29.10.2025
20:42
329
Ринопластика психикалық ауытқушылық тудыра ма?

Ринопластика психикалық ауытқушылық тудыра ма?

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ринопластикадан кейін кей адамдардың психологиялық күйзеліске ұшырайтыны туралы пікірлер жиі айтылып жүр. Бірі мұны операция нәтижесіне, енді бірі адамның операция алдындағы психологиялық жағдайына байланыстырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы oxu.az порталына сілтеме жасап.

Пластикалық хирург Әділ Жұмшұдов мұндай пікірлердің барлығы шындыққа жанаса бермейтінін айтады. Оның айтуынша, отадан кейін кейбір науқастарда қысқа мерзімді эмоционалды өзгерістер болуы мүмкін, бірақ бұл көбіне анестезияның әсерінен туындайды.

Бұрын қолданылған кейбір наркоз препараттары психикаға уақытша әсер етуі мүмкін еді. Қазір арнайы орталықтарда заманауи, қауіпсіз анестетиктер пайдаланылады. Сондықтан ринопластикадан кейін тұрақты психологиялық бұзылыстар болады деу – негізсіз, – дейді дәрігер.

Ал психолог Вюсаля Амирасланова мәселенің басқа қырын атап өтті. Ол эстетикалық операцияға бармас бұрын әр адам міндетті түрде психологтың кеңесіне жүгінуі қажет екенін айтты.

Соңғы уақытта операция алдында күмәнданатын немесе кейін өз шешіміне өкініп жүрген адамдар көбейді. Бұл олардың бастапқыда өз бейнесін қабылдай алмауымен байланысты. Сондықтан хирургқа дейін психологқа бару маңызды, – дейді маман.

Мамандардың пікірінше, ринопластика – тек сыртқы сұлулыққа қол жеткізу емес, ішкі тепе-теңдік пен өзін қабылдау процесі. Сондықтан мұндай шешімге келген адамның психологиялық дайындығы да ота нәтижесі сияқты маңызды рөл атқарады.