп жүретін жер. Көбісінің шырқырап жылап жатқан балаға жаны ашыған жоқ, мойын бұрмай өтіп кетті. «Суықта көшеге тастағанша, балалар үйіне өткіз» деп айтқандар болды. Осылй көзбен көріп жүрген жағдайларды қозғап, үн қосқымыз келеді.

- Эксперименттік видео екенін түсінбей, түсірілмей қалған кездер болды ма?

- Бірде жұпыны киініп, қағазға«Жетім бала едім. Қолдарыңыздан келгенше көмектесіңіздерші. Көмектесе алмасаңыз, бір құшақтап кетіңізші» деп үлкен қып жазып алып, ұстап тұрдым. Досым жасырын камерамен түсіріп тұр. Көп ұзамай екі тәртіп сақшысы келді. Сөйтсем, бізде заң бойынша қағазға жазып, ұстап тұруға болмайды екен ғой. Эксперименттік видео екенін түсінді, бірақ олар маған «басқа амалын тап, әйтпесе айыппұл салынады» деп ескертті. Қала халқының жетім балаға қаншалықты жани ашитынын тексеріп көрмекші болған едім, өкінішке қарай ойым жүзеге аспай қалды.

- Бұл жоба саған не берді?

- Кейде фотографиядан, той-томалақ түсіруден, сосын көз майыңды тауысып, күні-түні ол фотосуреттерді компьютер бағдарламасымен өңдеуден де жалығасың. Сол кезде фотоаппартты алып, эксперименттік видеолар түсіріп, оны монтаждап, адамдардың әртүрлі ойын біліп, пікірлерін оқып, сәл де болса көзқарасын өзгертуге сеп болғаныңа қуанасың. Бұл жоб маған табыс әкелмейді. Өзім де табыс табу үшін бастаған жоқпын. Қазақ контентін дамытуға үлес қосқым келді. Өзім кейде әртіс, өзім жүргізуші, өзім оператор, өзім монтажер, өзім идея авторы болып кетемін. Былайша айтқанда, өзімді жан-жақты қырымнан сынап көріп жатырмын.

Фотосурет Руслан Қанатбекұлының жеке мұрағатынан алынды. 

Әлеуметтік эксперимент - "Әмиян".

Бөлісу: