19.01.2026
16:46
3012
Роботтар, миллиардерлер шоғыры және жұмыссыздық: ЖИ дәуірінен не күтеміз?

Роботтар, миллиардерлер шоғыры және жұмыссыздық: ЖИ дәуірінен не күтеміз?

Алдағы бес жылда жасанды интеллект адамзаттың экономикалық, технологиялық және әлеуметтік құрылымын түбегейлі өзгертпек.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, ЖИ қысқа уақыт ішінде интернеттің 20 жылда жасаған әсерінен де асып түседі. Роботтар күнделікті өмірге еніп, миға орнатылатын чиптер жаппай қолданысқа айналуы мүмкін, ал бір адамның өзі миллиардтаған долларға бағаланатын компания құруы әбден ықтимал. Әлемдік технологиялық революцияның алдыңғы шебінде жүрген визионерлердің негізгі болжамдары осындай.

Оқи отырыңыз:

Илон Маск: миллиондаған робот пен роботакси дәуірі

Америкалық кәсіпкер, SpaceX пен Tesla компанияларының негізін қалаушы Илон Маск жасанды интеллекттің болашағын ең алдымен роботтармен байланыстырады. Tesla компаниясы бұған дейін адамға ұқсас Optimus роботын таныстырған болатын. Ал Маск 2026 жылдың соңына қарай гуманоид роботтардың «миллиондық армиясын» шығаратынын мәлімдеді. Wired басылымының жазуынша, Optimus-тың сериялық прототипі 2026 жылдың басында дайын болады.

Маск бұл роботтар адамзатты кедейліктен құтқарып, әр адамға лайықты табыс пен медициналық күтім ұсына алады деп сенеді. Оның пікірінше, Optimus жаппай қолданылған жағдайда қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік айтарлықтай азаяды. Дегенмен Optimus-тың толық автономды жұмыс істеу қабілетіне қатысты мәселе әлі де бар. Бұлай дейтініміз, желіде роботтың көрмелердің бірінде техникалық қателікке ұрынған сәттері қызу талқыланып, кейбір қолданушылар оны қашықтан адамдар басқарады деп күмән келтірді.

Роботтардан бөлек, Маск 2026-2027 жылдары роботакси Cybercab-ты нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бағасы шамамен 30 мың доллар болады деп күтілетін бұл көліктің бір мильге кететін шығыны небәрі 20 центке бағаланып отыр. Алайда Tesla тарихына сүйенсек, бұл жобаның іске асуы да жоспарланған мерзімнен кешігуі мүмкін.

Сонымен қатар Масктың Neuralink компаниясы 2026 жылдан бастап миға орнатылатын чиптерді ауқымды түрде өндіруге көшпек. Компания бұл технологияны адамдарға автоматтандырылған хирургиялық әдіспен орнатуды көздейді. Қазірдің өзінде сал ауруына шалдыққан 12 адамға нейроимплант орнатылып, олар ой арқылы цифрлық және физикалық құрылғыларды басқара бастаған.

Сэм Альтман: салдары туралы ойлайды да ұмытпау керек

OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман жасанды интеллект дамуының жылдамдығын «орасан зор» деп сипаттайды. Оның айтуынша, 2025 жылы-ақ нақты когнитивті жұмыстарды орындай алатын агенттер пайда болды, ал бағдарламалау бұрынғыдай болмайды. 2026 жылы жаңа идеялар таба алатын жүйелер, ал 2027 жылы нақты физикалық әлемде жұмыс істейтін роботтар кең таралуы мүмкін.

Альтманның пікірінше, ChatGPT кейбір салаларда кез келген адамнан да қуатты құралға айналды. 2035 жылға қарай технологиялық серпіліс ғарышты игеруден бастап жоғары жылдамдықты нейроинтерфейстерге дейін жетуі мүмкін.

Альтман оның салдары болатынын да ескертеді. Ол қауіпсіздік, әлеуметтік теңсіздік және экономикалық мәселелерге назар аудару керек деп санайды. Ол ЖИ мүмкіндіктері барынша кең қоғамға қолжетімді болуы керек деген пікірде және ең басты міндет жасанды интеллекттің адамзаттың ортақ мүддесіне сай дамуын қамтамасыз ету екенін айтады.

Дженсен Хуанг: ЖИ – миллионерлердің жаңа фабрикасы

Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг жасанды интеллектті « ең үлкен теңестіргіш» деп атайды. Оның болжамынша, алдағы бес жылда ЖИ жаңа миллионерлердің шоғырын қалыптастырады. Ол тіпті интернеттің арқасында соңғы 20 жылда болған көрсеткіштерден де асып түсетініне сенімді. Бұрын стартап құру үшін үлкен команда, қаржы және жылдар қажет болса, қазір кәсіпкерге идеяны ЖИ-ге «жақсылап жеткізу» жеткілікті.

Хуангтың айтуынша, ЖИ жұмыс орындарын жоймайды, керісінше, жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда жасанды интеллектті қолданбайтын адамдар еңбек нарығында ұтылып қалуы мүмкін. Ол болашақта әр компанияда екі түрлі «зертхана» болады деп болжайды: бірі – физикалық өнімдерге, екіншісі – ЖИ жүйелерін дамытуға арналған.

Дарио Амодей: бір адамдық компаниялар

Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодей 2026 жылы-ақ бір ғана қызметкері бар, бірақ бағасы 1 миллиард долларға жететін алғашқы компания пайда болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, бұл адам өнімнің архитекторына айналса, код жазу, аналитика, контент өндіру және клиенттермен байланыс сияқты процестерді ЖИ-агенттер атқарады.

Бұл модельде кәсіпкерді виртуалды «ЖИ бөлімдер» қоршап тұрады. Осындай болжамды Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг те қолдайды. Оның айтуынша, жақын арада компания кодының кем дегенде жартысын жасанды интеллект жазатын болады.

Әлемдік технология көшбасшыларының пікірінше, жасанды интеллект жақын болашақта тек көмекші құрал емес, экономиканың, бизнестің және қоғамның негізгі қозғаушы күшіне айналады. Роботтар, нейроинтерфейстер және автономды жүйелер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болмақ. Бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа жауапкершілікті де талап етеді. Ал адамзат осы технологиялық серпілісті өз пайдасына тиімді әрі қауіпсіз бағыттай ала ма, жоқ па – ең басты мәселе сол болмақ.

Бұған дейін жасанды интеллект әлемді қалай басқаратыны туралы жазғанбыз. Сарапшылар ЖИ әлем экономикасына әсер етуі мүмкін деп санайды. Сонымен қатар 2026 жылы әлеуметтік желілер қалай өзгеретініне тоқталғанбыз