Рабат Жәнібеков: 32 жылымды микрофон алдында өткіздім

29 Ақпан, 08:36 305

Тілшінің көтерер жүгі мен оның ел алдындағы жауапкершілігі ұшан-теңіз. Сол міндетті абыроймен атқарғандардың бірі – Рабат Жәнібеков. Талай жылғы еңбек жолында көптеген мәселені көтерді, олардың шешімін табуына түрткі болды, кейінгі ұрпаққа жол көрсетті. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі тілшісі ардагер журналистпен сұхбат шағын сұхбат дайындаған болатын.

Рабат Жәнібеков: Ауыздан шыққан сөздің мағынасы өте түсінікті, əрі қарапайым болуы да міндетті. Оқуға түспес бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген ауданының Рабат ауылында қара жұмысшы болып еңбек еттім. Туған жерімде жүріп, түрлі спортпен де шұғылдандым. Спорттағы қол жеткізген жетістіктеріміз туралы аудандық «Арыс» газетіне əрдайым хабарлама ретінде жазып тұрдым. Мақалаларым жарияланып, штаттан тыс тілшісі атандым. Журналистикаға келуіме осы аудандық газеттің үлкен əсері тиді десем артық айтқандығым емес. Əскер қатарына алындым. Қысқасы, 1968 жылы ҚазГУ-дің журналиситика факультетін ойдағыдай бітіріп, арнайы жолдамамен Қазақ телевизиясына жұмысқа орналастым. Əуелде ақпарат бөлімінде жүрдім. Үш айдан соң балалар мен жастар бағдарламасын дайындайтын «Құрдастар» бірлестігіне ауыстырды. Осында жүріп, «Айгөлек» балалар хабарын ең алғашқы ұйымдастырушысының бірі болғанымды қуанышпен еске аламын.

1973 жылы басшылық əскери-патриоттық жəне спорт хабарлары бөліміне ауыстырып, қазақ редакциясының басшысы болатынымды айтты. Ол кездегі редакцияның тыныс-тіршілігін бүгінгі күнмен əсте салыстыруға келмес. Десек те жұмысқа деген талап өте жоғары еді. Бөлімде елге танымал спортшы Владимир Толчинский спорттан орысша репортаж жүргізетін. Сол уақыттан бастап Владимир спорттың орысшасын, мен қазақшасын жүргізе бастадым.

El.kz: Əрине, қанша кəсіби журналист болсаң да экран алдында отырып, спорттан репортаж, хабар жүргізу өте күрделі екенін көпшілік түсіне бермейді. Ал сөзден сəл шалыс кетсең болды, сынға алатыны өз алдына жеке əңгіме. Осы орайда алғашқы хабарларыңыз туралы ой бөлісіп отырсаңыз?

Рабат Жәнібеков: Дұрыс айтасыз. Əр кəсіптің өзіне тəн құпиялығы мен ерекшелігі болады. Ең негізгісі, қандай қиындық кездессе де, өзің таңдаған мамандықтың ауырлығына, суығы мен ыстығына төзе білуің қажет. Басы қатты болса, аяғы тəтті болады деп дана бабаларымыз әу баста бекер айтпаса керек. Əуелде қатты қобалжығаным рас. Ауыздан шыққан сөздің шашыраңқы кетіп жатқанын да сездім. Жанымда отырған Владимир менің толқып отырғанымды байқап: «Менің айтқандарымды қазақшаға аударып айта бер» дегендей сыңай танытты. Оның сөздерін менің қайталап отырғаным ел-жұртқа ұят емес пе, дедім де өз сөзіммен сөйлеуге тəуекел еттім. Ол уақытта ақпарат құралдарының, оның ішінде телевизия мен радионың құдіреті тым ерекше. Шалыс айтылған сөзің үшін жұмыстан босатылуың да əбден мүмкін еді. Сөйтіп, тұңғыш рет Мəскеудің «Торпедасы» мен «Қайрат» командасы арасындағы кездесуді қалтырап отырсам да өз сөзіммен жүргізіп шықтым.

Сол кездегі футбол жанкүйерлерін бүгінгі күнмен əсте салыстыруға мүлдем келмейді. Футбол күні Орталық стадионның ішіне ине шаншар орын таппайсыз десем, сіз сенер ме едіңіз. Əрине сенесіз. Сол күні ойынға кіруге билет табылмайтын. Стадионға тек алматылықтар ғана емес, көрші, тіпті аудандардан арнайы келетін жанкүйерлерді өз көзіммен көрдім де. Несін айтайын, ертеңгілік лездемеде біраз кемшіліктерім сынға алынды. Əйтсе де əріптестер репортажды тұңғыш рет жүргізгенімді ескерді ме, қызметте ары қарай ысылып, жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Иә, бəрі де өң мен түстей өте шықты. Бүгінде қарап отырсам, бақандай 32 жыл микрофон алдында отырған екенмін. Жалындаған бүкіл жастық шағым теледидар алдында өтті. Олимпиада ойындары мен əлемдік деңгейдегі жарыстардың барлығынан да тікелей репортаждар жүргізіп отырдым. Өкінбеймін. Осы күніме де тəуба деймін.

El.kz: Кез келген жұмыста кəсіпті меңгеріп кету үшін аға ұрпақтың, əсіресе үлгі-өнеге тұтатын əріптестер мен замандастардың ықпалы қашанда өте зор екені де түсінікті. Осы орайда кімдерді құрмет тұтасыз?

Рабат Жәнібеков: Əрине, «Жалғыз ағаш орман емес» демекші, журналистика саласында үлгі-өнеге алған елге сыйлы, қадірлі ағаларым өте көп. Солардың бірегейі, спорт журналистерінің көшін бастап тұрған Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз десем, мақтанғандай естілер.

1975 жылы радио мен телеарнадағы спорт бағдарламаларын қосып жіберді. Радиодан бізге Жақсылық Темірбеков, Өмірзақ Жолымбетов, Диас Омаров, Петр Дорожинский сияқты біріңғай өз ісінің майталмандары келді. Олардың есімдерін сол кездің өзінде-ақ бүкіл қазақ жұрты үлкен құрметпен атайтын. Басшылық маған бөлім бастығының орынбасары, не болмаса, комментаторлықты таңда дегенде, ойланбастан соңғысын қаладым. Негізі Владимир Толчинский басында тізгінді бергісі келмеді. Ол: «Қазақтардың барлығы да орысшаны жақсы түсінеді. Сондықтан қазақшаның не қажеті бар?» деген ойды қозғады. Осындай сын сəтте ана тіліне қамқор болған Сұлтанғали Қаратаевтың да ерен еңбеген атап өткеніміз орынды. Қаратаев айтты: «Радионы бүкіл ел құрметтейді. Əсіресе шалғайдағы елді-мекеннің жас ұрпақтары тəлім-тəрбиені, соның ішінде спорт хабарларын ана тілінде тыңдап өсіп келеді» деп нақты айғақтармен мысалдар келтіргені əлі есімде. Сөйтіп, мəселе оңды шешімін тауып, телеарна мен радиода да барлық спорттық хабарлар мен ақпараттар екі тілде жүргізілді.

1986 жылы спорт бөлімінің редакторы қызметінде жүргенімде қарамағымдағы жігіттердің тіл байлығына ерекше назар аудардым. Тілі жұтаңдау азаматтарды спорттан репортаж жүргізуге қоспайтынмын. Ал Өмірзақ Жолымбетовтің тіл байлығы туралы айтар əңгіме жоқ. Ол ойын барысында қазақтың небір əдемі тіркестерін тауып алып, сөздің майын тамызатын. Өкінішке қарай, телеарна мен радио бөлінген кезде, ол қайтадан радиосына кетті. Бізден кейінгі буыннан Қынабай Аралбаевты бөле-жара айтқым келеді. Оның сөз қолданысы да ерекше болатын. Түрлі терминдерді іздеп табатын. Кезекті матчқа дайындалар сəтте бар уақытын ұлттық кітапханада өткізетін. Өкініштісі, бұл өмірден тым ерте қайтқандығы дер едім...

El.kz: Бұқаралық ақпарат құралдарында Сұлтанғали Қаратаев қазақ комментаторларының көшбасшысы деп айтылады. Осы жағын ашып айтып бере аласыз ба?

Рабат Жәнібеков: Менің білетінім, Сұлтанғали 1964 жылы келіп, біраз репортаж жүргізгенінен хабардармын. Негізінде қазақтан шыққан ең алғашқы комментатордың есімі əлі де белгісіздеу болып тұр. Шамамен 1958-1965 жылдар арасында радиодан Абай Шəріпов деген азамат орыс тілінде хабар таратқан екен. Ал 1958 жылдан бастап, бір қазақ жігіті спорт хабарын жүргізген көрінеді. Оның есімі «Алтын қордан» іздестіріліп жатыр. Сонан соң, 1960-1969 жылдары Совет Мазғұтов деген азаматтың да репортаждар жүргізгені анықталып отыр. Біле білсеңіз, бұл азамат – тұңғыш космонавт Юрий Гагарин ғарышқа ұшып, Қазақстан жеріне келіп қонғанда ең алғаш сұхбат алған қазақ. Кейін де лауазымды қызметтер атқарған. Сондықтан кім бірінші, қайсының екінші екенін уақыттың өзі-ақ реттеп береді. Менің білетінім – елімнің тыныштығы мен береке-бірлігі мəңгі жарасымын тауып тұрса деймін.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: