Қазақстанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне санаулы күндер қалды. Бұл күн – ел тарихындағы маңызды кезең, мемлекеттік егемендік пен демократиялық құндылықтардың айғағы. Әлемде көптеген елдерде Республика күні ерекше маңызға ие мереке ретінде тойланады. Әдетте ол конституцияның қабылданғанын, егемендігін жариялаған күнді еске алумен байланысты. Осы орайда біз Республика күні қай елде қалай тойланатынын шолып көрдік.
Қазақстанда Республика күні 25 қазан күні атап өтіледі. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Дәл осы тарихи құжат Қазақстанның Тәуелсіздікке апарар жолының алғашқы қадамы болды. Бір кезеңде, яғни 2009 жылы, бұл мереке ұлттық мереке мәртебесінен айырылғанымен, халықтың тарихи жады мен мемлекеттілік рухы оның маңызын ұмыттырған жоқ.
2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді.
Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Бұл бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биыл бұл мереке күні сенбіге сәйкес келеді, сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтіндер үш күн қатарынан – 25, 26 және 27 қазан күндері демалады. Ал аптасына алты күн жұмыс істейтін азаматтар үшін 25 және 26 қазан демалыс күндері болып белгіленген, 27 қазан – жұмыс күні.
Қытай Халық Республикасының құрылған күні – 1 қазан. Бұл дата ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. 1949 жылы құрылған ҚХР бүгінде осы күнді бес күн бойы мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Мереке қарсаңында Бейжің мен басқа да ірі қалалар ерекше сәнге енеді: орталық алаңдар мен көшелер мыңдаған жаңа гүлдермен көмкеріліп, алып композициялар орнатылады. Ел бойынша әскери шерулер, салтанатты шеру-парадтар, халықтық фестивальдар мен концерттер ұйымдастырылады. Ал кешкі уақытта аспанды түрлі түсті отшашулар жарқыратып, ел рухын көтереді.
3 шілде – Беларусь үшін ерекше тарихи мәнге ие күн. Бұл күні ел халқы «Беларусь Республикасының күні» мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік басқыншылардан азат етілген Минск қаласының мерекесін қатар атап өтеді. 1996 жылғы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде бұл күн мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Беларусь халқы оны «Тәуелсіздік күні» деп те атайды. Әр жылы бұл мереке ел астанасы Минскіде салтанатты шерулермен, әскери техника көрмелерімен және мерекелік концерттермен өрнектеледі. Кешкісін алаңдарда аспанды жарыққа бөлейтін отшашулар атылады.
28 мамыр – армян халқының азаттық символына айналған ерекше күн. Бұл дата 1918 жылы Бірінші Армения Республикасының құрылған сәтін еске түсіреді. Ресей империясының құлауы мен азамат соғысы тұсында, Закавказье Демократиялық Федеративтік Республикасының ыдырауынан кейін армян халқы өз мемлекеттілігін қайта жаңғыртты. Бүгінде бұл күн – ел тәуелсіздігі мен еркіндік рухын дәріптейтін басты мерекелердің бірі. Арменияда ол ресми түрде «Республика күні» деп аталып, ұлттық шерулер, мәдени іс-шаралар және халықтық концерттермен атап өтіледі.
Молдова үшін 27 тамыз – тарихи бетбұрыстың күні. 1991 жылы дәл осы күні Молдова Республикасы Парламенті Тәуелсіздік декларациясын қабылдап, өз егемендігін ресми түрде жариялады. Сол сәттен бастап бұл күн «Молдова Республикасының Тәуелсіздік күні» ретінде тойланып келеді. Республика күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекеде елдің түкпір-түкпірінде мемлекеттік тулар ілініп, орталық алаңдарда салтанатты концерттер мен халықтық жәрмеңкелер өтеді. Молдова халқы үшін бұл күн – бостандық пен ұлттық бірліктің мерейлі символы.
Францияда 14 шілде – «Ұлттық мереке» немесе Бастилия күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата 1789 жылы Француз революциясының бастауына айналған тарихи оқиғамен байланысты. Дәл осы күні халық Париждегі атақты Бастилия түрме-бекінісіне шабуыл жасаған. Сол сәтте түрмеде бар болғаны жеті тұтқын болғанымен, оқиғаның мәні олардың босатылуында емес, ғасырлар бойы үстемдік еткен абсолютті монархияның күйреуінде еді.
Сен-Антуан Бастилиясы кезінде Людовик XVI билігінің шексіз өкілеттілігінің нышаны болса, оны құлату – халықтың еркіндік пен теңдік жолындағы жеңісі ретінде тарихта қалды. Бүгінде 14 шілде Франция халқын біріктіретін демократия мен ұлттық бірліктің мерекесіне айналған. Бұл күні Елисей алаңында әйгілі әскери шеру өтеді, ал кешкісін Париж аспанын түрлі түсті отшашулар мен мерекелік концерттер нұрға бөлейді. Бастилия күні – француз халқының азаттық рухының мәңгілік символы.
Италияда Республика күні – 2 маусым. 1946 жылғы референдумда Италия тұрғындары монархияның орнына республика орнатуды мақұлдаған. Осыған байланысты Римде мемлекеттік деңгейдегі салтанатты жиындар мен әскери шеру өткізіледі. Мысалы, Италия Президенті Ұлы Отан монументіне гүл шоқтарын қойып, Рим орталығындағы Форум көшесінде әскери шеру ұйымдастырылады. Сонымен бірге, осы күні Италияның көптеген қалаларында концерттер мен отшашулар өткізіліп, халық мерекелік көңіл-күйде болады.
Әзербайжанда Республика күні – 28 мамыр. 1918 жылы осы күні Әзербайжан Демократиялық Республикасы жарияланған. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін 1992 жылдан бастап бұл күн ұлттық мейрам ретінде аталып келеді. Республика күні Баку орталығында салтанатты шаралар өтеді. Мысалы, Республика алаңында жоғары лауазымды тұлғалар гүл шоқтарын қойып, офицерлер шеруі ұйымдастырылады. Елдің барлық аймақтарында концерттер мен мәдени бағдарламалар өткізіліп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге көңіл бөлінеді.
Үндістанда Республика күні – 26 қаңтар. Бұл күні 1950 жылы жаңа Конституция күшіне енгеніне орай мереке жарияланған. Республикалық шара аясында бүкіл елде әскери және азаматтық парадтар ұйымдастырылады. Ең ірісі – Нью-Делидегі Парламент алаңындағы шеру: онда түрлі штаттардың мәдени дәстүрлері мен елдің әскери қуаты көрсетіледі. Сонымен қатар шеруден кейін Президент ерекше ерлігі үшін әскери қызметкерлер мен азаматтарға батырлық медальдары мен мемлекеттік марапаттарды табыстайды.
Пәкістанда Республика күні – 23 наурыз. Бұл күн 1956 жылы жаңа конституция қабылданып, елдің ислам республикасы болған кезді еске алады. Әдетте астанасы Исламабадта әскерилердің, теңіз және әуе күштерінің қатысуымен ірі әскери шеру өткізіледі. Шеруден кейін Президент соғыс ардагерлерін еске алып, ерекше ерлік танытқан әскери қызметкерлер мен азаматтарға мемлекеттік наградалар мен медальдерді табыстайды.
Түркияда Республика күні – 29 қазан. 1923 жылы осы күні Түркия Республикасының құрылғаны ресми жарияланды. Республика күні Түркияның барлық өңірінде жыл сайын атап өтіледі: елордасында және басқа қалаларында салтанатты концерттер, мектептерде патриоттық сабақтар, ұлттық ту жалаулату рәсімдері өткізіледі. Айрықша мерекелік шаралар қатарына отшашулар мен концерттер бар. Бұл шаралар Түркияның тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігін дәріптеуге бағытталған.
Непалда Республика күні 28 мамырда тойланады. Бұл күн 2008 жылы монархия жойылып, Непал Республикасы жарияланғанына байланысты белгіленген. Республика күнінде Катмандудағы Тундикхелде салтанатты әскери шеру өткізіліп, ел бірлігі мен мәдени алуан түрлілігін дәріптейтін концерттер мен ұлттық билер көрсетіледі.
Мальдивте Республика күні – 11 қараша. Бұл күні 1968 жылы аралдар монархиядан республикаға өткенін еске алады. Республика күніне орай елде ресми салтанаттар мен концерттер өтеді, қарулы күштер шеруі ұйымдастырылады. Сонымен қатар ұлттық музыка мен билер фестивальдары мен спорттық жарыстар өткізіліп, халық кең көлемді мерекелік көңіл-күйге бөлінеді.
Бразилияда Республика күні – 15 қараша. 1889 жылы осы күні император II Педро тақтан тайдырылып, республика жарияланған. Республика күніне орай ел бойынша әр түрлі азаматтық жиындар мен әскери шерулер өткізіліп, мемлекеттік ту көтеру рәсімдері өтеді. Сонымен қатар мектептер мен университеттерде Бразилия тарихы мен республика құру дәстүріне арналған дәрістер мен көркемсөз кештері ұйымдастырылады.
Гайанада Республика күні – 23 ақпан. 1970 жылы осы күні ел монархиялық басқарудан республикаға өткен. Осыған байланысты «Масрамани» деп аталатын ұлттық карнавал аталып өтеді. Мерекеде халық көпсалалы шеру ұйымдастырады: киімдермен безендірілген шеру арбалары, ұлттық әндер мен билер көрсетіліп, аспаздық және спорттық жарыстар өткізіледі.
Республика күні – кез келген ел үшін мемлекеттік басқару формасының, демократия мен егемендіктің символы. Әр ел өз дәстүрі мен мәдени ерекшеліктеріне сәйкес бұл мерекені тойласа да, оның басты міндеті – ұлттық рухты көтеріп, халықты біріктіру. Республика күні мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, елдің тарихи жетістіктері мен батырларын еске алуға арналған маңызды мейрам болып саналады.