ҚР Президенті Петербург форумында: Азық-түлік тапшылығымен күрес – ортақ міндетіміз

17 Маусым 2022, 21:48 1447

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан XXV Халықаралық экономикалық форумда халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін толық жүзеге асыру аса өзекті болып отыр. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, Ресей мен Қазақстан әлемнің осы саладағы жетекші елдері екеніне тоқталды.

– Халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірінші кезектегі міндеті және факторы болып қала береді. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізіп, азық-түлік шығындарын азайту маңызды, - деді Қазақстан Президенті.

Қ. Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін барлық қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО-ны қоса алғанда, ұлттық деңгейлерде де, өңірлік бірлестіктер аясында да әзірлеу керегін айтты.

– Ынтымақты жұмыс болмаса, осындай өте маңызды салада көзделген мақсаттарға жету қиын. Басқаша айтқанда, шектен тыс инфляциямен, азық-түлік тапшылығымен күрес – біздің ортақ міндетіміз. Қазір және таяу уақытта бізге бұдан маңызды мақсат жоқ, өйткені ол біздің азаматтарымыздың әл-ауқатына тікелей қатысты. Біздің мемлекеттеріміздің әлеуеті нарықтарымызды қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты және толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургтегі халықаралық экономикалық форумға қатысып жатыр. Сессияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси сөз сөйлейді. Форум қатысушыларына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнеүндеу жолдайды. Спикерлер сөз сөйлеп болған соң сұрақ-жауап форматында ашық пікірталас өтеді.

Бөлісу: