24.03.2023
12:03
1321
Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды

Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды

Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Энергетика министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

23 наурызда сағат 7:50-де Риддер ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы жарылды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты. Қазандықтарға көмір беру сағат 13:00-де қалпына келтірілді, – делінген хабарламада.

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы оқиға орнына бару үшін дереу жолға шықты. Бұйрыққа сәйкес комиссия тергеп-тексеру жүргізеді.

Комиссия құрамына Комитет пен Риддер ЖЭО өкілдері және техникалық сарапшы кірді. Тергеп-тексеру нәтижелері 10 жұмыс күні ішінде дайын болады. Қазіргі уақытта ЖЭО-дағы 6 қазандықтың 2-еуі жұмыс істейді. Қалған 4 қазандық жөнделіп жатыр. Жылу желісінің температурасы – 70/46 градус графикте 45/35 градус, – делінген министрліктің хабарламасында.