Roboland фестивалі

2 Сәуір 2019, 12:44 6650

Қарағандыда Roboland фестивалі өтті

Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша 209 робототехника лабораториясы жұмыс жасайды. Сондай-ақ 70 IT-сынып пен 4 балалар технопаркі бар. Ал осы жылы тағы 4 технопарк пен өңірдің барлық мектептерінде робототехника лабораторияларын ашу көзделіп отыр. Бұл туралы Қарағандыда өткен Roboland халықаралық робототехника, бағдарламалау мен инновациялық технологиялар фестивалінде айтылды.

Roboland халықаралық робототехника, бағдарламалау мен инновациялық технологиялар фестивалі Қарағанды қаласында осымен бесінші рет өтіп тұр. "Осындай фестиваль арқылы біз балалардың ғылыми-техникалық жұмыстарын насихаттап, сол арқылы олардың инновациялық қызметтерді дамытуына жол ашып, ұстаздардың робототехника саласындағы білім беру әдістерімен бөлісуге мүмкіндік бергіміз келеді", - дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар фестивальде үздік өнім жасаған командалар марапатталады.

Алғашқы фестиваль 2015 жылы өтіп, оған бар жоғы 5 номинация бойынша 30 команда қатысқан екен. Ал 2017 жылы ұйымдастырылған үшінші шараға 400-ге жуық команда қатысқан көрінеді. Оған Қазақстан мен Ресейден 800-ден астам бала келіп, 24 номинация бойынша сайысқа түскен. Былтыр өткен фестиваль болса, номинация саны бойынша рекорд орнатып (32 номинация), 1500-ге жуық оқушыға есік ашқан.

Ал биылғы фестивальдің форматы мүлдем бөлек. Ұйымдастарушылар тек ең қызықты және көрнекті деген 14 номинацияны таңдапты. Шараның өзіне 600-ден астам қатысушы (300-ден аса команда) келген. Олардың ішінде Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Италия елдерінің өкілдері бар.

Roboland Friendship номинациясы биылғы бірегей санат. Оны қарағандылық мамандар арнайы даярлаған екен. Бұл санат балалардың бақталастық пен жеңіске жаңа көзқараспен қарауына мүмкіндік беретінін айтады ұйымдастырушылар. “Friendship - достық. Бұл номинация бойынша сайысатын оқушылар өз командасындағы мүшелер мен қарсыластарға адамгершілік танытып, дұрыс шешім қабылдай білген командана ғана жеңіске жетеді”, - дейді олар.

Roboland фестиваліне қатысушылардың бірі Рулан Әлімхан 8-сынып оқушысы. Ол фестивальге өзінің ақылды қала макетін әкелген екен. “Фестиваль халықаралық деңгейде өтетіндіктен, оған көп дайындаламыз. Талпынысымыз зор. Өзім екінші рет қатысып отырмын. Былтырғымен салыстырғанда, бұл жолы кішентай балалар да өздерінің жобаларын әкеліпті. Мықты бақтаастар көп. Бұл жерде жай ғана әдемі макет әкеліп, оны сәтті қорғап шығу жеткіліксіз, одан бөлек оның пайдалы, тиімді тұстарын, артықшылығын көрсету маңызды”, - дейді Рулан, “Мен болашақта IT маман болғым келеді. Қазірден бағдарламалауды меңгеріп, ағылшын физика, информатика пәндері бойынша дайындалып жүрмін. Бірақ ауылды жерде тұрғаннан кейін IT саласының қыр-сырын толық үйрене алмайсың. Сондықтан сол бағытта жұмыс істейтін мектепке көшсем деймін”.

Сондай-ақ Roboland фестивалінде алғаш рет STEM-білім беру, биоинженерия бойынша оқушылардың жобалары қаралды. Осы арқылы олардың агросалада робототизацияны дамытып, биотехникаға қызығушылықтарын арттыру көзделіп отыр. Aгро City Farming номинациясын қосуға Қарағанды облысындағы мектептерде жүзеге асырылып жатқан «Гидропоника және аэропоника әдістерімен жасыл өсімдіктерді өсіру» жобасы ықпал еткен көрінеді. Оқушылар гидропоника кабинеттерінде өсімдіктермен түрлі зерттеулер жасап, оларды арнайы құрылғылардың көмегімен сырттай басқара алады. “Жоғарғы сынып оқушылары жобаны әзірлеу барысында өсімдіктердің өсуін, оларға жарықтың қалай әсер ететінін бақылай алады. осы арқылы олардың тек ботаникаға емес, агротехникаға қызығушылығы артады. STEAM-білім беру, инженерия, математика мен технология салаларында түрлі білімдерді біріктіреді”, - дейді ұйымдастырушылар.

Фестиваль қатысушылары презентацияларын жасап, өз ғылыми идеяларының пайдасы, жаңашылдығы, дамыту жолдары, жасалған зерттеулер мен олардың практикалық мағыналарын баяндады. Төрешілер болса, шешімнің бірегейлігін, технологияның тиімділігін бағалап, үздік командаларды анықтады. Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орын Қарағанды облысына тиесілі болса, елорда мен Павлодар облысынан келген командалар екінші және үшінші орынға ие болды.

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: