Республика күнінде генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл – отандық құқық қорғау саласының қалыптасып, дамуында еңбек сіңірген тұлғаға лайықты көрсетілген құрмет болды. Қаһарман тұлғаны сөзге тартып, өткен күндердің салмағын саралап, бүгінгінің байыпты бастамаларын білдік.
1949 жылы 12 мамырда Новосібір қаласында жұмысшы отбасында туды. Мектепті бітіріп, еңбекке араласады. Алғашқы еңбек жолын темір жол саласында бастайды. Одан кейін өрт сөндірушісі ретінде еңбекке араласты. 1972 жылы Свердлов заң институтының Новосибирск факультетін бітіріп, Куйбышев қаласы прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі болды.
1975 жылы тарихи атамекеніне оралып, Фрунзе аудандық прокуратурасының тергеушісі, сосын Алматы қаласы прокуратурасының аға тергеушісі, Ленин ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.
1979-1986 жылы Калинин, Алатау ауданы бастығының орынбасары, Алматы қаласы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы. 1986-1987 жылы Шығыс ішкі істер басқармасы бастығының көліктегі орынбасары. 1987-1988 жылы Қазақстан Компартиясы Алматы қалалық комитетінің бөлім меңгерушісі, 1988-1989 жылы Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі болды.
Сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақ КСР Президенті Іс басқармасының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құқық қорғау саласында еңбек етіп, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болды.
1992-1995 жылы Мемлекеттік кеңесшісі, 1995-2003 жылы Ішкі істер министрі, 2003-2008 жылы Ішкі әскерлерінің қолбасшысы, 2008-2009 жылы Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. 2009-2012 жылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, 2012-2016 жылы Мәжіліс депутаты болды.
Бүгінде «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы, «Қазақстан халқы» Қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде еңбек етуде.
Ел дамуында елеулі еңбегін сіңірген қайраткер тұлғаның өскен ортасы, өмірге деген көзқарасы қызықтырмай қоймайды. Біз сұрақты осы бағытқа бұрдық.
«Ұжымдастыру жылдарында атам Сібірге барады. Менің кіндігім сонда кесілді. Новосібірде мектеп табылдырығын аттап, еңбек жолымды бастадым. Шүкір, тарихи отаныма оралып, құқық қорғау саласында табысты еңбек еттім», – дейді ол.
Генерал-полковниктен қазақ полициясының қалыптасуы қалай жүзеге асты және қай елдің тәжірибесі негізге алғанын сұрадық.
«Тәуелсіздікті жариялаған кездегі Қазақ КСР полициясының өзіндік бай тәжірибесі болды және біреудің тәжірибесін көшіріп алудың қажеті жоқ еді. Қарулы күштер, ҰҚК т.б. сияқты нөлден құрылған жоқ. Негізгі мәселе кадр мәселесі және қызмет тәртібін реттейтін егеменді заңнама болды.
1990 жылдары қылмыс он есе өсті, бандитизм, рэкет, есірткі саудасы т.б. ерекше атауға болады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жоғары кәсібилікті, тәулік бойы жұмыс пен шыдамдылықты қажет етті», – деді Қайырбек Шошанұлы.
Президент құқық қорғау саласын реформалауды міндеттеп, тіпті референдум арқылы Конституциялық өзгерістерге енгізуге мән берді. Мұны Парламенттің Мәжілісі мен Сенаты қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңдағы өзгерістерге жариялы түрде қол қойды.
«Реформалау тұрақты үдеріс, оны уақыттың өзі міндеттейді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған әділеттіліктің ең маңызды қағидасы барлық билік құрылымдарын реформалаумен тікелей байланысты. Әділеттілік қағидаттарын заң үстемдігі мен тыңдаушы мемлекетпен ұштастыру реформалардың стратегиялық бағыты болып табылады. Құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалардың көпшілігі өте дәйекті. Конституциядағы өзгерістер әділеттілік принциптерін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады», – деді құқық қорғау саласының білікті маманы.