Республика күні: Декларация қалай қабылданды?

25 Қазан, 10:05 980

25 қазан – Республика күні. Қазақстандағы негізгі және жалғыз ұлттық мейрам. 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бұл мейрам қайта жаңғырып, жаңа леп берілді. El.kz ақпарат агенттігі атаулы күннің қазақстандықтар үшін маңызы мен ерекшелігіне тоқталып, шолу жасады.

Декларация қалай қабылданды?

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының 360 депутаты егемендігімізді жариялап, декларацияны қабылдады. Декларацияның жобасын 25 депутаттан тұратын комиссия 5-6 ай бойы дайындайды. Ал комиссияның төрағасы заңгер, ғалым, академик-депутат Салық Зиманов болды. Салық Зиманов бастаған комиссия 10 күн бойы депутаттардан келген ұсыныстарды, ескертулерді комиссия отырысында тыңдап, талқылап, әбден құжатты саралайды. Осылайша Жоғарғы кеңестің отырысында Салық Зиманов 17 бөлімнен тұратын декларацияны депутаттарға 6 сағат бойы кеңінен түсіндіреді.  

Сурет: egemen.kz

Суретте академик-депутат Салық Зиманов Жоғарғы Кеңес депутаттарына Декларацияны таныстыруда

Декларацияда елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Барлық ішкі және сыртқы істерді өзі дербес жүргізетінін көрсетті. Осылайша декларация Қазақстанның тәуелсіздігіне алғашқы қадам жасаған және елдің егемендігін айқындаған маңызды құжат болды.

Сурет: Уикипедиядан

Суретте Жоғарғы Кеңестің ғимараты 

Декларацияға сәйкес, арада бір жыл өткен соң 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі» туралы заңды қабылдап, өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялады.

Сурет: KP.KZ

Республика күнінің мәртебесі

1990-1995 жылдар аралығында елімізде 25 қазан Республика күні ретінде атап өтілді. 1995 жылы 18 қазанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Республика күніне «ұлттық мереке» мәртебесін берді. Алайда 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша «ұлттық мереке» мәртебесінен алынып, «мемлекеттік мереке» есебінде тойланды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. 

2022 жылы 16 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Сурет: Ақорда

Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл шешім халық тарапынан қалдау тауып, үш жыл қатарынан Республика күні ұлттық мереке мәртебесінде тойланып келеді.

Мерекелік демалыс

Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады. Биыл 25 қазан – Республика күні жұма күнге келіп тұр. Осыған орай қазақстандықтар бір күн демалады.

Республика күні қалай тойланады?

21-25 қазан аралығында ұлттық мереке қарсаңында елімізде мерекелік іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрінен сайыстар мен түрлі жарыстар өткізіледі. 25 қазанда Алматы қаласында «Медеу» БСК-да мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Гимнін жаппай орындау салтанатты рәсімі өтеді. Мереке аясында елордада және әрбір ауданда түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, еңбек ардагерлері, белсенді азаматтары марапатталады.

Миражан Махан
Бөлісу: