Роман Скляр Петропавлдағы "Қызылжар Су" серіктестігін қорғауға тапсырма берді

7 Сәуір, 14:04 555

Су тасқынына қарсы жұмыс аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Тепличное ауылы мен Кожевенный кентінің бөгеттерін, «Қызылжар Су» ЖШС-нің 1-ші және 2-ші сорғы станцияларын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында Роман Скляр қазіргі су тасқыны жағдайын ескере отырып, қолданыстағы бөгеттерді нығайту, оларды ұлғайту жұмыстарының және арнайы техника мен топырақ толтырылған қапшықтармен қамтамасыз ету маңызын атап өтті.

Қазір облыс орталығының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар Су» ЖШС-нің сорғы станцияларын су тасқынынан қорғау мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс қарқыны жоғары және су тасқыны жағдайына байланысты реттеліп отыр.

Петропавл су торабын аралау барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары судың келуіне аз уақыт қалғанын атап өтті. 

Бүгін су басу қаупі бар аймақтарды аралау барысында жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселе қаралды. Бұл, ең алдымен, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін техника санын көбейту және бөгеттерді күшейту. Біз инфрақұрылымды және елді мекендерді қорғау туралы айтып отырмыз. Үлкен судың келуіне 7-8 күн қалды. Қазір Сергеев су қоймасында 3 метрден астам су тасып жатыр. Толып кету бойынша антирекорд орнатылады деп күтілуде, ол шамамен 4 метрді құрамақ. 2017 жылға қарағанда әлдеқайда көп су келеді. Сондықтан қазір барлық күш пен ресурсты осы мәселелерді шешуге бағыттау қажет. Оған қоса бүгінде барлық жол-құрылыс компаниясы учаскелердегі жұмысын уақытша тоқтатып, тұрғындармен су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізетін боламыз, - деді Роман Скляр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: