Раиса Қадыр: «Жазда оқитын кітап көп»

27 Шілде 2022, 16:40 6408

Баспагер Раиса Қадырмен сұқбат

Жаз мезгілі – демалыс, саяхат, тынығу маусымы. Сонымен қатар үш ай демалыста баланың кітап әлемінен де алыстап кетпеуі үшін де осы мезгілдің балаға үйретері көп болуы керек. Технология ғасыры, жаңа техниканың өркендеп дамыған уақыты дегенімізбен баланың интеллектуалдық ой-пайымы үшін кітап оқу мен кітап оқытудың пайдасы зор екені барлық жерде айтылып жүр. Ендеше қандай кітаптар оқимыз, қалай оқимыз деген сауалды сол кітап ісінің басы-қасында жүрген маман, баспагер Раиса Сайран Қадырға қойған едік.   

– Дүниежүзілік кітап нарығынан хабардарсыз ғой, қазір балаларға арналған қандай жанрдағы кітап көп сұранысқа ие?

– Балалардың жас ерекшелігін де назарға ала отырып, сауалыңызға жауап беріп көрейін. Мысалы, кішкене балалардың ертегілер, суреттері кітаптар оқуға құмарлығы басым. Бастауыш сынып оқушыларына табиғат туралы кітаптарды көп ұсынады. Қоршаған ортаны қорғауды, экологияны наисхаттайтын кітаптар отандық баспаларда көптеп шығып жатыр. Солардың бірнешеуін балаға алып беруге болады. Жасөспірім балалар комикс кітаптарды көбірек сұрайды.


Әрбір ата-ананың ең үлкен мәселесі – баланы планшеттен алшақ ұстау. Әсіресе Ковид заманында балалар қашықтан оқуға кетіп, телефон, компьютерге телміріп отырып қалды ғой. Енді оларды технологиядан алшақ ұстау бұрынғыдан да қиындай түсті. Ендеше балаларды кітаппен қалай достастырамыз? Тамаша комикс кітаптар, иллюстрациялы еңбектер бар, соларды балаға ұсынып көруге болады. Өз балам комикс кітаптарды өте қызығып оқып жүр. Планшеттен басқаға көңіл аударғысы келмеу мәселесі менің баламда да бар еді. Сол кезде суретті, көркем безендірілген, ұл балаларға арналған (арасында болмайтын, тіпті дөрекі сөздері де бар) кітапты ұсынып көріп едім, бас алмай оқып шықты. Меніңше, бала планшетпен дос болғанша, кітаппен дос болғаны дұрыс. Осындай түрлі жанрдағы кітаптардан басталған достық мазмұнды, басқа да кітаптармен достыққа алмасатынына сенімдімін.

Балаға кітап оқуға бергенде ата-ана өзіне де кітап алса деймін. Себебі, бала үлкендерге қарап бой түзейді. Ата-ана кітап оқып жүрсе бала да кішкентайынан кітап оқуға құмар келеді.

– Сіздер аударып жатқан балаларға арналған кітаптардың бірқатарын жеке таныстырып өтсеңіз. Неліктен дәл сол кітаптарға таңдау түсті?

– Оқырман біздің баспаны «Хәрри Поттер» кітабы арқылы жақсы біледі деп ойлаймын. Шамамыз келгенше әлемдегі ең жақсы, ең оқылымды авторларды, иллюстраторларды қазақ оқырманына ұсынғымыз келеді. Қазақ тіліндегі оқырман бала әлемдік баспа нарығындағы ең үздік кітапты өз ана тілінде оқуы керек деген ұстанымымыз бар. Сол ұстанымымыздан айнымай, әлем балалары мен жасөспірімдері қызыға оқыған кітаптарды ана тілімізге тәржімалап жүрміз. «Хәрри Поттердің» авторы Жоуан Роулиң ханым ұлыбританиялық автор. Қазір оны әлем таниды. Сол Ұлыбританияда Жоуан ханымнан да танымал автор бар. Ол Руал Даһл деген қаламгер. Руал Даһл марқұмның бес кітабын, яғни қысқа әңгімелерін аудардық. Оны балалар оқитын ең алғашқы повестер деп те айтуға болады. Бала тіліне, танымына әбден лайық кітаптар. Ең бастысы, баланы ойлауға баурайды. Сыни пайым біз үшін өте маңызды ғой. Сол себептен де баланың сыни пайымыз ұштайтын кітаптарды аударамыз.

Жасы 11-12-ден бастап ересектерге дейін оқуға арналған «Ғажайып» деген кітабымыз бар. Авторы Р.Паласио. Кейіпкері – он жастағы, Огги деген мүмкіндігі шектеулі бала. Оны бесінші сыныпқа дейін анасы үйде оқытады. Бесінші сыныптан бастап Огги мектепке барады. Бала мектептегі хикаясын осы «Ғажайып» кітабында баяндайды. Бұл кітап булиинг туралы, достық туралы, мейірім туралы керемет шығарма. Әсіресе біздің мектептер үшін өте қажет деп ойлаймыз.


Жалпы тәржімалайтын кітапты таңдаған кезде мәтінді алдымен өзім оқып қараймын. Ол кітап біздің оқырманға қандай пайда беретінін де саралаймыз. Бала ол кітаптан қандай да бір білім алатын болса, баланың сенімін арттыратын болса – әлгі шығарманы қуана аударуға кірісеміз.

– Балаларға арналған кітапқа сұраныс деңгейі қандай? Сіздің кітаптардың оқырманы қай өңірде көптеу?

– Дәл қазіргі уақытта ең көп оқырман – Алматыда екен. Астанамыздан да көп тапсырыс келеді. Үшінші орында Батыс аймақтары. Алғашында кітапты шығарып бастағанда оқырмандар көп түсінбеді ме, ықылассыз болған секілді көрінетін. Пандемия уақытында кітапқа құмарлық арта түсті. Бастапқыда менен «кітаптарыңыз түсінікті ме?» деп сұрайтын. Құдайға шүкір, кітаптарымызға қатысты пікірлер жақсы. «Алғашқы бетін ашқаннан соңына дейін бас алмай оқып жүрміз» деп айтады. Кітап оқып жатқан суреттерін жібереді. Ол біздің мерейімізді асырады. Кішкентай қадаммен де бәріміз бірге қоғамда жақсы өзгерістер әкелеміз.


«Хәрри Поттер» шыққанда «Қазақша шығыпты, оны кім оқиды?» деген астам пікірді де естіп қалдық. Қазір қазақша кітапты шығарсақ ешкім таңғалмайды, яғни ол қалыпты құбылыс болып санала бастады. Бұл да жеңіс деп ойлаймын. Қазақша кітап шығарып жүрген өзге де баспалардың еңбегіне құрметпен қарап, тілектес болып жүремін. Қазақстандағы кітап нарығы – кітап оқуға жетелейтін үлкен нарық. Осыны ұдайы назарға алсақ екен деймін.

– Балаларға арналған кітаптарды аудару барысында қандай ұстанымдарды ескересіздер?

– Аудармашыларымызға калькасыз аударсын деп ескертеміз. Калька орыс тілінен ғана емес, ағылшын тілінен де аударғанда байқалады. Мүмкіндігінше түпнұсқа тілінен аударамыз. Ағылшын, неміс, француз тілінен тәржімалаймыз. Басқа тілдерден аудармашы табылмаса, амалсыз ағылшын не орыс тіліне жүгінеміз. Аударма дайын болғанда міндетті түрде редакторлар сүзгіден өткізеді. Аудармашыларымыз «мәтінге көп өзгеріс енгізбеңіздер, тіпті әрпіне де тимеңіздер» деп жатады. Мазмұнға тиіспейміз, сол мазмұнды жақсырақ ашып беретін стилистикалық өзгерістер енгіземіз.

Қазір әр қазақ бала оқуға тиіс әлем әдебиетінің қаймақтарының жинағын жасау үстіндеміз. 2024-2025 жылдан бастап балаларға әлем әдебиеті пәні кіреді дегенге қатты қуандық. Балаларымыз әлем әдебиетінен еркін сусындап өседі.

Жалпы мынаны ұмытпауымыз керек, балаларымыз өте қабілетті, мүмкіндіктері өте көп. Оны мектепте жүріп-ақ түрлі салаларда жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыздың әрбір қадамынан байқауға болады. Ал енді сол қабілетті баланы әлем әдебиетімен сусындата түссек, ол тұтас әлемге жақын болып өспей ме?


Әлем бізге қашан жақындайды деп күтіп отырмай, өзіміз әлемге жақындайық. Қандай да бір ақпарат, туындылар, фильмдер болсын, тікелей ана тілімізге аударып оқуымыз керек. Мүмкіндік болып жатса сол түпнұсқа тілде оқыған тіптен тамаша. Осылайша біз әлемді тани түсеміз. Әлемнің кітапта қатталған құндылықтарын, ұстанымын, көзқарасын жете білеміз. Әлемге кітап арқылы жақындағымыз келсе, басқа мемлекеттің көмегімен емес, яғни басқа мемлекеттер аударған кітап арқылы емес, өзіміздің отандық баспалар тәржімалаған кітап арқылы жақындайық. Себебі басқа мемлекет өз оқырманының талап-мүддесі, сұранысы тұрғысындағы кітапты аударады. Ал отандық баспалар өз отанының балалары қалаған, ұнатқан кітаптарды тасқа басады ғой.

– Жазда балалар оқитын кітаптардың тізімін жасау сізге тапсырылса, оған қандай кітаптарды енгізер едіңіз?

– Жалпы ондай тізімді әркім өзі жасап алса да болады. Қазір кітапханаларда да осындай тізімдер жасалып жатыр. Біз де өзім бас болып, біраз оқырман, редактор, аудармашы, баспагерлердің пікірін ескеріп, ондай тізімді құрап шықтық. Олардың әрқайсысының атын атап жатпай, коллаж есебінде суретін жасаған едік. El.kz сайтына сол суреттерді ұсынсам деймін. Сөзімнің басында атап өткенімдей, балаларға арналған кітаптардың өзі де жас ерекшелігіне байланысты әртүрді жанрда, форматта болатынын ұмытпайық. Мәселен, жасөспірім шақ – балалық шақ пен жастық шақтың ортасындағы кезең. Бұл уақытта балалардың сана-сезімі дамып, жаңа деңгейге көтеріледі. Таным деңгейі артып, қабілеттері де машықталып, өзіндік «мен» позициясы қалыптасады. Жасөспірім шақ өтпелі кезең болғандықтан, бұл уақытта балалар сыртқы факторлармен (буллиң, дискриминация) көп иық тіресіп, қарсылыққа түседі. Осы өтпелі шақ ерекшеліктерін ескере отырып, үздік әдеби және өзін дамытуға арналған шығармаларынан үздік деген 20 кітап тізімін сурет қалпында ұсынайын.

Екінші, бастауыш сынып оқушылары, 6–11 жас аралығындағы балалар таным деңгейі артып, қабылдау қабілеті жетілетін кезеңдегі сәбилер. Бұл жас – өз ойын ана тілінде айқын да, айшық жеткізіп, қоршаған ортаға қызыға бастайтын, түстерді, иллюстрацияларды, тақырыптарды толық түсініп қорыта бастайтын кезең. Сондықтан бұл жас аралығындағы балалар суретті және қысқа тараулардан тұратын кітаптарға көбірек қызығады. Баланың оқуға деген қызығушылығын жоғалтып алмас үшін, дұрыс кітап таңдап оқытқан жөн. Жас ерекшелігі мен психологиялық дамуын ескере отырып, 6–11 жас аралығындағы балалар оқуы тиіс үздік 25 кітаптың тізімін де сурет қалпында ұсынайын.

Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің ерекшілігі қандай? Балдырғандардың тілі енді шығып, балабақшада коммуникацияға бейімделіп, жаңа дағдылар, әдеттер қалыптастыра бастайды. Негізі кітапқа деген сүйіспеншілік шақалақ кезінен бастау алады. Бөбектеріңізге алты айынан бастап кітап ұстатып, таныстыра бергеніңіз жөн. Кейін мүмкіндік болып жатса, жатар алдында он минуттан кітап оқып беріп, сол әдетке дағдыландыру да тамаша. Үш жасқа дейінгі балаларға қатты картоннан жасалған кітапшалар ыңғайлы. Бір жағынан ойыншық ретінде ойнайды, екінші жағынан беттерін парақтап, кітаппен танысады. Үш жастан кейін кітаптарды сәл күрделендіре түскен жөн. Өлеңмен жазылған кітапшаларды оқып беріңіз, ол балаңыздың сөздік қорының көбеюіне, тілін жаттықтырғанына пайдалы. Бір кітапты бірнеше уақыт аралығы өткеннен кейін қайталап оқып тұрсаңыз, балаңыздың есте сақтау қабілеті артып, жаттауға деген машығы қалыптасады. Бастауыш сыныпқа дейін кітаппен танысқан балақайдың, ары қарай оқуын алып кетіп, жаңа дағдыларды қалыптастыруы жеңіл болады. Өйткені, кітаптармен танысуға, оқуға құлшынысын ояту үшін уақыт кетпейді. Сонымен, кішкентай бүлдіршіндеріміздің кітапқа сүйіспеншілігін оятуына септігін тигізетін кітаптардың суретті тізімін де ұсынайын.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: