«Рухани қазына - 2023» республикалық фестивалінің жеңімпаздары анықталды

1 Желтоқсан 2023, 22:45 1170

Бүгін Астанада Мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлері арасында жыл сайынғы «Рухани қазына – 2023» Республикалық фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның фестиваль қатысушыларына арналған құттықтау хатын вице-министр Арман Жүдебаев оқыды.

Мәдениетімізді асқақтату, осы саланың мамандарының мерейін үстем ету мақсатындағы «Рухани қазына» фестивалі ұлттық мұралар ұлықталатын алаң! Осы фестивалге қатысқан барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіріп, әділ-қазылар алқасына зор алғыс айтамын. Биыл кітапхана саласы бойынша - 78, музей саласы бойынша - 25, мәдени-демалыс ұйымдарынан – 70 өтінім келіп түсті. Әр өтінім бойынша түскен еңбектер егжей-тегжейлі қарастырылып, әділ-қазылар тарапынан толығымен іріктеліп, талданды, - деп жазылған құттықтау хатта.

Фестивалге қатысуға түскен барлық өтінімдердің ішінен 29 жұмыс іріктелді. «Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы құрметіне» арнайы номинациясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жеңімпаз атанды. «Тахауи Ахтановтың 100 жылдығы құрметіне» арнайы номинациясында Ақтөбе облысы С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік атанды. Жамбыл облысы Байзақ ауданының «Әл-фараби атындағы Мәдениет үйі» «Үздік креативті ойын-сауық мәдени жоба» арнайы номинациясының иегері атанды.

Сондай-ақ, ең үздіктер қатарында ауыл, аудан, облыстық деңгейдегі мұражайлар, кітапханалар мен клубтар, мәдениет үйлерінің қызметкерлері бар.

Жеңімпаздарға дипломдар, номинация атауы бар арнайы панно, сондай-ақ ақшалай сыйақылар табысталды. Арнайы номинациялардың иегерлері 300 000 теңге, үздік қызметкерлер 500 000 теңге, үздік ұйымдар 1 000 000 теңгеден қаржылай сыйақы алды.

Сонымен қатар, мәдениет саласын дамытуға ерекше үлес қосқан 10 мәдениет қызметкері «Мәдениет саласының үздігі» ведомстволық наградасына ие болып отыр. 

Перизат Саденова
Бөлісу: