Өрт өтіндегі өмір

24 Ақпан 2020, 17:20 6705

Өрт сөндіруші Дәурен Асанхановтың орындалған арманы

Әлемде сын сағатта басын бәйгеге тігіп, зардап шегушіні құтқару үшін қауіп-қатердің ортасында жүретін мамандықтар бар. Кез келген кездейсоқ адам бұл мамандықтың иесі бола алмайды. Солардың бірі – өрт сөндірушілер. Оларға жүректілік пен батылдық, қайсарлық пен батырлық тән. Себебі өмір мен өлімнің ортасында, күннің ыстығы мен суығына қарамастан өрттен адам өмірін арашалап жүрген абыройлы мамандық иелерінің жұмысы тәуекел мен қатерге толы. Сондай жанның бірі, өз мамандығын абыроймен атқарып жүрген Нұр-Сұлтан қаласы №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі - Дәурен Алиханұлы. Біз оның қауіпті қызметінің қыр-сырымен танысып, өрт сөндіру техникасы, өрттің алдын алу тақырыбында әңгімелесіп қайттық. 


(Суретте: Дәурен Асанханов)

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар Департаменің берген мәліметі бойынша 2018 жылы 650 өрт, 2019 жылы жалпы саны 653 өрт орын алған. Өткен жылы өрттен 15 адам қаза тапқан. Оның 5-еуі бала болса, жарақат алғандардың саны – 42.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 17 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Бөлімдердің кейбірі өрт сөндіру шараларына шықса, қалғандары өрттен қорғау мекемелерінде қызмет етеді. Сондықтан бірігіп жұмыс істейтін әр өрт сөндіру бөлімі өз аумақтарына тиісті аудандардағы шақыртуларға қызмет етеді. Күрделі деңгейлі өрт орын алған жағдайда олар күш біріктіріп жатады.

Дәурен Асанханов қызмет ететін №17 өрт сөндіру бөлімі Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданына қарайды. 1978 жылы құрылған бөлімде алғашында 11 техника құрылғысы болған және 73 адам қызмет еткен. Ал қазір техника саны – 7. Олардың біреуі негізгі, екеуі арнайы қалғандары қосымша техника болып саналады. Штат бойынша 66 жауынгер жұмыс істейді. 


(Суретте: №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері )

«Арманым мақсатыма айналды»

Дәурен Асанханов – Жамбыл облысының тумасы. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылындағы №2 орта мектепте білім алған. 2011 жылы 9 сыныпты аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне құқықтану мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын аяқтағаннан кейін бірнеше жыл құтқарушы болып жұмыс істеп, осы мамандықтың қыр-сырын үйренеді.

Бірақ, бала күнгі арманын орындау үшін Дәурен ата-анасының қарсылығына қарамастан елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына баруға бел буады. Өзіне бейтаныс қалада Төтенше жағдайлар департаментінің кадр бөліміне құжаттарын тапсырған. Ол қуанышына орай, қажетті тест сынағынан өтіп, өзге нормативтердің барлығын ойдағыдай орындап шығады.

– Бала күнімнен өрт сөндіруші болуды армандадым. Оған себеп адамдарға көмек көрсету, оларды құтқаруға кішкентай кезімнен жаным құштар болуы. Бойымда өз мамандығыма тән шапшаңдық пен қырағылық және тез арада шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік бар. Қызыл жалынды көргенде, бүкіл назарың адамды құтқаруға ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытасың, өзіңнің өзіндік әлемің болады. Өрт сөндіру мен өрттен адамдарды құтқару кезіндегі сезімді сіздерге сөзбен айтып жеткізе алмайын, – деді Дәурен Асанханов. 


2017 жылы №17 өрт сөндіру бөлімінде қарапайым өрт сөндіруші болып бастаған Дәурен үш жылда шыңдалады. Тәжірбие жинап, тәлімгерлерінен сабақ алады. Өрт сөндірушілерге арналған арнайы кәсіби үш айлық дайындық курсын тәмамдайды. Үш ай көлемінде өрт-сөндіру бөлімінің ішкі өмірімен танысады. Содан кейін ғана толық дайындықтан өтіп, жұмысына кіріскен екен. Жылдар өте еңбегі еленген ол аға өрт сөндірушілікке жетіп отыр. Бүгінде Дәурен бір бөлімнің командирі.

– Адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт шыққан аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп өрт сөндірушілер кіреді. Ең бірінші болып алдыңғы жағына тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Өртті өшіру оның деңгейі мен орын алған аумағына байланысты бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін, – дейді Д.Асанханов.

«Өрт сөндіруші болу оңай емес»

Өрт сөндіруші болатын азаматтарға қойылатын өзіндік талап бар екен.

– Кез келген 18-35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Тек мамандыққа деген ықылас пен ынта керек. Өрт адамның жүйке жүйесіне үлкен әсерін тигізеді. Сол себептен де өрт сөндіруші болам дейтіндердің жүйкесі темірдей берік болуы керек. Одан өзге міндетті түрде орта және арнайы орта білім қажет етіледі. Сонымен қатар әскери борышын өтеуі міндетті.. Ең бастысы, физикалық тұрғыда дайындығы мықты және денсаулығы жақсы болғаны маңызды, – дейді кейіпкеріміз.

Жылына өрт сөндірушілер үшін екі рет физикалық дайындық сынағы өткізіледі. Дайындықта арнайы тәртіп сақталады. Олардың күнделікті өмірінің өзі – спорт. Төтенше жағдайлар орын алмаса да, өрт сөндірушілер денесін шынықтырып, дайындық жұмысын жүргізіп отыруы тиіс. Дайындық барысында өрт сөндіруші 4-ші қабаттың баспалдағына 25 секундта шығу көзделген. Егер осы уақытта межені бағындырса, тамаша нәтиже деген сөз. Одан бөлек өрт сөндірушілер елордамыздағы Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан «Құтқарушы» спорт кешенінде жаттығады. Онда футбол залы, бассейн, жүгіретін алаң бар.  

Нар тәуекел – ер ісі

– Өрт сөндіруші болып жұмыс істеп жүрген үш жыл көлемінде түрлі дәрежедегі өрттер болды. Біздің бөлім жауынгерлік бөлім болғандықтан күніне шамамен 3-4 өрттен 13-15-ке дейінгі шұғыл хабар келіп түсетін. Ондағы өрттің шығуының себептері көп. Кейбір адамдар тұрмыстық жағдайда тағамдарын дайындап жатып ұмытып кетсе, екіншілері үйлерінде темекі тартады. Кей кездері тоқтың қысқа тұйықталуынан өрт орын алып жатады. Көп кездесетіні үтікті тоқтан ажыратпау жағдайынан өрттің шығуы, – дейді кейіпкеріміз. 


Дәуреннің алғаш өртке шыққан күні әлі күнге дейін есінде. Ол 2 және 3 жасар екі бүлдіршінді өрттен аман алып шығыпты. Оның айтуынша, өрт сөндірушілердің көп бөлігі жалақы үшін емес, «адреналин», «экстрим» үшін және мамандықтарына деген ерекше құштарлықтың себебінен жұмыс істейтінін айтты.

Өрт сөндірушінің айтуынша, елордамыздағы тұрғын үйлердің бірінде 10 қабаттан өрт шығып, бүтін бір отбасы есіктері бекітіліп, өрт кезінде сыртқа шыға алмай қалады. Дер кезінде келген өрт сөндірушілер отбасының барлық мүшелерін аман алып шығып, өртті сөндіреді. Ал екінші оқиғаны естігенде еріксіз езуіңізге күлкі үйіріледі.

– Бір орыс әжейдің үйінен өрт шығып, қызыл жалынды сөндіруге бардық. Барлығын аман алып шығып, отты сөндіріп, үйді оқшаулап жатқанмызда әлгі әже қою қара түтінннің ішінен әлдекімді дауыстап «Андрей?! Андрей?! Андрей..»,– деп шақырып іздей бастады. Біз әжейді сыртқа алып шығып, әлгі Андрейді іздеп өрт болған тұрғын үйге қайта кірдік. Бірақ қою қара түтіннің ішінен ешкімді таппадық. Кейін әлгі әжейден сұрасақ, біз іздеген оның баласы, не немересі емес, сүйікті мысығы екен...– деп күлімсіреді Дәурен.

Мамандығым – мақтанышым...

Күнделікті таңғы 8:15-те өрт сөндіру бөліміне келетін Дәурен 8:30-да жиын өтетінін айтты. Одан кейін олар күнделікті ереже бойынша техникалық, өрт-сөндіру жабдықтарын қабылдап алып, таңғы сабаққа барады. Күнделікті сабақты карауыл бастығы өткізеді. Дәрістер өрт сөндірудің қыр-сырына, өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, өрт сөндіру бойынша жауынгерлік әрекеттер және өзге де тақырыптарға арналады. Сабақтан соң өздері оқыған дәрісті тәжірибелік тұрғыда жүргізеді. Өрт сөндіру көлігін сыртқа шығарып, арнайы киімдерін киіп жаттығады. Ары қарайғы уақыт түскі ас, спорттық дайындық, өрт-сөндіру бөлімінің тазалығы, тынығуға бөлінеді. Ал шұғыл хабар түскенде олар барлығын тастай салып, өрт сөндіруге кетеді. Бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік тынығатын өрт сөндірушілер демалыс күндерінде де спорттық дайындықтан қол үзген емес.

Азаматтық қорғау сержанты Дәурен Ресейде мамандығы бойынша қашықтықтан білім алуда. Жас жеткіншектің болашаққа деген жоспары анық, мақсаты айқын. Өз бөлімдерімен бірге командалық жарыстарда да жүлделі орындар иеленіп жүр. Жуырда қала бойынша өрт сөндірушілер арасында футболдан І орын алыпты. 


Айтпақшы, өрт сөндіруде бірнеше құралдар пайдаланылады.

– Өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі, каскасы, белдігі, қолғап пен басына киетін бас киімі және арнайы құралы мен негізі аппараты болады. Жалпы салмағы шамамен 25-30 кг. Сонымен қатар өрт сөндірушінің ауа толтырылған арнайы газ-түтіннен қорғайтын құралы бар. Өрт болғанда адам өрт сөндірушінің газ-түтіннен қорғайтын құралымен тыныс ала алады. Аталған құрал Германияда жасалған. Құтқарушылар оның тазалығын, жұмыс істеу дәрежесін қадағалап отырады. Ал өрт сөндіру машинасында 8 тонна су және 2 тонна көбік болады. Су таусылған жағдайда арнайы гидранттардан толтырып алады. Ал өрт сөндіру машиналары арнайы, қосалқы және көмекші болып бөлінеді. Арнайы көліктің баспалдағымен өрт сөндірушілілер 18 қабатқа дейін көтеріліп, зардап шегушілерді құтқаруға мүмкіндіктері бар.

«Ауылды сағынғанда...»

Дәуреннің сүйікті мамандығынан бөлек ерекше хоббиі – кітап оқу. Соңғы рет ол Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» қайталап оқып шығыпты.

– Ауылды сағынғанда, туған жерімді ойлағанда осы кітапты оқып ерекше әсер аламын. Тек бұл ғана емес өз мамандығыма қатысты көптеген фильмдер мен кітаптар оқимын, ізденемін. Жақында америкалық өрт сөндіруші жазған «Большой пожар» деген кітапты оқып шықтым. Өрт сөндіруші онда өзінің тәжірибесімен бөлісіп, басынан өткен оқиғаларын баяндайды. Тағы бір АҚШ-та түсірілген «Команда 49» фильмі бар. Көріп шықсаңыз, көзіңізге жас келеді.

Қарапайым отбасында дүниеге келген Дәуреннің інісі де оның жолын қуып, әскерден оралғаннан кейін, өрт сөндіруші болып жұмысқа орналаспақ.

№17 өрт сөндіру бөлімінің бөлім бастығының орынбасары Әбуов Нұрдәулет Дәурен Асанхановтың өз жұмысын жақсы білетінін, нұсқауларды уақытында орындап, өз бөлімін үйретіп, жаттықтыратынын айтты. Және де Дәурен ең жас бөлім командирі екендігін мақтанышпен жеткізді.

Суреттерді түсірген: Артем Чурсинов 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: