Раушанның иісімен жазатын қаламгер

1 Маусым 2023, 17:52 1814

Ұлы Қорқыт туарда Қараспанды су алған, қара жерді құм алған деседі. Үш жыл көтерген анасы (Көрқаптан шыққан перінің қызы болса да, не теңіз перісі Аманқыз болса да) құланның жаясына жерік болыпты дейді. Жазушының кебі осыдан кем емес. Әсіресе Бақытгүл Сәрмекова сияқты ұзақ толғанып, қолына сирек қалам алатын жандар үшін. Бақытгүл әр шығармасын жазарда сағынышқа күпті, ауылдың бір жұтым ауасына жерік болады-ау деп түйдік. Іздесе құланның жаясын да тауып келуге болар. Бірақ ауаны қалай алып келуге болады? Оған деген сарық шығарманың соңғы нүктесі қойылғанда ғана басылар!

Бақытгүл Сәрмекованың алғаш «Түйебай», «Раушангүл жылаған түн» атты әңгімелерін оқып сүйінген едім. Көктемгі бұрқыраған гүлдің жұпарындай өзіне тарта беретін шағын әңгімелерінің сыры неде екенін таппайтынмын. «Qalamger.kz» баспасынан «Кейіпкер» атты жинағының шыққанын естіп қуандым, оқығанша асықтым. Ақыры қолға түсті. Алақандай сүйкімді жинақты бір деммен оқып соңына шыққанда алақанымда мөлдіреген бір тамшы шық қалды. Оны төгіп алудан қорқып, тесіліп ұзақ қарап отырдым. Сол кезде әңгімелеріндегі өзіне сиқырдай тартқан тылсымның сырына жеткендей болдым. Ол сиқыр – шынайылық екен. Бұл сөзде таза болмысын толық аша алмас. Адам баласы саф таза жүректің сөлін сығып жазған дүниенің алдында қашан да бас имек. Сәрмекованың әр әңгімесін оқып отырғанда құлағыңызға сарнаған бір әуен келеді. Өткінші жаңбыр сынды тосын басталып сен күтпеген шешіммен аяқталған тұста таңдайыңда бір тәтті мәйек қалып, соны ұзақ талмап ары қарай өзіңіз жазылмаған әңгіменің жалғасына, «кейіпкеріне» айналасыз.

Маған бейтаныс бұл жазушының шығармаларын оқып отырып, аңызғақ өртеген, тусыртын молалар күзеткен аядай ауылда өскен қаршадай бала алып шаһарға келіп, сансыз адамның ортасына сіңіп кеткенге дейінгі тым-тым ұзақ жол көз алдымда бұлдырап көрінді. Кетеуі кете бастаған ауыл тірлігін ойша шолып отырып ішің қылп ете түседі. Тоза бастаған ауылдың өмірі емес бөренелері сынып, ескіруге айналған жандүниең сынды сезінесің. Ең таза, аңғал шағыңды есіңе түсірейін десең ескі жұрт, сол жұртты күзеткен Хабестің («Қоңыр үй мен ақ «Жигули»») иті ғана көз алдыңа келеді. Баянсыздық, тілін тістеген шарасыз тағдыр... Өткен күнде сен сағынар, аңсар не қалды? Кім бар? «Итгершілік» дүние. Біз итімізге емес жүрегімізге у тастап, енді мүлде басқа бір қозғаушы күшпен кетіп бара жатқандаймыз. Адамдардың жүрегіндегі сөзді тыңдай алсақ, «Моникада» саған телегей сыр шертер еді. Ең таза, кеудесінде тек өзі ғана түсінетін арпалысқан әлемі бар Мөлдір кемтар емес, мүмкін біздің жетеміз өгей шығар. Бала мінезін, есейе бастаған шағындағы ой-санасын қаз-қалпында суреттейтін қаламгер ауыр сағыныштарға бастайды. Пендешілік, күншілдік адам бойындағы әдемі қасиетпен тоғыса алмайды. Көптен артылып өмір кешу азап отына күйгенмен тең шығар деп ойлайсың Айымның тағдырын ойлап «Бауырсақтың дәмі» атты әңгімедегі.

Сәрмекова әйел табиғатындағы құпия жазуды, терең сыр сандықтарын көбірек ашуды мақсат тұтады. Әр әңгімесінің соңы көңілді қамырыққа салып ауыр аяқталады. Раушангүлдің көз жасын сүрткің келеді! Асау Ақторының бастыққаны секілді адам бойындағы көрінгеннің қолжаулығына айналмауға тиісті сезім жоқшылықтың кесірінен амалсыз баратын, жүрегін өлтіріп шығатын «биігі» Бейімбеттің әңгімелерін ойыңа оралтады. Бетіңе күліп тұрып сені тақырға отырғызып кететін «Кейіпкерлер» көп. Қос балдағын таянып сенен жарты жармақ алған қайыршы күн бата иығымен соғып өте шықса қандай сезімде боласың? Сәрмековада Р.Отарбаевтың ауыр айтатын, ащы айтатын, жүрегіңді тіліп айтатын, мысқылдап мірдің оғындай тигізіп айтатын өжеттігі бар екенін бірден байқайсыз. Нанбасаңыз «Ақындардан жерінуді» оқырсыз. «Жылуды» оқып отырып жылу іздейсің. Айналаңның соншалықты тасбауыр екенін сезінген сайын қаңтардың суығында қалған торғайдай қанатың дірілдейді, жүрегің мұздайды. Ауыл өмірінің алыстағаны, қоңыр пеш пен мейірімді әжені сағыну – бір дәуренмен қоштасу сынды. Тезек тергің келеді, оқыған кітабы көңілін босатып жылап отыратын әжеңді көргің келеді! Бұл өткенді ессіз аңсау емес жанның тазалығын, балқұндақ балалықты іздеп шарқ ұру.

Менің соңғы рет оқығаным – «Кішкентай ауылдың үрейі» атты әңгімесі. Анау батып бара жатқан күнге дейін қазақ әдебиетінде ауыл өмірі аз жазылған жоқ. Сайын Мұратбек десе Ешкіөлмес деген қоңыр таудың етегіндегі ауыл, Оралхан Бөкей десе Шыңғыстай, Бердібек Соқпақбайды айтса Қостөбе есімізге оралады. Ал Бақытгүлдің ауылы қайда? Оның ауылы – балалық шақтың бұлдыр елесіне айналған. Ел еңсесін тіктей алмай жатқан қиын кезеңде тастанды болған мекендер – жазушының ауылы. Үйлері тозып, көшелері қирап, жері азғындап кеткен сол ауылдың ендігі тіршілік-тынысы – қаламгер санасында жалғаспақ. 

Сәрмекова әдебиетке үлкен жүрекпен келіп, тек шынайы дүниелер жазуды мұрат тұтқандықтан маған әлдебір көшеде, кафеде, автобус не ұшақта адамдар туралы, олардың жаны туралы ойланып, бөгде кісінің әлеміне бойлап, қабағын әнтек түйіп кетіп бара жатқандай көрінеді. Мұңға толы жанарымен өз кейіпкерлерін іздейді. Сенделу... Шарасыздық... Құлазу... Аяныш... Жалғыздық... Шынайы табиғатынан айырылып қалған, заманның желімен ыққан, ертеңі бұлдыр, қу тірлік арқасын ошақтай ғып ойып жауыр қылған қазіргі адамдардың көз жасы сіңген тірі шежіре сынды... Бұл сала-сала әңгіме емес бәрі тоғысып, оқып шыққаныңда бір үлкен арнаға құятыны сөзсіз... және бір қауызына мелтектеп жаңбыр тұнған раушан гүлінің жұпар исі аңқыды...

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: