Ресейде ер адамдарға төрт әйел алуға рұқсат берілді

Бүгiн, 11:02 346

Ресей мұсылмандары діни басқармасының теологтар кеңесі ерлерге төрт әйел алуға рұқсат берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

МДБ мәліметінше, мұндайға барғысы келетіндерге қойылатын басты талап – барлық әйеліне тең қарау.

Ер адам бір уақытта екінші, үшінші, тіпті төртінші діни некесін қия алатыны туралы шешім қабылданды. Егер әйел денсаулығына байланысты бала туа алмайтын болса, не ол репродуктивті жастан асып кетсе, не бала туудан бас тартса, не арада жыныстық сәйкессіздік болса, онда ер адамға бірнеше әйел алуға рұқсат беріледі, – деді Мәскеу мүфтиі және РМДБ төрағасының орынбасары Ильдар Аляутдинов РИА Новости сайтына берген сұхбатында.

Ол әрбір әйелге тең жағдай жасалып, әрқайсысы жеке үймен қамтамасыз етілуі керектігін және күйеуі әрқайсысына тең уақыт бөлу керектігін де қоса кетті.

Егер бұл шарттар сақталмаса, онда ер адамға көп әйел алмауға кеңес беріледі, – деді мүфти.

Сонымен қатар мүфти некедегі ер адам өзінің тағы бір рет үйленетінін әйелдеріне хабарлауы керектігін еске салды.

Әйелінің бар екенін жасыруға болмайды. Егер оған (екінші әйелі - редакция) бұл туралы хабарланбаса және ол бұған көнбесе, онда некені бұзуды талап ете алады, - деді Аляутдинов.

Бұдан бөлек тағы бір мұсылмандық некеге тұрғысы келетін ер адам әйелінің барлық баласын асырап алуға және оларға да заңды түрде мұра қалдыруға міндетті екенін алға тартты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: