Ресейдің Омбы және Түмен облыстарының мектеп оқушылары Көкшетаудың Достық үйінде қонақта болды

23 Шілде 2019, 17:24 4906

Көкшетау шаһарына қазақ диаспорасының өкілдері - Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарынан оқушылар келді. 


Балаларды қонаққа шақырған Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының өкілдері экскурсияны сан алуан және танымдық етіп өткізуге тырысты.


Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы оқушыларды қуана қарсы алды. Достық үйінің залында жас домбырашылар Нұрай Қажығалиева және Малика Сатыбалдиналар «Көкшетау» әнін орындап, қонақтарға тосын сый жасады.


Содан кейін балаларды конференция залына шақырып, онда «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Ақмола облысының танымал тұлғалары туралы айтса, аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 175-жылдығын мерекелеуге қатысу жайында әңгіме қозғады. Қонақтарды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы атынан бас маман Индира Ыбыраева қошеметтеді.


Көкшетаудың № 17 орта мектебінің «Мәншүк» клубының жетекшісі Айнагүл Жазиева және оның бойжеткен қыздары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Меймандар Қазақстан Республикасының халық әртісі Бисара Макенова орындаған Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін рахаттана тыңдап, оған қосылып отырды.

Кездесуден естелік ретінде М. Қиықов қонақтарға Ақмола облысының туризмі туралы кітапты, ал облыстық Аналар кеңесінің төрайымы қазақ оюымен тігілген қабырғаға ілетін кенеп мата сыйлады.

Бұдан кейін мектеп оқушылары үшін Достық үйі бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олар этномәдени бірлестіктердің кабинеттерін аралап көріп, әр түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысты.

Бөлісу: