Репрессия болмағанда қазақтардың саны 70 миллионнан асатын еді – Сұлтан-Хан Аққұлұлы

31 Мамыр 2023, 11:44 11900

Сталиндік репрессиядан ең көп азап шеккен, аштық пен қуғын-сүргіннің зардабын қатты татқан бірден-бір ұлт – ол қазақ халқы. Егер мұндай қуғындауға ұшырамағанда қазақтың саны бүгінгі таңда 70 миллионға жетер еді. Бұл туралы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы Сұлтан-Хан Аққұлұлы да айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Зерттеуші Кеңес Одағы кезінде одақ құрамында болған халық санының өсімінің статистикасына сүйене отырып айтқанын жеткізді. Сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына олардың дүние мүліктері мен тартқан азаптары үшін өтемақы төленуі керек деп санайды.

El.kz: Репрессия туралы зерттеулерге көз салсақ, зардап шеккендердің саны бойынша Кеңес өкіметі құрамында болған елдердің ішінде қазақтардың ең көп зардап шеккенін байқаймыз. Репрессияның басты ауыр зардаптары туралы айтсаңыз?

Сұлтан-Хан Аққұлұлы:Репрессиядан Кеңес Одағы халықтарының бәрі зардап шекті, бірақ ең қатты азап тартқаны – қазақтар. 1897 жылы біз 4 миллион 84 мың болғанбыз, қазір 13 миллион 490 мың қазақ бар. Арада 125 жыл өткенде  3,3 есе өскенбіз. Ал енді өзбекті алайық, 1897 жылы 726 мың ғана болған өзбектің саны қазір 29 миллионға жеткен.  17 есе көбейгенін байқауға болады. Қырғыздар сол кезде  201 мың болса, қазір 4 миллион 896 мыңға жеткен ( 24,2 есеге өскен). Түрікмендер 14,2 есеге, қарақалпақтар 19 есеге өскен. Егер қазақтар қуғын-сүргінде қырылып қалмай, өзбектер сияқты 17 есе өскен болса, бүгінде біз 70 миллион 244 мың болар едік. Ал қырғыздар сияқты 24,2 есе өссек, 98 миллион 830 мыңға жетер едік. Ең аз өскен түрікмен коефициентімен есептесең де, 58 миллион. Енді осыдан-ақ біздің қаншалықты зардап шеккенімізді көруге болады. Мәселен, Түркия Республикасы құрылған кезде 1926 жылы олардың саны 6 миллион болды. 1924 жылы қазақтың саны 6,5 миллион болды. Қазір Түркия халқының саны 82 миллионнан асып жығылады.

Репрессиядан кейін халық санынан ғана емес, ұлттық ДНК-мыздан да айырылып қалдық. Қазақтың қаймақтарын қырып жіберді. Тірі қалғандардың бойында үрей қалдыруға тырысты. Бұл – ұлтқа жасалған қиянат. Біздің Алаш қайраткерлерін сұрауы жоқ мал сияқты тепкілеп, кескілеп өлтірген КСРО-ның жауыздығын қазір Ресей ғалымдары да мойындап отыр. Қанша адамның зардап шеккенін кесіп айта алмаймыз. Өйткені олар өздерінің жауыздығының ізін қалдырмауға тырысты. Сотталғандар, атылғандар, тергеу туралы құжаттарды жойып отырды. Украина азаптау лагерьлерінде қанша адамның отырғанын нақтылап айта алатын адам да, дерек те жоқ.Сол секілді қазақ даласындағы азаптың нақты көлемін санау мүмкін емес.

Репрессиядан зардап шеккендер туралы айтқанда тарихшылар әртүрлі деректерді келтіреді. Бір жағынан ол кезде Кеңес Одағы жүргізген санақ дәлме-дәл болған жоқ. Қазақтар Ресей әскеріне ұлдарын алып кетпеу үшін санақ жүргізіліп жатқанда басқа жерге көшіп кетіп отырды. Оның үстіне, малын толық санайтын болса, көп салық төлеп отыруы керек еді. 1897 жылы қазақтың саны 4 миллион 84 мыңнан асқан.  Өзбектердің саны 726 мың болған. Қырғыздардың саны 201 мың, түрікменнің саны 281 мың болған, сарттардың саны 968 655 адам. Қарақалпақтардың саны 104 мың болған. Орта Азия жеріндегі тілі ортақ халықтардың барлығының санын қоса есептегенде, қазақтан шамамен 2 есе кем. Патша өкіметінің, Кеңес Одағының құйтұрқы саясаты басталмай тұрып болған санына репрессия, көтеріліс, қуғын-сүргін, аштықтан кейін тек 1970 жылы ғана келді. Сол жылы ғана қазақтың саны 4 миллионнан асты.

90-жылдардың басында демограф Мақаш Тәтімов репрессиядан 2 миллионнан астам қазақ қырылды деп айтты. Тарихшылардың ішінде 1 қазақ құрбанды болды дейтіндер бар көрінеді. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Неге деректер әртүрлі? Өйткені ешбір ғалым аштық басталардың алдында нақты саны қанша болғанын білмейді. Әлихан Бөкейханұлы жариялаған санақ деректері бар. Бірақ олар ғылыми айналымда болған емес. «Қазақтар» атты еңбегінде Әлихан Бөкейханұлы 1910 жылы қазақтардың саны 6 миллионнан асқанын жазады. Ол мұны туудың табиғи өсімі коефициенті бойынша есептеп шығарған. Оның өзінде ең төменгі коефициент бойынша есептеген. Ал ол кезде қазақтар ең жоғары коефициент бойынша өсті. 1914 жылы соғыс басталардың алдында жасалған санақ бойынша қазақтардың саны 6 миллион 470 мың болған. 1937 жылы аштық, қуғын-сүргін аяқталғаннан кейін халық санағы жүргізіледі. Санақ нәтижелерін Сталинге әкеліп көрсеткен кезде ол шошып кетеді. Өйткені Кеңес Одағының халқы көп қырылып кетіпті. 1897-1937 жылдар аралығында Кеңес Одағы 110 миллион халқын қырып салған. Оның ішінде 44 миллионы І дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан болса, 66,7 миллионы төңкеріс пен қуғын-сүргін құрбандары. Қуғын-сүргін мен аштықтан кейін қазақтың 70 %-ы қырылды. Адамзат тарихында бір ұлттың бір сәтте осыншама санынан айырылған мысал келтіре алмайсыз. Адамзат тарихында қазақ сияқты қуғын-сүргіннен қырылған халық жоқ.

El.kz: Репрессия қандай мақсатта ұйымдастырылды? Көп тарихшылар репрессия қазақ жеріндегі меншік иелерінің жерлерін тартып алып, қазынаны қампайту мақсатында ұйымдастырылды деген пікір білдіреді. Сіз бұған не дейсіз? Совет үкіметіне қазақтың малын, жерін тартып алу не үшін керек болды?

Сұлтан-Хан Аққұлұлы:Қазақ даласындағы аштықты қолдан, жүйелі түрде ұйымдастырған. Жаппай қуғын-сүргін, аштық ұйымдастырылмай тұрып қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату мүмкін емес еді, олардың идеологиясы жүзеге аспай жатты. Қазақ жерінде Кеңес билігін орнату үшін олар қазақты аштықпен қырып алып,  содан кейін қуғын-сүргінге ұшыратты. Халық жауы етіп, ұстап, бірін атып тастап, бірін азаптау лагерьлеріне жіберді. Оларға Кеңес өкіметін орнату үшін бірінші қазақтарды бағындыру керек еді. Біріншіден, қазақтардың саны көп болды. Екіншіден, сапа жағынан ең сауатты, ең саяси белсенді қазақтар. Кеңес Өкіметіне тегеурінді қарсылық көрсете алу мүмкіндігі бар халық – қазақтар. Мәселен, Дума депутаттағының бірінші шақырылымында бодан елдердің ішінен тек қазақтар ғана барды.  Қуғын-сүргін кезінде өзбектен, түркіменнен он шақты адам ғана зардап шексе, қазақтың 25 мың зиялысы атылды. Аштықтан 60%-нан айырылған қазақ халқы сенім артқан арыстарының атылғанын да көзбен көрді.

El.kz: Репрессия кезінде құрбан болған, зардап шекккендердің дүние-мүліктерін ақталғаннан кейін қайтаруға тарихи негіз бар ма? Әлде ұзақ уақыт өткеннен кейін мұндай шаралар қарастырылмай ма?

Сұлтан-Хан Аққұлұлы:Мен біраз жыл Чехия Республикасында тұрдым. Кеңестік билік құлағаннан кейін кез келген азаматтың Кеңес Одағы кезінде тартып алған дүние-мүлкін, зауыт, фабрикаларын бұрынғы иелеріне моральдық шығыны мен үстемақысын қосып, қайтарып берді. Осыдан екі жыл бұрын қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылғанда осы бастаманы көтердім. Бізде де осылай болуы керек. Оларды заңды не тарихи тұрғыдан ақтаудан бұрын оларды моральдық-материалдық ақтау қажет. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары «халық жауының» ұрпағы деген желеумен қанша қысым көрді. Тектерін ауыстырып, елден жыраққа көшіп кетті. Тірі қалған күннің өзінде қашып-пысып қаншама азап көрді. Олардың иеліктері өздеріне қайтарылып берілуі керек еді. Олар қызметтік баспалдақпен білімі мен білігі жетіп тұрса да өсе алмады. Алаш зиялыларының ұрпақтары өздерінің қазақ екенін айтудан қорқып, жырақта жүр. Әлихан Бөкейханның ұрпақтары Мәскеуде жүр. Тұрар Рысқұловтың ұрпақтары Татарстанда жүр. Олар өздерін не қазақ, не басқа деп айта алмайды.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: