Роман Скляр Павлодар облысының жылыту маусымына дайындығын тексерді

29 Маусым, 21:29 639

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірінші вице-премьерге №3,4 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау жобасының іске асырылу барысы туралы мәлімделді, бұл жылына қосымша 6,8 млрд кВТ/сағ өндіруді және стансаның белгіленген қуатын 1 мың МВт көлемінде арттырады.

Үкімет тарапынан барлық тиісті шешімдер қабылданды. Жабдық өндірушілермен, экспорттық қаржыландырумен келісімдер шешілді, сондықтан биыл күзде жұмысты бастауға кірісіңіздер, — деді бірінші вице-премьер.

Роман Скляр Б. Нұржанов атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС қызметімен танысты. «Жаңа электр сүзгілерін орнатумен №1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасы – қолданыстан шығарылған энергия блоктарын қалпына келтіру жөніндегі үш жобаның соңғысы. Ол стансаның қазіргі жобалық қуатын 4 мың МВт-қа дейін ұлғайту мақсатында іске асырылып жатыр. Стансада жобаны жүзеге асыру кезінде 1,1 мың қызметкер жұмылдырылған. ГРЭС-ті қысқы кезеңге дайындау жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жақында стансаның төрт энергия блогының тоқтап қалуына қатысты мәселе түсіндірілді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алып тұрады. Дегенмен, тұтынушыларға электр қуатын беру үзілген жоқ. Роман Скляр жағдайды мұқият зерттеп, тәуекелдерді азайту үшін қажетті шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті.

Қыс басталғанша сорғы қондырғыларының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, негізгі жабдықтардың тозуын барынша азайту керек. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет, — деді вице-премьер.

Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық ірі жылу магистральдары – ТМ-1 және ТМ-3 реконструкциялау жұмыстары туралы хабарлады.

ҚР Үкіметінің резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл желілерді жаңарту 87-ден астам көпқабатты үйді және 8 мыңнан астам адам тұратын 500-ден астам жеке тұрғын үйді жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті өңір басшысы.

2023 жылы 4 жылу магистралі – 5,3 шақырым реконструкцияланды. Бұған қоса, Үкімет резервінен ұзындығы 3,5 км болатын жаңа №7/1 жылу магистралін салуға қаражат бөлінді. Қазіргі таңда гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіліп, аталған нысан пайдалануға берілді. 4 кезеңнен тұрған сынақтар өткен маусымда 70 км-ге жуық желіні ауыстыру есебінен зақымдану фактілерінің 2 есе азайғанын анықтады.

Сонымен қатар Роман Скляр ТМ-7 жылу магистралін реконструкциялауға қатысты тағы бір жобаны қолдауға уәде берді, оған дайындық сметалық жұмыстары бүгінде жүргізілген. Бұл күрделі учаске, оны қайта құру №15 ықмаш ауданды жылумен жабдықтау параметрлерін жақсартады.

Жалпы алғанда, облыс бойынша ЖЭО мен желілерді жөндеу жұмыстары мерзімдерді сақтай отырып жүргізілуде. Ақсуда алғаш рет орамішілік желілер қайта жаңғыртылуда. Павлодарда желілерді жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарда бар.

Мемлекет басшысының ТКШ инфрақұрылымын кешенді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Екібастұз жылу электр орталығын одан әрі жаңғыртуға: төрт қазандық агрегатын күрделі және ағымдағы жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға 3,4 млрд теңге бөлді. Жұмыс сапары барысында Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Кәсіпорын басшылығы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатқанын, жылыту маусымында станса 7 қазандықпен жұмыс істейтінін, ал 3 қазандық резервте болатынын хабарлады.

Сонымен қатар ЖЭО-ны күлден гидравликалық тазарту үшін тұндырылған сумен қамтамасыз ететін құбырдың тозығы жеткен. Тұндырылған судың жаңа магистралін салу жобасын іске асыруға қаражат бөлініп, жұмыстар бастау алды. Жұмыстарды осы жылдың қазан айында аяқтау көзделген.

Роман Скляр жаңа жылыту маусымына дайындыққа аса жауапкершілікпен қарауды ескертіп, барлық қажетті жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтты.

Бұған қоса, премьер-министрдің бірінші орынбасары «Богатырь» көмір кенішіндегі циклді-толассыз технологияның инновациялық жобасымен танысты. Циклді-толассыз кешеннің ауқымды құрылысы кезінде 40 мыңнан астам темір-бетон конструкциясы қолданылды, 174 мың шаршы метр аумаққа салмағы 15 мың тоннадан асатын жабдық монтаждалды. Үш жылдың ішінде ЦТТ нысандарының құрылысына қазақстандық компаниялардың мердігерлік ұйымдарының 430 қызметкері мен 30 неміс маманы тартылды.

ЦТТ жобасының басты мәні – тозығы жеткен негізгі технологиялық жабдықтарды жаңарту және 230 метр тереңдіктен көмір қорларын толық және ұтымды қазып алуды қамтамасыз ету, бұл – бұрынғы теміржол технологиясын пайдалану кезінде мүмкін емес еді.

Сондай-ақ бірінші вице-премьерге тұрғын үй құрылысының барысы туралы ақпарат берілді. 2023 жылы Екібастұзда 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Барлығы 4 жыл ішінде 21 КТҮ салынды. Бүгінгі таңда жеке инвестициялар есебінен тағы 3 жоба жүзеге асырылуда, оған қоса 7 бес қабатты үй салуға дайын жобалар бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: