Роман Скляр Ақмоладағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді

20 Шілде, 15:46 1934

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақмола облысына жұмыс сапары аясында  Степногорск және Көкшетау қалаларының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмысының барысымен танысты, деп хабарлайды Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Роман Скляр Степногорск қаласының ЖЭО-дағы қаланың тұрғын үй секторын, Заводская кентін, сондай-ақ елдімекен аумағындағы кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін жоспарлы жұмыстарды тексерді.

Нысанды жылыту маусымына дайындауға биыл 7,4 млрд теңге бөлінген. Екі қазандық агрегатын бөлшектеу, турбогенераторларға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Екі турбогенератор бойынша жұмыс аяқталды.

Биыл ұзындығы 7,5 км магистралды жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінді. Мердігер ұйым құбырды бөлшектеу және төсеу жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар қалада 9,6 км жылу желісін реконструкциялау жобасы іске асырыла бастады.

(Фото: primeminister.kz)

Үкімет басшысының бірінші орынбасары жылыту маусымының кедергісіз өтуі үшін жұмыстың сапасын әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Роман Скляр бұдан өзге Көкшетау қаласындағы АҚ-1 және АҚ-2 қазандықтарын қарап шықты. Үкімет резервінен бөлінген 3,7 млрд теңге есебінен жылу көздерін, жылу желілерін жөндеу, қоймалжың жеткізгіш құбырларының сұйылту жүйесін реконструкциялау және күл үйіндісі шұңқырының бөгетін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

Облыс орталығында Премьер-министрдің бірінші орынбасары әрқайсысы 1,5 мың орындық екі жайлы мектептің құрылыс барысымен танысты. Нысандарда кірпіш қалау, әрлеу, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді орнату, терезе блоктарын орнату жұмысы жүргізілуде.

Роман Скляр құрылыстың белгіленген мерзімде сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Бірінші вице-премьер М.Ғабдуллин көшесіндегі (Ақан сері көшесінен Уәлиханов көшесіне дейін) жол учаскесін реконструкциялау жұмысымен танысты. Ақан сері көшесінен Наурызбай батыр көшесіне дейінгі жылу магистралінің өткізу бөлігін кеңейту және қайта жаңарту жоспарланған.

Роман Склярға биыл 1 қыркүйекке дейін жылу желілері бойынша жұмысты орындау жоспарланғаны, учаскені жөндеу 2025 жылы аяқталатыны баяндалды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: