Роза Рымбаева мен Дәулет Тұрлыхановтың алаяққа алдануы: жаңа мәліметтер пайда болды

14 Қараша, 14:39 5193

Эстрада әншісі Роза Рымбаева мен Дәулет Тұрлыхановты ондаған миллион теңгеге алдаған сотталушыға қатысты апелляция қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, азамат С. Бекқайыровқа апелляциялық шағым жәбірленушілердің бірінен түскен.

Жаза шарасы бөлігінде өзгеріссіз қалдырылды, азаматтық талап-арыз бөлігінде өзгертілді. Алдын ала деректер бойынша жәбірленушілердің біріне келтірілген залал сомасы 39 миллион теңгеден 54 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Нақты сома сот ісінде көрсетіледі, - деп хабарлады сотта.

Естеріңізге сала кетейік, Бекқайыров 2024 жылдың мамыр айында Алматы қаласының Медеу аудандық соты 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ ("аса ірі мөлшердегі алаяқтық") бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 6,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған еді.

Сот шешіміне сәйкес, ол жәбірленушілер Дәулет Тұрлыхановқа 533,7 миллион теңге, Роза Рымбаеваға 91,1 миллион теңге және тағы екі жәбірленушіге жалпы 60 миллион теңгеден астам материалдық шығын төлеуге тиіс еді.

Айта кетейік, Роза Рымбаева мен Дәулет Тұрлыханов 2013 жылы алаяқтың құрбаны болды. Бекқайыров Тұрлыхановты асфальтбетон зауытының құрылысы болып табылмайтын инвестициялық жобаға 1,2 миллион доллар салуға көндірген.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: