Республика күнін қазақстандықтар қалай атап өтті

Бүгiн, 17:10 108

Қазақстандықтар Республика күнін қалай атап өтті? Бұл жөнінде El.kz  ақпарат агенттігі тарқатып көрді.

Мемлекеттік ту көтеру рәсімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақорда резиденциясында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті. Президент салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деп баға берді. Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.

Астана мен Алматы қалаларындағы мерекелік концерт

Республика күні елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін Астананың бес ауданында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Алматы ауданындағы «Интернациональный» тұрғын үй алабында танымал қазақстандық композицияларды орындаған «Жастар» театрының әртістері өнер көрсетті.

Байқоңыр ауданы «Өндіріс» тұрғын үй алаңында Қуыршақ театрының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды, онда халық ертегілері мен сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлері болды.

Есіл ауданындағы «Бәйтерек» монументінің алаңында көрермен үшін Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы мен елордалық цирк әртістері өнер көрсетті. Цирк әртістері түрлі-түсті акробатикалық трюктерді орындап, фокус көрсетті.

Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, халық аспаптарының сүйемелдеуімен қазақ фольклорының үздік үлгілерін ұсынды.

Нұра ауданының тұрғындар Орталық саябақ аумағында «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері көрсеткен заманауи және дәстүрлі би өнерін тамашалады.

Республика күніне орай Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және т.б. өтті.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шаралар Алматы қаласының барлық аудандарында өтті. Алматы тұрғындары Республика күнін тойлауды 21 қазаннан бастап кетті. Қаладағы басты салтанатты шара 22 қазанда Мемлекеттік ту көтеру рәсімінен басталды. Дәл осы күні М. Есболатов  атындағы академияда «Мәңгілік жаса, Қазақстан» мерекелік іс-шарасы атап өтілді.

Әуезов ауданында да Н.Сац атындағы мемлекеттік  академиялық театрда «Байтақ елім, Қазақстан» патриоттық мерекелік ән кеші өтті. Сондай-ақ Б. Момышұлы атындағы республикалық «Жас Ұлан» мектебінде Мемлекеттік Туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау салтанатты шарасы өтті.  Алатау ауданындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Республика күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

Түрксіб ауданындағы Оқушылар үйінде Республика күніне арналған «Тоғыз құмалақ» ұлттық ойынынан қалалық турнир өтті. Сонымен қатар республикалық академиялық неміс драма театрында «Samruk» заманауи би театрының концертті ұйымдастырылды.

Алмалы ауданында Республика күні қарсаңында қаладағы №4, 33, 20 кітапханаларында кітап көрмелері болды. Наурызбай ауданының Амфитеатр аумағында мерекелік концерт өтті. Жетісу ауданында да Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған.

Арт-нысан орнатылды

Елорданың «Нұржол» бульварында Республика күніне орай Мейірімділік пен бейбітшіліктің символына айналатын бірегей «Одуванчик» арт-нысаны пайда болды. Арт-нысанның авторы – мүсінші Григорий Потоцкий. Оның өнер туындысы адамдарды біріктіруге және әлеуметтік құндылықтарды нығайтуға ықпал етуге бағытталған. Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде елорданың мәдени қайраткерлері қатысты.

Қазақстан – мейірімділік пен ризашылық елі және біз бұл идеяны барлығына келіп, бүкіл әлемге мейірімділік импульсін жіберу үшін таратуға тырысамыз, - деді мүсінші Григорий Потоцкий.

Бірлескен автор Аркадий Пекаревский «Одуванчик» символы қазірдің өзінде 36 елде ұсынылғанын атап өтті.   

Республика күні қанша сәби дүниеге келді?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Республика күнінде елімізде 850 сәби, оның ішінде 7 егіз, 434 ұл, 416 қыз дүниеге келді.  

Дерек бойынша Түркістан облысы 122 сәбимен көш бастап тұр. Екінші орында – Астана қаласы, онда 89 сәби дүние есігін ашты. Ал Үшінші орында – Алматы, мұнда 88 сәби дүниеге келді, – деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Қанша қазақстандық баспаналы болды?

Республика күні қарсаңында еліміздің бірқатар өңірінде тұрғындарға пәтер кілті табысталды.

Атап айтқанда, Жамбыл облысы Шу, Сарысу, Т. Рысқұлов және Меркі ауданы тұрғындарына пәтер кілттері табысталды. Ұлттық мерекеде сарысулықтарға да баспаналы болу бақыты бұйырды. 8 пәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылып, ел игілігіне тапсырылды. Өткен жылы ауданда 185 азамат пәтерлі болса, биыл 278 тұрғын үй беру көзделген. Жалпы бүгінде Шу ауданында 2 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Айта кетейік, аудандағы тұрғын үйлерге аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар ие болды.

Жетісу облысында Республика күніне орай 5 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылып, 70 отбасы баспаналы болды. Олардың ішінде дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, ауылдық әкімдік, саябақ және басқа да объектілер бар.

Түркістан қаласында да 300-ге жуық тұрғын баспаналы болды. Мереке қарсаңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің кілтін табыстап, тұрғындарды Республика күнімен құттықтады.

Сондай-ақ, 20 жылдан бері баспана кезегінде тұрғын 78 отбасыға Республика күнінде пәтер кілті табысталды. Семейде де 30 тұрғын пәтер иесі атанды.

Орталық Азиядағы ең ұзын көпірде автошеру өтті

Республика күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір қолданысқа берілді және Мемлекеттік жалаумен автошеру өтіп, спорттық сайыстар мен мерекелік концерт қйымдастырылды.

Салтанатты шарада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев көпір құрылысына сүбелі үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат табыс етіп, тұрғындарды Республика күнімен құттықтады.

Республика күнінде қанша мектеп ашылды?

Мереке қарсаңында еліміздің бірнеше өңірінде мектептер ашылды. Мәселен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі 600 орынға арналған №35 мектептің ашылу салтанатына қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды мерекемен құттықтады. Бұған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында Республика күні қарсаңында 108 орындық жаңа мектеп ашылды. Жаңа ғимарат 12 заманауи оқу кабинетін қамтиды, оның 10-ы интерактивті тақталармен жабдықталған. Сондай-ақ, мектепте 2 шеберхана, информатика кабинеті, спорт залы, кітапхана, 70 орындық акт залы және 30 орындық асхана бар.

Сонымен Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Терісаққан ауылында 60 орындық жаңа мектеп ашылды. Мектептің салтанатты ашылу шарасына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, жергілікті тұрғындарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Қазір облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 мектеп салынып жатыр, онда балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жайлы білім беру ортасы құрылмақ. 2025 жылға қарай өңірде 24 150 оқушыға 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Айта кету керек, Терісаққан тұрғындары жаңа мектепті үш жыл күтті.

Жәрмеңке

Республика күніне орай демалыс күндері елордада биылғы жылдың соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Ақмола, Қостанай және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері биылғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аяқтау үшін елордаға 800 тоннаға жуық жаңа өнім әкелген. Жәрмеңкеде ет, сүт, көкөніс, жарма, ұн және кондитерлік өнімдер сатылды.

Жәрмеңке – қала тұрғындары үшін жаңа және сапалы өнімді тікелей сатып алуға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға тамаша мүмкіндік. Біз маусымды осындай ауқымды іс-шарамен аяқтағанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Дархан Отызбаев.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жәрмеңкеге келген елордалық тұрғындар мен қала қонақтарының қарасы көп болды.  Сондай-ақ, жәрмеңкеге келгендерге арнап облыстардың әртістерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Мың түп ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» жобасы Республика күні аясында Ақмола облысындағы Жібек Жолы ауылында мың түп ағаш отырғызды. Экологиялық науқанға жергілікті атқарушы орган өкілдері, депутаттар мен ауыл тұрғындары ат салысты. Олар ауыл көшелеріне сібір алмасы, ырғай және мойыл сынды ағаш түрлерін екті. 

Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда да ТЖД қызметкерлері де игі істен аянып қалмады. Республика күніне орай «Қазселденқорғау» өкілдері мен құтқарушылар табиғат аясына 50 түп шырша отырғызған.

Ақтөбеде мәслихат депутаттары да 100 түп ағаш егіп, сенбілікке қатысқан. Елордада Мәжіліс депутаттары орталық саябаққа 300 түп ағаш отырғызды. Мұндай сенбілік жұмысы Семей қаласында да белсенді өткен. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қатысуымен қала 100 түп ағаш отырығызылған. Әкімдер мен депутаттардан бөлек, экология белсенділері мен елордадағы «Белсенді ұзақ өмір сұру» орталығының зейнеткерлері де ағаш отырғызып, қаладағы сенбілікке қатысты.

Бұл акцияға Түркістан облысы да белсенді қатысты. Түлкібас ауданының тұрғындары 300 дана қылқан жапырақты көшеттерді отырғызды.

Мерекелік отшашу

25 қазан күні кешкі уақытта Астанадағы Триатлон саябағында мерекелік отшашу атылды. Отшашуды тамашалауға 10 мыңнан астам адам келді. 4 минут ішінде аспанға биіктігі 30-дан 250 метрге дейін 2500 отшашу ұшырылды. Ұзындығы 150 метрді құрады. Отшашу жеке демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған.

Сонымен қатар мереке аясында түрлі саладағы еңбек сіңірген қызметкерлер, еңбек ардагерлері, батылдық танытқан қазақстандықтар және т.б. тұлғалар марапатталды.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды.

Дрондар шоу

Республика күнінде қазақстандықтар Алматы аспанынан дрондар шоуын тамашалады. 20 минутқа созылған шоуда 500-ден астам жоғары жылдамдықты радио басқарғыш аппараттар түрлі кескінді 3D форматта көрсетті. Олар: киіз үй, қар барысы, «Қазақстан» қонақ үйі, Көк-Төбе, Қазақстан картасы, туы, шаңырақ, домбыра, қызғалдық және Алтын адамның кескіні.  Барлық көрнекі әсерлер қазақстандық және шетелдік композиторлардың музыкасымен синхрондалған.

Сондай-ақ, Көк-Төбе мұнарасы жарықтандырылып, мерекелік нақышта безендірілді.

Миражан Махан
Бөлісу: