Республика күнінің жаңа мәртебесі жастарға серпін берді

14 Қазан 2022, 05:19 6965

Бұл күннің осы жағынан алғанда да маңызы өте жоғары

 

Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздің егемендігі туралы декларация 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен жария етілді. Яғни дәл сол жылы Қазақтың мемлекеттік егемендігі туралы басты құжат қабылданды. Осы құжат арқылы елдің егемендігін паш ететін жеке территориясы, мемлекеттік бюджеті (ұлттық валютасы), азаматтығы, мемлекеттік рәміздері болатындығы баршаға жарияланды. Бұл дегеніңіз ата-бабамыз сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздіктің бастауы болды.

Біле білген адамға Егемендік декларациясының қабылдануы ел дамуына ерекше әсер етіп, қазақ қоғамына үлкен рухани сілкініс әкелді. Қазақтар «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілетін болды» деп қуанып, болашаққа деген үміттері қайта оянса, керсінше, жер де, басқасы да баршаға ортақ деген қағидамен өмір сүріп келген көрші Ресей мен еліміздегі өзге этнос өкілдері терең ойға қалып, тарихи шешім қабылдауларына себеп болды. Бұл күннің осы жағынан алғанда да маңызы өте жоғары.

Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда толыққанды тәуелсіздігін жария еткен соң, 25 қазанда Республика күні - мемлекеттік мереке ретінде 2009 жылға дейін атап өтілді. Бірақ бұл күн күнтізбеде қатардағы жұмыс күні ретінде қалып келді.

Ал биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына мән беріп, ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, Егемендік күні ретінде атап өтуді ұсынды. Осының нәтижесінде тиісті заң қабылданып, биылдан бастап Жаңа Қазақстандағы жаңашылдықтың бірі ретінде бұл күнді ерекше ұлттық статусы бар мереке – демалыс күні ретінде атап өтетін болдық. Бұл қоғам үшін, қоғамның қозғаушы күші - жастар үшін жақсы жаңалық болды десек артық айтқандық емес.

Біз де өзіміз дәріс беретін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының дизайн мамандығында оқитын студенттеріне 25 қазан - Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алуына орай биылғы оқу жылының сабақ жоспарына енгізіп үлгердік.

Ал шығармашыл жастар болса Республика күнін тақырып ретінде өздерінің түрлі дизайнерлік шығармаларына арқау ете бастады. Осы айтулы күнге орай 2 және 5 курс студенттерінің дайындаған туындылары мен айтқан пікірлері бір-бірімен үндес келеді деуге болады. Яғни барлығы дерлік Республика күнінің ұлттық мәртебе алғанына және бұл күннің демалыс болғанына бек қуанышты.

Төменде болашақ дизайнер студенттер дайындаған жобаларға шолу жасап, жеке-жеке сипаттамасын қысқаша беріп отырмыз. Мұндағы мақсат шығармашыл жастардың Республика күні сынды мерекені қалай қабылдап, қандай тәсілдермен оны насихаттағанын паш ету.

Көркем Сүгірбаева, 2 курс студенті: Бұл күн біздің тарихымызды ұмыттырмайды, жыл сайын есімізге түсіріп отырады. Тарихи маңызы бар мерекелерді кең көлемде атап өтіп, тойлауымыз керек, жыл сайын жаңғыртуымыз керек. Ол жастарға рух береді. Өз еліне деген жастардың сүйіспеншілігін арттырады.

Менің плакатым бір қарағанда бірден байқалатындай сары және көк түстерден құралған. Композициямда «Әрқашан күніміз сөнбесін!» дегенді күнге қарай қолдарын жоғары созған қазақ қызы мен жігіті арқылы бейнеледім. Бұлар бейне бір Есіл өзенінің үстінде билеп жүргендей әсер қалдырады. Артқы фонда Қазақстанның картасы, стилизацияланған күн шуағы және тудағы өрнекті келтірдім. Екінші планда елордамыз Астана қаласының силуэтін салып, жанына ақ түспен «25 қазан/октября» деп жазып, ортасына жиек өрнек орналастырып, оның астына «Республика күні. День Республики» деген жазуларды ақ түспен орналастырдым.

Диана Ділшат, 2 курс студенті: Менің жобам Республика күніне арналған плакат. Оны мен коллаж техникасымен жасадым. Мұнда Қазақ Елі монументі, Елтаңба және мемлекеттік туымыз көрініс тапқан. Композиция өзегі ретінде «25 қазан Республика күні» деген жазуды сары және ақ түстермен орналастырдым. Коллаждың төменгі жағына «Бабаларымыз тәуелсіздіктің азабын өздері алып, ғажабын бізге қалдырды» деп ақ-қызыл түстермен жазып, өз пікірімді қостым. Қазіргідей алмағайып заманда еліміздің тәуелсіздігі басты құндылық, оны көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Себебі осы егемендік жолында бабаларымыздың қаншама буыны өз өмірлерін құрбан етті. Соны естен шығармауымыз керек.

Аяулым Амангелді, 2 курс студенті: Республика күні біздің тәуелсіздігіміздің бастамасы болды. Қазақстан демей, барлық жерде Қазақстан Республикасы деп атайды. Яғни Республика екеніне мән береді. Біз жыл сайын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін тойлаймыз, ал 25 қазанды Республика күні ретінде ешкім білмейді. Себебі Республика күніне аса мән берілмей келді. Енді биылдан бастап бұл күн ресми мереке - демалыс. Жұрттың бәрі білетін болды. Енді әділеттілік орнады деп ойлаймын.

Мен бұл мерекені қоғам тез қабылдап, есте қалдыруы үшін жастар қауымы арасында көп киілетін шолақжеңнің (футболка) дизайнына ыңғайладым. Республика күнінің логотипін классикалық стильдегі, яғни қара түстегі киімнің алдыңғы жағына ақ түспен орналастырып, артқы жағына қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңінен «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген үзіндісін қазақтың ұлттық оюымен бірге бейнеледім. Мұндағы ойым, жастар ұлы тұлғаларымыздың даналық сөздерін біліп жүрсін дегенім. Екіншіден қазақ тілін де қоғам арасында насихаттауға кішкене болса да үлес қосу.

Гүлім Оразбаева, 2 курс студенті: Бізде өкінішке орай 25 қазан - Республика күнін ешкім білмейді. Мысалы Түркияда бұған өте ерекше мән беріп, қатты тойлайды. Барлық көше қызыл тудың түсіне көмкеріліп, барлығы бір кісідей атап өтеді. Мереке екені бірден білінеді. Бізде де осындай кең көлемде атап өту керек деген ойдамын.

Әзірлеген композицияма келетін болсақ, мен Республика күні мейрамына ақ-сұр түсте безендірілген саптыаяқтың (кружка) дизайнын келтірдім. Стилизацияланған жылқының басын бейнелеп, оның астыңғы жағына «Республика күнімен!» деген жазу жазып қойдым. Мұндағы ойым, мерекені халық сезінуі керек, халыққа жақын болуы керек, көпшіліктің көңілінен орын алуы тиіс деген ойды бейнелегім келді.

 

Бақдәулет Әбдуалы, 5 курс студенті: Мен бұл тақырыпқа постердің дизайнынан 2 композиция ұсынып отырмын. Бірінші нұсқада, композиция өзегі ретінде Президент резиденциясы Ақорда алынған. Оның жоғары жағына «25 қазан Республика күні» деген жазу ақ түспен жазылған. Мұнда минимализм басым. Жалпы постердің композициясын көк туымыздың өрнегімен көмкердім. Екінші нұсқа - коллажда композиция өзегі Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықпен кездесу сәті бейнеленген. Білмеймін өзіме Президентіміздің осы күлімдеп тұрған шынайы бейнесі ұнайды. Ол кісіге халықтың ықыласы да ерекше, күн өткен сайын артып келеді. Екінші планда «25 қазан Республика күні» деген жазуды ақ түспен беріп, оның артына желбіреген мемлекеттік туымызды бейнеледім.

Жігер Жұмахметов, 5 курс студенті: Биыл елімізде көп жақсы үрдістер болып жатыр ғой. Республика күнінің ұлттық мәртебе алуы мені шын мәнінде қуантып отыр. Себебі бұл күн біле-білсек еліміздегі барлық мерекелердің бастауы. Сондықтан да ол күн өз деңгейінде аталып өтуі заңды деп білемін.

Композицияға келетін болсақ, менікі плакаттың дизайны. Мұндағы негізгі айтар ойды коллаж техникасымен қара-қоңыр түстегі жартастағы бейнелер арқылы бердім. Жартастың ортасында Қазақстанның картасы бейнеленген. Оның жоғары жағына Республика күнінің логотипі мен «Қазақстан Республикасы» деген жазу ақ түспен берілген.

Картаның ішінде бірінші планда Қазақ елінің егемендігі жария болып, тәуелсіздік алған кездегі бас қаламыз - Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйі, Көктөбе мұнарасы, Тәуелсіздік монументі және жартастың үстінде көк байрағымызды желбіретіп ұстап тұрған адамның сұлбасын келтірдім. Екінші планда елордамыз – Астана қаласындағы жаңадан салынған, жаңа ғасырдағы оқиғалардан сыр шертетін ғимараттар мен сәулеттік ескерткіштерді беруге тырыстым.

Мінекей, қарап тұрсақ қазіргі жастарымыз заманауи технологияны меңгерген, талапшыл, белсенді. Енді осы жастардың туған еліне деген сүйіспеншілігін одан әрі арттыру үшін ұлттық идеологияны қайта қарап, жаңа заман талабына орай мемлекеттік деңгейде бекіту қажет.

Қазақ елінің егемендігі паш етілген мерекені қоғамның неғұрлым көп бөлігін қамти отырып атап өту үшін шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, арнайы тұжырымдама бекіту керек.

Мерекенің арнайы ресми логотипінен бастап, түстік, идеологиялық ұран сөзді де ұлттық мүдде тұрғысынан қарап бекіту керек. Оны насихаттауда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен қатар әлеуметтік желілерді де толықтай осы іске жұмылдыру маңызды деп білеміз.

 

Дәурен Мақсұтханұлы

 

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: