Рухани жаңғыру: шығыс қазақстандықтар көзімен

7 Қыркүйек 2017, 14:57 4906

Еуразиялық интеграция институты

Өскемен қаласында Еуразиялық интеграция институты өкілдері «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» атты тақырыпта сарапшылық кездесу аясында ІІ-ші өңірлік дөңгелек үстелде бас қосты.

Жиналғандар сарапшылық талқылауда Рухани жаңғыру бағдарламасындағы 6 шешуші жобаның бірі болып табылатын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының Шығыс Қазақстан облысында іске асыру мәселесіне баса мән берді.

Дөңгелек үстелдің жұмысына облыстың ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының, азаматтық секторы мен жергілікті атқарушы органдарының 40-тан астам өкілі қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева аталмыш бағдарламаның облыста қалай жүзеге асып жатқанын айтып берді.

Ғани Нығыметов, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

Шығыс Қазақстан облысының ғылыми-сарапшылық қоғамдастығын Рухани жаңғыру жобаларын талдау мен талқылауға белсене қатысуға, сондай-ақ оларды іске асыру тетіктерін жетілдіру жөнінде сындарлы ұсыныстар беруге шақырамын. Мұндай кездесулер сарапшылық қоғамдастық пен мемлекеттік билік өкілдері арасында өзінше бір «сағат тілін теңестіру» рөлін атқарады. Бұл шаралар орталық пен өңірлерде жаңғыру процесінің қаншалықты қатар жүріп жатқанын, олардың қоғамда түсінілу деңгейін және жергілікті жерлерде іске асырылу сапасын анықтауға көмектеседі.

Ғани Нығыметов сондай-ақ қазақ тілінің латын графикасына көшу, «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сондай-ақ «100 жаңа есім» жобасы туралы айтты.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ проректоры Анар Мырзағалиева іске асырылып жатқан жобалардың ғылыми негізділігі туралы баяндама жасады. Кездесу барысында сондай-ақ: А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Бибігүл Шағиева, Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Татьяна Шарбарина, ШҚО Білім беру басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығы директорының орынбасары Аркадий Исаев, ШҚО Білім беру басқармасы «Білім берудегі жаңа технологиялардың Шығыс Қазақстандық ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Әсел Оспанова, сондай-ақ ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев сынды мамандар ойларын ортаға салып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылады.

Ойлары бір арнаға тоғысқан Еуразиялық интеграция институтының өкілдері Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру процесін жетілдіру жөніндегі бірлескен ұсынымдарды әзірлеу үшін осындай форматтағы кездесулердің құнды екенін тілге тиек етті.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: