Репрессия құрбандарын ақтау кезінде шындықты ғана айтуымыз керек - тарихшы

31 Мамыр, 17:00 14357

2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, оның аясында 17 өңірлік комиссия өз жұмысын бастады. El.kz тілшісі мемлекеттік комиссияның Шымкент қаласы бойынша жұмысшы тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы Бахадыр Айтаймен сұхбаттасып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыстар туралы сұрап білді.

El.kz: Ең алдымен жұмысшы топ туралы айтып өтіңізші. Оның құрамында кімдер бар? Бағыттары қандай? Бүгінге дейін қандай зерттеулер жүргіздіңіздер?

Бахадыр Айтай: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекшілік етеді. Оның редакциялық алқа құрамына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, тарихшылар Бүркіт Аяған, Еркін Әбіл, Ханкелді Әбжанов, Дихан Қамзабекұлы, Иманбек Қойгелдиев, Айдос Сарым және тағы басқалары бар.

Мемлекеттік комиссия жұмысы 9 бағыттан тұрды. Қазір соның жетеуі қалды. Оның әр бағыты бойынша белгіленген тақырыптар бойынша зерттеулер жүргізілді. Қалалық жұмысшы топ құрамында 24 мүшесі болды. Қазір соның 14-і қалдық.  

Мен жұмысшы топтың жетінші бағыты бойынша жетекшісімін. Ол 1929-1030 жылдардағы байлардың мүлкін тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды күштеп отырықшыландыру, дайындау және басқа да саяси науқандар деп аталады. Алғашында бұл бағыт бойынша үш адам бекітілген едік, соңында жалғыз өзім қалдым. Жалпы мемлекеттік комиссия жұмысы 170 томдық кітап боп шыққан. Соның 50-ші томына енген деректердің барлығы біздің Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті оқытушыларының еңбегі. Яғни, 50-беттен 215-бетке дейінгі шағатай жазуынан, кейбір орыша жазабалардан аударылған қазақша жазбалардың барлығы біздің еңбек. Архивтерден 193 құжатты тауып өткіздік. Біз Шымкент қаласы мен қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданы бойынша зерттеулер жүргіздік. Себебі Сайрам бұрын Шымкентке қарасты болған, облыс құрамына кейін бөлініп шыққан.     

El.kz: Өзіңіз жинақтап өткізген материалдар ішінде бұған дейін айтылмаған қандай деректер бар?

Бахадыр Айтай: 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп бір күнге бекітілді. Өздеріңіз білесіздер 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын толық ақтау» деген Жарлығы шықты. Бұл жерде толық ақтау деген кілт сөз бар. Соған көңіл аудару керек. Бұған дейін де бізде ақтау, яғни реабилитациялық шаралар жүрді. Бірақ сирек жүрді. 1956-58 жылдары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндерді, 1987-88 жылы «Аллаш» қайраткерлерін ақтадық. Сосын 1997-1998 жылдары ақтау шаралары жүрді. 58, 59 баппен қудалауға ұшырағандарды ақтап алдық. Ал енді бұл толық ақтау 1920-жылдан басталды. Бұл жерде айтылмаған, тың дерек деп баптарды айтуға болады. Бас-аяғы 15 бап болса, соның 11 бойынша осы уақытқа ешкім ақталмап еді. Бұл жерде 61, 62, 63, 73, 79, 82, 91, 97, 105, 107, 108, 110, 111 деген баптар болған. Ал 58-ші саяси бап бойынша мемлекет қайраткерлері, ұлтшыл, діншіл, түрікшіл дегендерді ақтадық. Жергілікті аудан, қала деңгейіндегі тұлғалар ақталмаған еді. Мысал ретінде келтірер болсам, 107-бап бар. Бұл - алып-сатарлық, спекуляция. Сол жылдары осы алып-сатарлықпен айналысқандарды 5 жылға дейін соттап жіберген. Шыны керек, алғашында біз оларды не үшін ақтаймыз деп таң қалдық. Кейін тереңірек зерттеу жүргіздім. 1928 жылы Сталин олар «антисоветтік элементтер» деп осы бапты қостырған екен. Зерттеу барысында Сайрамдағы 168, 505, кейін облыстағы 217, 816 жылы қорларды қарап отырып, олар қалай сотталды, тағылған айыптары не екенін мұқият қарап шықтым. 200-ден астам істі қарадым, соның 67-сі ақтауға енгізілді. Онда барлығы анық жазылған. Шыны керек, шағатай жазуынан аудару да оңай болған жоқ. Сонда қарасам бұлардың бар қылмысы Ташкенттен  15-10 тиынға калош әкеледі де оны Шымкентке, Сайрамға әкеліп 45-50 тиынға сатқан. Кейін колхозда істеген шаруалар қиналғанынан онша-мұнша астықты, колхоз мүлкін жасырып сатқандары бар. Соларды соттап жіберген екен. «Антисоветтік элементтер» деп 107-баппен бес жылға былайша айтқанда жазықсыз соттаған. Тағы бір айта кетерлігі, бұл баппен соттатудың себебі әр аудан, қалады осынша адамнан тазартуымыз керекпіз деп арнайы тапсырма берілген. Мәселен, Шымкентте 2 мыңдай адам деген. Сол тапсырманы орындау үшін екілік, үштік, бестік деген комиссия құрылған. Екілік құрамында НКВД-дан бір адам болған және бір партия мүшесі болған. Үштік пен бестікте белсенділер ретінде қарапайым адам қосылған. Ол тіпті қара жұмысшы да болған. Солар «Мынау адам осылай жасап жатыр» деп көрсетеді. Содан прокурорға алып барып, қылмыс деп есептеп, этаппен айдап жіберген. Олардың 80 пайызында соты болмаған. Себебі ол кезде судья жетіспеген. «Мынаны ұстадық. Мынау калош, шекілдеуік (семечка) сатып отыр, колхоздың астығын астты» деп 2-3 адам куәгер болады да қаматып жібере берген. Олар азаматтық істер болған. Қамаудан көбі оралған. Қамау дегеніміз түрме емес, лагерьге жіберген. Түрме мен лагерь екеуінің айырмашылығы бар. Біздің Шымкентте ондай лагерь болмаған. Жетісай, Түркістаннан ашпақшы болған екен, бірақ жауып тастаған. Лагерьлердің басым бөлігі Қарағанды облысында, Жезқазған, Ақтөбе жақта болған. Оны еңбекпен түзеу лагерьлері, яғни ГУЛАГ деп атаған. 18 лагерь болған, әлгі жаңағы "антисоветтік элеменеттер" деп жазықсыз айып тағылғандар сонда жіберілген. Сталин оларды жұмыс істетуіміз керек, индустриализацияға көшуіміз қажет деп тапсырма берген. Лагерьлерге жіберілгендер тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған. Қара нан мен қара су беріп, жазасын береміз деп еңбек күші ретінде жұмысқа тартылған. Ал егер олар онда қарапайым жұмысшы ретінде барса, жалақы сұрайды. Баспанамен қамтып, тамағын беру керек болған. Сталин кім тегін жұмысшы болмаса, депрессияға ұшыратқан. Сөйтіп индустриализацияны тезірек жүргізу керек болып, теміржол, зауыт, өнеркәсіп өндіріс орындарын салуда солардың еңбек күшін тегін пайдаланған. Ол жақтан қашып келгендер де болған. Бірақ кейін олар ұсталып,  10-15 жыл арқалап кеткендері бар. Мұның бәрі сол Сталиннің қателеспесем 1928 жылдың 14 тамызында байлар мен кулактарды тап ретінде жою деген тапсырмасынан кейін басталған. Ел басқарып отырған адам солай тапсырма бере ме деп таң қалғанмын. Кәдімгідей тап ретінде жою керек, бұлармен социализм құрай алмаймыз деген. "Советская степь" деген газетте жарияланған баяндамасын өз көзіммен оқып, шынымды айтсам шошып кеттім. Голощекин де соны қолдап сөйлеген. Сөйтіп байларды осылай ұстап, мүлкін колхозға өткізіп отырған. Байлардың көбі колхозға да кірген. Бірақ колхоз ішінде олар көп жүре алмады. Себебі шолақ белсенділер үстінен арыз жазып отырған. Содан кейін олардың ұрпақтары да қудалауға ұшырап, лагерьге жіберілген. Олар діндар, ұлтшыл, байлар, ақсүйектер, ишандар, имамдар ұрпақтары. Бұлардың кейбірі кейін аты-жөндерін өзгертіп, аман қалғандары да бар. Бірақ бай болғаны үшін көбі репрессияға ұшырап кетті. Ерекше атап өтерлігі, мал-мүлкі тәркіленіп алынған байлар еш жер жұмысқа алмаған соң саудамен, алып-сатарлықпен айналысты. Кейін соған да ілініп, әбден қорлық көрген. Анау қордағы құжаттарды қарап отырсаң, кәдімгідей сұмдық. Мен түпнұсқасын қарадым, сол құжаттармен жұмыс істедім. Біздің бағыт бойынша зерделенген деректерді қарасаңыз, аты-жөндерімен көрсеттік.

Біздің зерттеу жұмыстарымызда 61 бап бар - билікке бағынбау, 105 бап - саудада реттілікті бұзу деген, 107 бап – алып-сатарлық. Осы баптар бойынша бұрын ешкім ақталған емес. Тіпті ол туралы ойланған да емес. Сайрамдағы табылған құжаттарды жекелеген біреулер қарамаса, жаппы оларды ақтау бойынша бірлі-екілі болмаса, тіпті ұрпақтары да арыз жазбаған. Ал біз оларды не үшін ақтап жатырмыз? Президент тапсырмасына сәйкес толық ақтау, архив құжаттарын құпиясыздандыру деп айтылды. Бұл кезінде құпия болған. Содан бері қаншама жыл өтті. Негізі 15 жылдан кейін құпиясыздандыруға жату керек. Менің ендігі жұмысым - тарихшы ретінде осы зерттеулер аясында монография жазу.  

El.kz: Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары келіп, өтініш жасамаса да ақтала бере ме?

Бахадыр Айтай: Иә, ақтала береді. Ол туралы комиссия ережесінде тұр. Артынан іздеушісі болу керек деген жоқ. Біз оларды тарих алдында ақтаймыз. Себебі архив құжаттарында бәрі тұр. Олар саясаттың құрбаны, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандар.   

(Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ медиаорталығы)

El.kz: Сіз жетекшілік ететін бағыт бойынша қанша адам ақтауға жіберілді? Нақты статистика бар ма?

Бахадыр Айтай: Бар, жаңағы мен айтып өткен кітапта тұр. Мен өзімнің бағытым бойынша  217 адамның аты-жөнін бердім. Жалпы қаладағы статистиканы қалалық жұмысшы топ жетекшіміз біледі. Менің шамалауым бойынша егер Түркістан легионын қоспайтын болсақ, шамамен мыңға жуық,  890-дай адам. Ал Өзбекстан, Тәжікстанға көшкендердің статистикасы белгісіз, олардың аты-жөндері жоқ. Олар өтіп кетіп қалды ғой, шекарада ешкім тексерген жоқ. Сондықтан есепке кірмей отыр. Ал есепке кіргендері 70-80 шақты диқан, шаруа, жұмысшылар. Оларға 58, 59 саяси баптар бойынша айып тағылған. Мен өзім ұсынған 217 адамның ең көбі алып-сатарлықпен айналысқан. 100-ге жуығы ишан, имамдар. Көбі қашып ұсталмаған. Бірақ ұсталса, қамалады деп сырттарынан айып тағылған. Біз Өзбекстан, Тәжікстанға экспедиция жібердік. Толық қарап үлгермеді, бірақ ішінен тауыпты. Мен 4-5 фамилияны көріп қалдым. Тәжікстан реабилитациялық шаралар істеген жоқ әлі. Керекті делінген он шақты адамды ақтап алды да архивке өздерін де жібермей отыр. Шыны керек қорқып отыр, бәлкім көп фамилия шығып кетеді дей ме?... Нақты неден қорқып отырғанын білмеймін. Барып келгендер солай деп айтты. Өзбекстанда да сол ахуал. Онда кейбір профессор тарихшыларға ғана рұқсат берілген. Ал ақтау шаралары ашық, Президенттің тікелей тапсырмасымен тек Қазақстанда жүргізіліп жатыр. 

El.kz: Жұмысшы топтың басы-қасында жүрген тарихшы ретінде айтыңызшы, репрессия құрбандарын толық ақтап біту үшін шамамен қанша жыл керек?

Бахадыр Айтай: Енді мынанша жыл керек деп айта алмаймыз, себебі комиссия құрылған үш жылда біраз жұмыс атқарылды. Әрине, оңай болған жоқ. Президент тапсырмасында толық ақтау деп тұр. Біздің көбірек көңіл аударғанымыз - Сталин басқарған большевиктік заманындағыларды ақтау. 100 пайыз болмаса да 80 пайызы бітіп қалды. Арасында құжаттары болмай, шекара асқандардың аты-жөндері белгісіз болғандар бар. Бұдан кейін бұл жылдар бойынша реабилитациялық шаралар болмайды. Біз тіпті 1950-60 жылдарға көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Ол кезде де болды. Психологиялық диспансерге жатқызылғандары бар. Кешегі 30 жылдық авторитарлық режимде де саяси ұсталғандар болды. Мүмкін мұндай жұмыстар кейін де болуы мүмкін мүмкін. Өйткені реабилитациялық шаралар циклдық түрде 40-50 жылда жүре береді.

El.kz: Республика бойынша ақталғандардың саны белгілі ме?

Бахадыр Айтай:  Комиссия жетекшісі, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Егемен Қазақстан» газетіне баяндамасы шыққан болатын. Ол жерде шамамен 311 мың деді-ау деймін. Нақты санын ұмытып тұрмын. Тарихшыларымыз көрсеткендей атылғандар саны 25 мыңдай делінген. Комиссия жұмысының арқасында сол 25 мыңның 90 пайызының аты-жөні анықталды. Ал Шымкентте бұған дейін атылғандар саны 1300-ге жуық деп жүрдік. Қаладағы саяси қуғын-сүргін музейінің қызметкерлері олардың аты-жөндерін біледі, олар бұл бойынша кітап шығарды. Біз жұмысшы топ ретінде зерттеу жүргізгенде біраз архив материалдары былтыр Президент архивіне әкетіп қалынды. Оны әкетпей тұрып қарап үлгергендер мыңға жуығы табылғанын айтты. Сонда атылғандар саны 2,5 мыңдай болды. Шымкентте Қайтпас деген мөлтек аудан бар. Атауының өзі айтып тұрғандай, онда барған адам қайтпайды. Сонда атып, үстінен топырақ төгіп, көме салған. Қайтпас іргесіндегі «Қасірет» мемориалының қасында көпқабатты үйлер салынып жатқанда жер астынан сүйектер шыққан. Үш жерден шыққан, барлығын артынан шеке тұсынан атқан. Нақты санын білмеймін.  

El.kz: Шымкентте қамауға алынғандар туралы нақты дерек бар ма?

Бахадыр Айтай:  217-сін өзіміздің бағыт бойынша таптық. Басқалар да солай тауып жатты. Жалпы саны мыңға жуық деп айттым ғой. Сталин тапсырмасы бойынша қамауға алынатындар саны 1000-2000 жеткізу керек болып, байлар, діндар, діншілдерге қанаушылар, алдайтындар, жұмысшы шаруалардың қас жауы деп кінә таққан. Содан олар Шымкентте «Домзак» дегенге әкелінген. «Дом заключения» деп атайды. Қазіргі тілмен айтқанда тергеу изоляторы. Шымкент пен Сайрамда 5 «ДомЗак» таптық. Біз 1929-31 жылдар аралығында бұл қамау үйлерінде Шымкенттің өзінде 3,5 мың адам, Сайрамда 2,5 мың адам отырғанын анықтадық. Кейін оларды этаппен Қарағанды, Жезқазған ,Ақтөбедегі лагерьге жөнелтіп отырған. Қарағандының өзінде 900 мың іс болыпты.

El.kz: Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір сұхбатында комиссия жұмысының тағы бір бөлігі -  деректер базасы жинақталған және толықтырылып отыратын арнайы портал құру екенін айтқан болатын....

Бахадыр Айтай:  Иә, айтылды. Бұл портал бар.  Астанада офис деп аталады. Онда өңір-өңірден материал жинақтап, 15 шақты адам жұмыс істеді. Барлық материалдар сол жақта. Кітап шығарып жатыр, 200 томнан асады деп отыр менің білуімше. Қазір соның 179 томы шықты.

El.kz: Ол кітапты қайдан алуға болады? Қарапайым халыққа қолжетімді ме?

Бахадыр Айтай: Мемлекет қаржысына шығарылып жатқандықтан данасы аса көп емес. Қазір мына қолымдағы бір томы небәрі мың данамен жарыққа шыққан. Негізі кемінде 5 мың дана болу керек деп ойлаймын. Бәлкім алдағы уақытта саны артатын шығар. Бұл кітаптар оқу орындарына, кітапханаларға жіберіледі. Сосын комиссия мүшелеріне беріледі. Бірақ ерекше атап өтерлігі, бұл кітапта архив құжаттары жазылғандықтан, оны саясаткерлер, ғалымдар болмаса, кез келген адам түсіне бермейді. Жоғарыда айтып өткенімдей осы кітап негізінде 200 беттік монография шығарамын деп отырмын. Ол кәдімгі оқулық сияқты баршаға түсінік тілмен жазылады. Көпшілікке арналған, ал қазіргі том-томдық кітап көпшілікке арналмаған. Монография келер жылы жарыққа шығатын шығар. 

El.kz: Монографияны мемлекет қаржыландыра ма?

Бахадыр Айтай: Біз ұсынамыз. Жақында біздің жұмысшы топ жетекшісінен сұрадым. Негізі көпшілік өңірлік комиссия жұмысы осымен бітті, ары қарай жалғаспайды деп айтып жүр. Негізі ол дұрыс емес. Жұмыс тоқтаған жоқ, тек архивте жұмыс істеу тоқтады. Ал өзінің қалауыман монография оқу құралын жазамын деуші жекелеген ғалымдар жұмысы ары қарай жалғаса береді. Біздің зерттеулерді архив құжаты ретінде қоя салмай, онда не жазылды, соның кеңірек түсіндіру керек. Монография оқу орындарына беріледі және ол бұдан кейін студенттер, магистартаннттар, докторанттардың зерттеу жұмысына қолайлы болады. Мектепке енгізілмейтін шығар, бірақ университетке бұл материалдар енгізіледі.

(Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ медиаорталығы)

El.kz: Ата-бабаларымыздың репрессия құрбаны екенін  дәлелдей алмай жүрміз дейтінерді ара-тұра естіп қаламыз... Бұған не дейсіз?

Бахадыр Айтай: Иә, ондайлар болды. Маған үш адам келді. Біз жұмысшы топ ретінде бұл бойынша төрт конференция өткіздік. Газет беттерінде 200-ге жуық жарияланым жасадық. Мен өзім газет беттерінде 14 мақала жаздым. Телеарналарға 100-ге жуық сұхбат бердік. Сайрамды үш рет аралап, экспедиция жасадық. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер өткіздік. Сол кезде үш адам келіп, аталары туралы мәліметтер сұрады. Зерттедік, құжаттарды көтердік. Оның екеуінің ата-бабаларын ақтауға ұсындық, біреуінің  атасы 1998 жылы ақталған екен, оны ұрпағы білмеген. Қатты қуанды.

Негізі қуғын-сүргін құрбаны болғандардың аты-жөндері архивте шығады. Бізде құпия архив деген бар. Ол қай баппен кетті, соған байланысты. Аса ауыр қылмыс жасағандардың құжаты құпия архивте болған. Жоғарыда айтып өткенімдей, ауыр қылмыстардың құпия құжаттарын былтыр мамырда Президент архивіне алып кетті. Онда рұқсатпен кіресің, бірақ құжатты сыртқа шығара алмайсың. Құжат табылмай қалуы мүмкін емес, шығады бір қордан. Бірақ жасыратындар да жоқ емес. Соның себебін анықтадық. Ашық сұхбат болған соң айтайын, өзім құпия архив құжаттарын қараған жоқпын. Бірақ оның ішінде азаматтық істер де кездеседі. Мен 30 жылдан астам дәріс берген адам болған соң көп архивтерді байқап қалдым. Мынау 1962-72 жылдарғы құжаттарды қараймыз ғой, сонда фамилиясы таныс деп қарасаң, құжат жоқ. Бұл құжаттарды НКВД, кейін ІІМ қараған. Содан соң барып архив құжаттары өз алдына басқарма болған. Сол жылдары архивте еңбек еткен бір зейнеткер апайды таптық. Жасы 80-ге кеп қалған. «Бұл аса ауыр қылмыс емес, неге құжаты алынған?» деп сұрадық. КГБ-дан сондай тапсырма түскенін, құжаттарды жойып жібергенін айтты. Бірақ нақты себебін айта алмаймын деп қысқа қайырды. Халық жауы дегендерді 1,5-2 мыңға жеткізу керек деп тапсырма болып, фальсификация жасалынған. Ал біз құжаттарда ұрлаған, колхоз мүлкін тонаған, алып-сатар деген нақты істерді көрдік. Сосын фальсификация жасап, шолақ белсенділерді тарту арқылы бұрын бай болған, тып-тыныш жүрген байлардың, ишан, имамдардың балаларын жазықсыз лагерьге жіберген. Ал құжатта кімнің қол қойып, қайда жібергені туралы мәлімет бар. Содан бұлар жаламенен санды көбейтіп, өздерінің қылмыстық әрекетін жасыру үшін жойып жіберген. Жаңа зейнеткер апайдың айтқанынан өз басым осыны ұқтым.  Себебі ол жылдары НКВД-да істегендердің кейбірі тірі болған. Ташкенттен калош әкеп, оны үстіне қосып сатқандар нақты іс. Оны кім қарап, кім куәлік еткені туралы дерек бар. Оларға "антивосеттік элемент" ретінде ауыр жаза қолданған. Ал жойылғандар менің ойымша ешбір ақылға сыймайтын, тек санын толтыру үшін жазаға тартылғандар. Мен сияқты бір ғалым зерттеу жүргізсе, ол құжаттарда НКВД, милиция, сот өкілдерінің аты-жөндері тұр. Көрсетілмегендерді НКВД, ІІМ архивінен табуға болады. Бізден құпия құжатты алып кетуінің де себебі сол деп ойлаймын. Себебі бұрмаланған істер жала жабылған істер болуы мүмкін. Оған қол қойғандардың, зұлмат заманында халыққа қарсы жұмыс істегендердің ұрпақтары бүгінде түрлі басшылық қызметте. Жақсы өмір сүріп жатыр қазір. Олар ата-бабаларының аты-жөндері әшкере болып қалудан қорқатын сияқты. Мен нақты адамдардың фамилиясын атап отырған жоқпын, менің пайымым осы.

El.kz: Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың атасы Совет үкіметі кезінде тергеуші болып, аты-шулы істерді қарағаны, жазықсыз қаншама адамның сотталғаны туралы отандық басылымдардың бірінде жазылып еді...

Бахадыр Айтай: Ол туралы қолымда нақты құжаттар болмағандықтан айта алмаймын. Себебі кез келген фактіні құжатқа сүйеніп айту керек. Бірақ ол - рас, құпия арихвте тұр. Оны көргендер бар. 1997-98 жылдары ұлттық тарих жылдары болған кезде ҰҚК архивін ашып жібергенде біразы қарап үлгерген. Кейін 2007-2008-де қарап үлгергендер бар. Сол кезде небір фамилиялар шыққан. Нақты кім кімді қаматқанын сол құпия құжаттан көру керек. Архив құжаттары біздің жұмысшы топқа да әсер етті ғой. Әкетіп қалды. Зерттеп болған соң әкетсе де болар еді. Олардан сұрасаң, қарайтын орын немесе маман жоқ, анау-мынау деп айтады. Негізгі билік жергілікті әкімдер емес, сол құқық қорғау органдарында болып отыр.

El.kz: Олар деп отырғаныңыз кімдер?

Бахадыр Айтай:  Кезінде соттатқандардың ұрпақтары қазір қызметте жүр. Әрине, олар жазықсыз сотталды деп кесіп айта алмаймын. Себебі істі көру керек. Сталин тұсында қауіпсіздік қызметі өте қатаң жұмыс істеген. Ешкімді аямаған. Қорлыққа жол берілген, құжаттарды оқып отырып бұл не деген сұмдық деп таң қалғанмын. Сондықтан солардың ұрпақтары құпия құжаттар жарыққа шығып кетуден қорқады. Біздің елде сөз бостандығы бар, сондықтан ашық айта беремін мен. Бастысы, нақты фамилиясын айтып отырғаным жоқ. Ұрпақтары шетелде оқыған, жағдайларын еш нашарлатқысы келмейді. Кейде теледидардан сұхбат беріп отырғанын көріп қаламыз. Фамилилары таныс, айтсаң жала деп өзіңді соттатып жібереді. Бұл жүзден бір мысал ғана. Құпия құжаттарды сол Президент архивінен табуға болады.   

El.kz: Кейбір деректерде мал саны 40 млн болып, тәркілеуден кейін 4 млн-ға азайғаны айтылады. Сондай-ақ жейтін азығы жоқ халық ит пен мысық, тіпті өз балаларын етін азық етті деген деректер де бар... 

Бахадыр Айтай:  Иә, ондай фактілер болған. 1926-1929 жылдары мал басы 44,5 млн болған. Ал 1932-1933 жылдары оның небәрі 4 млн-ы  қалған. Ол кезде малды тәркілеп, ет дайындау жоспарын орындау жұмыстары жүргізілген. Байлардың мал-мүліктері тәркіленіп, колхозға өткізген. Шымкентте 14, Сайрамда 18 колхоз болған. Колхозға өткен мал етінің 90 пайызын зауыт-фабрикалардағы жұмысшыларға азық ретінде Мәскеуге алып кеткен. Оның жарты бөлігін Америка, Германияға шетел асырған. Ол жақтан станок, трактор, мотоцикл сияқты қажеттіліктерді алған. 1921-1935 жылдар аралығында 2,4 млн халық жойылған. Геноцид емей немене енді бұл? Мен өзім тарихшы ретінде геноцид болғанын 100 пайыз айта аламын. Тіпті дәлелдеп те беремін. Халықты кәдімгі жою, құртып жіберу керек болды. Оларға тек жер, мал керек болды. Голощекинді де, Тоболинді де ойландырған жоқ. «Қазақтар экономикалық тұрғыдан әлсіз, олардың аштан қырылмауына қаражат бөле алмаймыз. Қаражаттың барлығы  теміржолға, өнеркәсіп өндірісін салуға жұмсалу керек» деген олардың баяндамалары архивтегі құпия құжаттарда бар. Қазақ халқы өлсе, өліп кете берсін деген ғой. Қазақ халқы дәстүрлі шаруашылықты жүргізе алмағандықтан содан қырылды деген барып тұрған тарихты бұрмалау, ұятсыздық!  Осы нәрселер жасырынып келеді. Ғылымдық айналымға шықпаған, ашық айта алмай жатқан ақтаңдақ дегеніміз осы. 

1920-1930 жылдары байларды жек көрінішті еткізу идеологиясы жұмыс істеді. Саясат сондай болды. Бір-бірін аңдумен өтті. Олардың бар қылмысы - бай болғаны. Оларды іскер адам деп атауға болады. Бәрі керемет жақсы адам болмаса да сол ауылының асыраушысы болғандар, жұмыс берушілер.

Рухани жаңғыру деп 6 жыл жаңғырдық қой. Мен де соның бір мүшесі болып, талай лекция оқыдым. Бірақ қоғам жаңғырудың неке екенін түсінбейді. Халық қабылдауға дайын емес. Неге? Себебі басты нәрсе айтылмады. Қаншама қаржы  далаға кетті. Рухани жаңғыру нәтижесіз болды. 2023 жылдың шілдесінде ол тоқтады. Әрине, мүлдем жұмыс болмады демеймін. Айтарлықтай жұмыс бар.

Тарихшы болған соң екі жақты алып қарайсың. Жақсы тұсы - оқу, білім алу, фабрика мен зауыттар салу. Соңғы 100 жылдан солай дамыды. Біз қазір әлі де есімізді жия алмай жатырмыз. Ең үлкен байлық, құндылық - Тәуелсіздік. Кез келген салада жүрген адам Тәуелсіздікті күшейтуге, нығайтуға жұмыс жасау керек. Егер олар Тәуелсіздікке, келешегімізге күмәнмен қарайтын болса, оларды коллаборанттар, жау деп айту керек. Әйтпесе келешекте егемендігімізден айырылсақ, қайтып Тәуелсіздігімізді қайтара алмаймыз. Президенттің толықтай ақтаңдар деген саясаты дұрыс. 

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: