Consumer Electronics Show 2026 – әлемдегі ең ірі әрі ең беделді технологиялық көрмелердің бірі. Бұл алаңда жыл сайын жаһандық корпорациялар, инновациялық стартаптар және зерттеу орталықтары өздерінің жаңа өнімдері мен болашаққа арналған технологиялық шешімдерін ұсынады. CES 2026 көрмесі де бұл дәстүрді жалғастырып, жасанды интеллект, робототехника, кеңейтілген шындық, автономды көлік пен денсаулық технологияларының жаңа кезеңге өткенін көрсетті.
CES алғаш рет 1967 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған. Содан бері көрме жыл сайын өткізіліп келеді және 2026 жылғы іс-шара шамамен 60-рет өтіп отырған CES саналады. Көрмені Consumer Technology Association (CTA) ұйымы ұйымдастырады. CTA – әлемдегі ең ірі технологиялық қауымдастықтардың бірі, ол инновацияны дамытуға және технологиялық бизнесті ілгерілетуге бағытталған.
Оқи отырыңыз:
CES 2026 көрмесіне:
Көрме технологияның барлық дерлік бағытын қамтиды: тұрмыстық электроникадан бастап, өнеркәсіптік роботтарға, денсаулық сақтау мен көлік инфрақұрылымына дейін.
CES 2026 аясында ұсынылған жобалардың ішінен мына он жаңалық ерекше назар аудартты.
Razer компаниясы жұмыс үстеліне арналған голограммалық жасанды интеллект компаньонын таныстырды. Аниме стиліндегі виртуалды кейіпкер пайдаланушымен сөйлесіп, тапсырмаларды орындауға көмектеседі.
ASUS 240 Гц жаңарту жиілігі бар кеңейтілген шындық көзілдірігін көрсетті. Бұл құрылғы ойын мониторын алмастырып, геймерлерге жаңа тәжірибе ұсынады.
LEGO Smart Brick – дыбыс шығарып, жарық беретін әрі қандай құрылыс жиынтығымен қолданылып жатқанын анықтай алатын ақылды кубик. Бұл LEGO ойындарын толық интерактивті форматқа жақындатады.
Samsung ультражұқа 3D-дисплей мен үш камерамен жабдықталған арнайы қаламды ұсынды. Бұл шешім дизайнерлер мен инженерлерге арналған.
Boston Dynamics жаңа буындағы Atlas гуманоид роботын көрсетті. Роботтың қозғалысы мен тепе-теңдігі адамға барынша ұқсас.
Сонымен қатар Atlas роботына Google DeepMind жасанды интеллект модельдері интеграцияланды. Бұл роботқа жағдайды түсініп, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
NVIDIA автономды көліктерге арналған Alpamayo жасанды интеллект жүйесін таныстырды. Компания басшысы бұл жүйені ойлап-талдай алатын алғашқы көлікке арналған ЖИ деп атады.
Lucid, Uber және Nuro серіктестігі толық автономды роботакси жобасын ұсынды. Бұл жоба болашақтағы қалалық көлік жүйесін өзгертуге бағытталған.
Withings Body Scan 2 – үй жағдайында денсаулықты бақылауға арналған смарт станция. Құрылғы 60-тан астам биомаркерді өлшеп, көрсеткіштерді жасанды интеллект арқылы талдайды.
Ал 8BitDo FlipPad — мобильді геймингке арналған қатталмалы геймпад. Ол смартфонмен ойнауды барынша ыңғайлы етеді.
CES 2026 технологияның адам өміріне бұрынғыдан да терең еніп жатқанын айқын көрсетті. Жасанды интеллект, робототехника және автономды жүйелер енді тек болашақ ұғымы емес, олар нақты өнімдер мен қызмет түрлеріне айналып келеді. 2026 жылғы көрме бұл тұрғыда жаңа дәуірдің басталғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алдағы бес жылда жасанды интеллектпен 1 миллион адам жұмыс істеуі мүмкін екендігі туралы жазған едік.