Режеп Тайип Ердоған Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен марапатталады

11 Қараша 2022, 12:41 1392

Түркі мемлекеттерінің саммитінде Тоқаев Түркия Республикасының президентіне алғыс білдірді

Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдарды жүйелеп, орнықтыратын кез келді деп ойлайды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір ұйым хатшылығына жүктелетін жауапкершілік артқанын атап өтті. Сондықтан ол Түркі кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісімінің 13-ші бабындағы Тұрақты өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынды. Олар өзара іс-қимылды үйлестіру ісінде маңызды рөл атқарар еді.

«Түркі жұртының түрлі саладағы байланысын бекемдейтін бірнеше құрылым бар (яғни, Ұйым Хатшылығы, ТүркПА, Түрксой, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры). Бірақ, кей жағдайда олардың міндеттері қайталанып жатады. Бұл ұйымдарды тиімді пайдалану үшін VII Саммитте құрылған Үйлестіру комитетінің қызметін жандандыру қажет. Комитет бұл құрылымдардың жұмысын дұрыс үйлестіре білсе, олар бірін-бірі толықтыра түсер еді», - деді Мемлекет басшысы.

Ол түркі елдерінің бірлігі жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын алға тартты. Соның арқасында түркі әлемінің халықаралық аренадағы саяси салмағы едәуір артқан.

"Түркия Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Режеп Тайип Ердоған бір жыл бойы Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде ұйымның мәртебесін көтеріп, ықпалын нығайтуға зор үлес қосты. Сол үшін бауырым – Режеп мырзаға алғыс айтамын.

Республика атанғанына келесі жылы бір ғасыр болатын бауырлас Түркия елі өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін. Осы орайда, мен құрметті Режеп бейді «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысым бірауыздан қолдау тапты. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға берілуіне байланысты өзбек бауырларымызға тағы да толағай табыс тіледі. Бұдан бөлек, ұйымның Бас хатшысы лауазымын атқару кезегі бауырлас Қырғызстан өкіліне өтеді.

«Осы орайда, 2018 жылдан бері Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы қызметін атқарған Бағдат Әміреевке алғыс айтамын. Ал жаңадан тағайындалған Бас хатшы Кубанычбек Өмірәлиевтің жұмысы жемісті болуына тілектестік білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

EL.KZ
Бөлісу: