Әр қазақстандық жылына 64 келі ұн өнімін тұтынады

2 Тамыз 2022, 17:35 1125

Нұрлан Оспанов нан өндіруде бидайдан басқа да шығын түрлерінің барын еске салды

Елімізде жыл бойы әр адам 64 келі ұн өнімін қолданады. Бұл туралы Қазақстан астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспанов мәлім етті,– деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Бұл жерде жалпы ұн өнімдері туралы айтып отырмыз. Яғни ұн, бидай және қара бидай наны, макарон өнімдері мен ұнтақ жармасы кіреді. Демек бұл тек нан ғана емес деген сөз. Осылайша әр адам жылына 64 келі ұн өнімін тұтынатынын көріп отырмыз. Бұл көрсеткішті Қазақстан халқы санына шағып есептесек, жылына 1,2 млн тонна ұн немесе 1,7 млн тонна бидай тұтынады, – деді Нұрлан Оспанов тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін одақ басшысы нан бағасының өсуі немен байланысты екенін атап берген еді.
Оның айтуынша, елімізде нан бағасын өсірмеуге барлық негіз бар.
Сондай-ақ, Нұрлан Оспанов нан өндіруде бидайдан басқа да шығын түрлерінің барын еске салды.
Айта кетейік, бүгін елордада Қазақстан астық өндірушілер одағының ұйымдастыруымен биылғы астық жинау маусымына қатысты мәселелер талқыланған дөңгелек үстел өтті. Сол шарада елдегі бидай бағасына әсер ететін факторлар аталған еді. Одан бөлек, одақ Қазақстанда астық импортына тыйым салуды ұсынып отыр.


Бөлісу: