Ресейге әскер жіберу туралы бастаманы депутаттар қолдай ма?

31 Мамыр 2023, 13:04 1140

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы негізінде Ресейге әскер жіберуді Парламент мақұлдамайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында айтты.

БАҚ өкілдері депутатқа: «Егер Ресей Қазақстаннан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы негізінде әскер сұраса, жіберуіміз мүмкін бе? Егер сіздерге бұл мәселе жөнінде құжат түсіп жатса, қолдайсыздар ма?» деп сұрақ қойды.

Жоқ, мақұлдамаймыз. Әр мәселені жеке қарау керек. Дүрбелең жасаудың керегі жоқ. Қазіргі таңда халықаралық мәселелер қалыпты жағдайда шешіліп, Президентіміздің бағдарының барлығы дұрыс шешіліп жатыр. Біз өте қиын қыспақтың арасында өте дұрыс бағытта келе жатырмыз. Біз еш уақытта соғысты және соғысушыларды қолдамаймыз, - деп жауап берді Нұрлан Әуесбаев.

Бұған дейін қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Мәжіліс кулуарында ҰҚШҰ негізінде Ресей Қазақстаннан көмек сұраса, оны Парламент шешетінін айтқан болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: