Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы

13 Сәуір 2017, 12:24 72710

Елбасы мақаласы жайлы депутаттар мен қоғам қайраткерлерінің пікірі

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың«Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланған болатын.  Рухани ой-толғауда ұлттық құндылықтарымызға, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы баяндалған. Мақала жайлы депутаттар мен қоғам қайраткерлері пікір білдірді.  

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:

– Қасиетті Ұлытаудың етегінде, Әулиелі бақтың басында жайғасып отырып, тұңғыш рет Елбасы тәуелсіздік алғалы өзінің халқымен, туған ұлтымен сырласып еді. Бұл жолы Елбасы ендігәрі не нәрсе мән беруіміз керектігін кеңінен толғайды. Елбасының балалардың көбі ата тарихынан, ата дәстүрінен алшақтаңқырап кеткені туралы айтқаны есімде. Елбасымыз цифрлы Қазақстан, үштілділік, конфессияаралық келісім төңірегінде ой өрбіткен.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

– Мақалада айтылатын дүние – ұлттың өзінің ұлттық кодын, генетикалық жадысын сақтап қалу деген дүние өте маңызды. Өйткені тамырынан үзілген бәйтерек ол жапырақ жаймайтыны сияқты негізгі дәстүріне тамырына сүйенбеген халық ұзаққа бармайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Бұл экономикалық, саяси жаңғырудан кем түспейтін, тіпті маңызы жағынан солардан кейбір аспектілері бойынша жоғары тұратын нәрсе. Мұны ұлттың жаңғыруы ретінде қарастыру керек.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ең алдымен Президенттің мақаласындағы ең соңғы сөйлемге назар аударғым келеді. Ол сөйлем өмір сүре білу үшін өзгере білу керек, өзгере білмеген халықтар, тарихтың шаң-тозаңында қалады деген. Президент «Туған жер» бағдарламасын жасап, туған ел ұғымына айналдыру мәселесін қойып отыр. Киелі жерлердің атласын жасау жөнінде мәселе қойып отыр. Осының барлығы ұлттық модернизацияға серпін беретін болады.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

– Еліміздің бәсекелесе отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылу кезіндегі рухани байлығымыздың үлесін көбейтуіміз керек. Оны күшейту керек. Өйткені бәсекеге қабілетті болу тек қана экономикаға байланысты емес. Біз құрған қазақ мемлекетіның, яғни біздің мыңдаған жылғы тарихымыздағы құндылықтардың барлығы біздің бойымызда болуы керек. 

Уәлихан Қалижан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры: 

– Осы мақаладан кейін бізге жаңа ой келіп отыр. Біз 100 томдық авторлық әдебиетті шығаруды қолға алмақшымыз. Өйткені бұл би-шешендеріміздің, сал, серілеріміздің, жазба  әдебиетіміздің бүгінгі күнге дейінгі шығармашылығын халыққа жеткізуді көздейміз. Енді осының негізінде ғылыми жоба жасап, оны болашақта жаңа ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану керек.  

Пунит Гаур, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы:

– Бұл тек бүгінімізге ғана шолу жасаған мақала емес. Онда болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілген. Қазір әлемдегі жағдай тұрақсыз. Терроризм қаупі жаһанға төнді. Бұл орайда Қазақстан әлем үшін бейбітшіліктің бесігі саналады. Ал рухани жаңғыруға көшу елдеріңізді жаңа асудан асыратынына сенемін. 

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

– Елбасы экономикалық реформаларды жариялады. Саяси реформаларға да кірісіп кеттік. Ал енді мынау рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Шынында бүгінгі таңда біздің халқымыз үшін ежелден келе жатқан біздің салтымыз бен дәстүріміз, мәдениетіміз – біздің ұлттық кодымыз.

Бөлісу: