Референдумға қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды

3 Қыркүйек, 13:38 515

Бұл туралы Орталық саулау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтып өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында 2024 жылы 6 қазанда өтетін республикалық референдумға қатысты отырыс өтті. Отырыстан соң күнтізбедегі тақырыпқа қатысты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында алдағы АЭС мәселесіне қатысты референдумға қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды.

Референдумның орталық комиссиясы Үкімет қарауына шығындардың болжамды сомасын есептеп, ұсынады. Біздің есеп бойынша, шамамен 15,5 млрд теңге қаражат кетеді деп жоспарланып отыр. Бұл сомаға республикалық референдумды 63 мемлекеттегі 78 шетелдік сайлау учаскісінде ұйымдастыру шығындары кіреді, - деп нақтылады ол.

Сондай-ақ Сәбила Мұстафинаның айтуынша, аталған соманың 71 пайызы әртүрлі деңгейдегі комиссия мүшелерінің жалақысы, демалыс күндері мен жұмыстан тыс уақытта төленетін ақыларын құрайды.

2022 жылы өткен референдумға 16 млрд 460 млн теңге кетті. Оның ішіне біз 1 млрд 650 млн теңгені үкіметтің резервіне қайтардық. Сонда осы жылы сметамызды дайындағанда еске алып, нақты қарап, 15,5 млрд теңге деп топшыладық, - деді Мұстафина.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: