Астананың триатлон паркінде «Run for autism» қайырымдылық жүгіру жарысы өтті жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл іс-шара дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орайластырылған.
Аталмыш қайырымдылық акциясы аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға және қаржылай қолдау білдіруге бағытталып отыр.
Ауқымды шара «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен және бірқатар серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қатысушылар 1, 2,5, 5 және 10 шақырым бойынша жүгірді. Сатылымдағы билеттерден түскен 6 миллион теңгеден астам қаражат аутизм және басқа да менталдық бұзылушылықтары бар балаларды қолдауға арналған «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасына бағытталмақ.
Ресми деректерге сүйенсек елімізде аутизм диагнозы қойылған 9 мыңға жуық бала тұрады. Оның ішінде 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2256 аутизмы бар бала Астанада тіркелген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне көз жүгіртсек, әлемдегі әрбір 54-ші балада аутистикалық спектердің бұзылуы бар. Өкінішке қарай, бұл сан жыл сайын артып келеді.
Бүгінгі шараға кәсіби спортшылар, жүгірушілер, әуесқой спортшылар, ерекше балалар және олардың ата-аналары және басқалары қатысты.
Жүгіруге елорда тұрғындары ғана емес, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей қалаларынан да адамдар келген.
Мысалы, Алматы қаласынан келіп қатысқан Бақтыгүл Әлімбекова параспортшы.
Жасым – 54-те. Спортпен соның ішінде, жүзумен, жүгірумен көптен бері айналысып келе жатырмын. Бұл қайырымдылық акциясына қатысып, бір үлесімді қосу үшін арнайы Алматы қаласынан келдім. Оған өзім де өте қуанып тұрмын. Мұндай шаралар еліміздің барлық қалаларында өткені дұрыс. Алғысымды айтып, тілектестігімді білдіремін. Өйткені, біздің балаларымыздың болашағы өте маңызды. Осындай қайырымдылық арқылы оларға көмегіміз өте қажет деп ойлаймын, – дейді параспортшы.
Айта кетейік, қайырымдылық іс-шарасының ақпараттық серіктестерінің ішінде біздің «Qazcontent» АҚ бар.