Әр бала бақытты болуға лайық

1 Маусым 2020, 19:34 7236

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бұл күн тек күллі әлем елдеріндегі бүлдіршіндерге күлкі мен қуаныш сыйлайтын мереке ғана емес, олардың құқықтарын қорғап, қамқор болуға үндейтін мейрам. Сондай-ақ қоғамдағы тағдырдың жазуымен кемтар, ата-анасынан айырылған жетім және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн.


«Балалы үй – базар» деп қазақ халқы бекерден-бекер айтпаған. Өйткені осы өмірдің ажары да, базары да бала екені рас... Бұрыннан жарық дүние есігін ашқан әр сәбидің өз несібесімен келетіндігін айтқан қазақ халқы оларды көздің нұрына теңеп, өмірінің мәні етіп санаған. Сондықтан бүгінгі 1 маусым күні думандадата тойланатын Халықаралық балалар күні мейрамының орны айрықша. Статистика деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде бас шаһар тұрғындарының үштен бір бөлігін жиырма жасқа дейінгі балалар құрайды екен.


Жалпы бұл жаздың алғашқы күні яғни бірінші маусым – Балаларды қорғау күні әлем картасындағы барша жаһан жұртының көптеген елдеріне ортақ мейрам болып келеді. Күнтізбе беттеріндегі ерекше мерекелердің бірі саналатын бұл күннің тарихы қалай басталды?   

Оны тойлап өту шешімі осыдан тура 95 жыл бұрын яғни 1925 жылы Швейцария елінің Женева қаласында Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі турасындағы   мәселелерге арналған Дүниежүзілік конференцияда қабылданған еді. Алайда балаларды қорғау мейрамы нақты 1 маусым күні тойланатындығы жайында нақты мәліметтер жоқ. Деректердің бірі бойынша 1925 жылдың бірінші маусымы күні Қытай елінің АҚШ-тағы бас консулы Сан-Франциско қаласында барлық жетім балаларды жинап, оларға   «Айдаһар қайық» фестивалін ұйымдастырған екен. Ілгеріде айтқан Женевадағы конференция да осы бірінші маусым күні өткізіліпті. Енді бір ресми деректер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, нақтырақ айтқанда 1949 жылы Парижде әйелдердің конгресі өткен делінеді. Мұнда басты тақырыптардың бірі ретінде балаларға тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету жайы сөз болған. Келесі жылы яғни 1950 жылдың бірінші маусымында Халықаралық балаларды қорғау күнінің бірінші мерекесі тойланған. Осы күннен соң мұндай жаңа бастама көптеген елдер тарапынан қолдау тапқан. Содан бері күнтізбедегі бұл дата жыл сайын дәстүрлі түрде мерекеленіп келеді.

Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде балалар күні 1-маусым күнінде атап өтетіндігіне қарамастан кейбір мемлекеттерде басқа күндері де аталып өтіледі екен. Мәселен, бұл балалар күні Малайзияда қазанның соңғы сенбісінде, Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінде мамырдың 5-і күні, Түркияда сәуірдің 23-інде, Сингапурда қазанның 1-інде мерекеленеді. Ал Африкада балалар күнін тойлау маусым айының 16-на белгіленген. Жалпы бұл Халықаралық балаларды қорғау күні ең көне мейрамдардың бірі болып есептеледі.


Қазіргі кезде бүкіл әлемді жайлаған «COVID-19» жұқпалы індетіне байланысты елімізде балаларды қорғау мейрамына арналған іс-шаралар онлайн форматта жүргізілуде.

– Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында «Барлығы балалар үшін» атты республикалық акция өз жұмысын бастады. Жоспарға сай бүгіннен бастап бекітілген барлық іс-шаралар онлайн формат режимінде әлеуметтік желілер арқылы өткізіліп жатыр. Мұнда балаларға арналған түрлі қызықты конкурстар, арнайы челлендждер және т.б. ұйымдастырылуда. Шамамен бас-аяғы алпыстан аса шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр, - дейді Білім басқармасының баспсөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.

Білім басқармасының баспасөз хатшысының айтуынша, шара барысында балалар психологтары мен ішкі істер органдарының өкілдері, заңгерлер мен білім беру, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен тікелей эфирлер өткізіледі. Сондай-ақ, мұнда ата-аналар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап та ала алады.

– Оған қоса, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығындағы және Нұр-Сұлтан қаласындағы «SOS балалар ауылындағы тәрбиеленушілерге арналған мерекелік бағдарлама өткізілуде. Олардың арасында түрлі конкурстар, костюмдер көрсетілімдері, балалардың өз қолдарымен жасаған флористикалық көрме, спорттық сайыстар және т.б. қызықты дүниелер ұйымдастыру қарастырылған. Бір айта кетерлігі, бұлардың барлығы қонақтардың қатысуынсыз өтіп жатыр, - деді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.

   «Бала адамның бауыр еті» дейді дана халқымыз. Әлем картасындағы барлық елдердегі әр бала бақытты болуға лайықты! Олар – болашақтың тірегі. Олар бар жерде берекеміз тасып, абыроймыз асқақтай бермек. 

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: