Республика күніне орай су саласының қызметкерлеріне 20 автокөлік табысталды

25 Қазан, 11:36 600
Республика күніне орай еліміздегі бассейндік инспекцияларға 20 автокөлік табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 
 
Астанада су шаруашылығы саласының мамандарын мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев және Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Құрметті әріптестер, сіздерді шын жүректен Республика күнімен құттықтаймын. Бұл еліміздің тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы қабылданған күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатуға баса мән берілу керектігін жиі айтып келеді. Президент елімізде 2025 жыл - жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Қазақстанда су шаруашылығы саласында он мыңнан астам адам қызмет етеді. Сіздер еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тынымсыз еңбек етесіздер. Әрқайсыңызға зор денсаулық, күш-жігер мен толағай табыс тілеймін!,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Мереке қарсанында су саласының 34 маманы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, 8 адам «Құрмет» орденімен, 2 қызметкер ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 13 маман «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгілері мен Су ресурстары және ирригация министрінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» табысталды.

Салтанатты жиында Қазақстандағы сушылар династиясы өкілдері де марапатқа ие болды. Айта кету керек, Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» кәсіпорынында 67 сушылар әулеті жұмыс істейді.
Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: