Райымбек батыр кесенесі

19 Қыркүйек 2017, 12:44 38566

Көкойнағына мініп атой салғанда, күркіреген үнінен дұшпаны күңіренген батыр

Қазақтың даңқты батыры Райымбек алыс болашақта тоғыз жолдың торабында, ұрпақтарының бақытты ғұмырына куә болып жататындығын біліп, болжап кеткен екен. Өмірінің соңында, өзінің көрер жарығының таусылғанын сезген батыр: «Денемді түйеге артып жіберіңдер де, жануардың күші таусылып, шөккен жеріне мені жерлеңдер», - деп бұйрық береді. Міне осылайша, екі ғасыр бұрын өмір сүрген ұлт батырының мүрдесі бүгінде Алматының қақ ортасында, қаладағы халық ең тығыз орналасқан көшенің бойында жатыр. 

Қазақ елінің азаттығы жолында күрескен Райымбек батырдың сүйегі жатқан жер халқымыз үшін киелі орын болып табылады. 1981 жылы бұл жерге мәрмәр тастан ескерткіш орнатылған болса, 1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен әйгілі батырдың басына үлкен мавзолей орнатылады. Биік кесененің алдында жаңа айтып өткен ақ бураның шөгіп отырған мүсіні тұр. Көзі тірісінде тек қол бастар батыр ғана емес, «көріпкел», «әулие» атанған Райымбек бабамыздың басына келіп, мұң-мұқтажын айтып, тілек тілейтін, құран бағыштап, дертіне дауа іздейтін жандардың қарасы бір үзілмейді. Сондықтан да мұндағы намаз оқитын орын, жалпы кесене күмбезі қайта жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 1991 жылы ержүрек бабамыз жатқан көшенің атауы да батырдың құрметіне Райымбек көшесі болып өзгертілді. Көшенің атауы ауысқалы біршама уақыт өтсе де алматылықтардың көбі Райымбек даңғылын әлі күнге дейін «Ташкентский» деп атап жүр. «Ауру қалса да әдет қалмайтыны» рас. Бір қарағанда тұрғындардың ескі әдетке салғандығында тұрған ештеңе жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен батыр  есімінің өзіне кие тұнғанын көпшілік біле бермейді. Жалпы жұрт Райымбекті «әулие адам» ретінде емес, мыңды жеңген «жаужүрек батыр» ретінде ғана біледі. Иә, ол даңқты батыр болды. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ бұл тұлғаның есімінен бастап, қазіргі денесі жатқан жерге дейін қасиетті, киелі екендігін бірі білсе, бірі білмес. Бұл жайлы ел арасында айтылатын аңыз көп.

                                Батыр бейітінің сиқыры

Қаланың ескі тұрғындары мынадай оқиғаның куәсі болған екен. Бір кездері Ташкентский көшесінің бойындағы бос жатқан жерлердің бірінде кішігірім төбешік болыпты. Жоспар бойынша жүзеге асып жатқан қарқынды құрылыс ілгері жылжып, осы бір үйінді төбешік орналасқан жерге де кезек келген екен. Жаңа құрылыс нысандарын тұрғызу үшін алдымен жерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатады. Мұны көрген көнекөз қариялар: «Қалаған зәулім ғимараттарыңды салыңдар, үй тұрғызыңдар, бұл әрине дұрыс. Бірақ мына тұрған төбеге тиіспеңдер! Бұл ұлы Райымбек батырдың тыныштық тапқан жері. Оны қопарсаңдар үлкен күнәға батасыңдар!» - деп үнемі құрылысшыларға ескерту жасап жүрген екен. Жұмысшылар ақсақалдардың өтінішін басшылыққа жеткізіпті. Басшылық өз кезегінде бұл өтінішке қолын бір сілтеп, құрылысшыларға «тоқтамаңдар!» деп бұйрық береді. Бастықтың айтқаны – заң. Амалсыздан жұмысшы қауым бульдозерге отырып жерді тегістеуге кіріседі. Осы кезде көпшілікке таңдай қақтырған бір ерекше оқиға болады. Ойды-қырды қопарып жүрген бульдозер Райымбек батыр жатқан төмпешікке келген тұста өшіп қалады. Қозғалтқыштың неге сөніп қалғанын түсінбеген механиктер техниканы кері бағытқа бұрып жүргізіп көрген сәтте бульдозер емін-еркін жүре бастайды. Ал қайтадан бейіт басына бұрып, жүруге оқтала берген тұста техника тағы да өшіп қалады. Бұл әрекетті бірнеше бульдозер қайталап көрмекші болғанымен, еш нәтиже шықпайды. Осылайша, Райымбек рухы темір техниканы бөгеп, қасиетіне бас имеген құрылыс иелерін мойындатады. Өз кезегінде олар да «қасиетті мекен», «киелі орын» түсінігінің бос сөз еместігіне көз жеткізеді және осыдан кейін бұл жерге қандай да бір нысан салуға ешкімнің батылы бармады.

                              Қол бастаған мыңбасы

Жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысында жоңғарлардың мүлде күйреп, тарих сахнасынан біржола кетуіне септігін тигізген батырларымыздың бірі – Райымбек екені даусыз. Небәрі 17 жасынан бастап жауға қарсы шапқан батырдың жасаған ерліктерін халқы көзі тірісінде-ақ аңыз қылып айтып жүрген. 1705 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген Райымбек Түкеұлының атасы Хангелді он сегізінші ғасырдың басында атағы алты алашқа жайылған батыр болған. Ата жолын қуған Райымбек те жастайынан садақ атып, ат мінген ержүрек бала болып өседі. Өзінің күреске толы өмірінің 33 жылын соғысқа арнап, 77 рет ауыр жарақат алған. Көкойнағына мініп атой салғанда, күркіреген үнінен дұшпаны күңіренген батырдың Ойрантөбедегі шайқасы тарихта ерекше аңыз болып қалған. Бұл айқас қазіргі Алматы қаласынан Нарынқолға қарай 160 шақырым жерде болған. Осы Ойрантөбеде Райымбек қалмақтың «мен» деген батырларын кезегімен жекпе-жекке шақырып шетінен қырып отырған. Өзінің кезекті бір шайқасында Райымбек батыр қалмақтың белгілі нояны Бадам-баһадүрді ойсырата жеңеді.

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі бірнеше облыстарды басып өтетін Бадам өзені дәл осы ойрат баһадүрінің есімімен байланыстырылады. Көзсіз ерлігімен елге танылған батыр уақыт өте келе он мыңнан астам қазақ әскерлеріне қолбасшы болып, жауға қарсы жол бастайды. Райымбек тек жауына найзасын сілтеген батыр ғана емес, елінің қамын ойлап, көшпелі халқын отырықшылыққа баулыған азамат. Oл Aлматы облысының кей өңірлерінде қазылған тоған арқылы егін суарудың тәсілдерін тауып, халқына егіншілікпен айналысудың жолдарын көрсеткен. Албан ішіндегі Алжан руынан шыққан көкжал талай мәрте орта жүзге қол ұшын беріп, соғыс кезінде көмекке келген. Батыр бабамыз 1729 жылы белгілі Аңырақай шайқасында Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген сынды қазақтың әйгілі батырларымен бас қосып, Сары Мыңжаның әскерін талқандайды. Замана тудырған осы батырлардың қатысуынсыз жүз жылға созылған соғыстың соңғы нүктесі ретінде 1756 жылы қазақтардың қалмақтарды біржола жеңуі екіталай еді. 

Көзі тірісінде «әулие» атанып, албан руының ұранына айналған Райымбек жайлы белгілі жазушы Жолдыбай Тұрлыбаевтың романы және Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдарында жазған поэмасы бар. Алматы облысындағы Райымбек ауданы және Қарасай ауданындағы Райымбек ауылы батырдың атымен аталады. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы ең алғашқы әрі ең ірі метро бекетіне батырдың есімі берілді. Бабамыздың есімін еншілеген жер-су аттары мұнымен шектелмейді. 310 жылдығынан асып отырған Райымбек батырдың есімі мен ерлігі әлі де ғасырдан-ғасырға асып, өз ұрпағымен бірге жасай бермек. 

Жазира Берғалиева
Бөлісу: