«Қызжылаған»: Малика Мұхтарова мәңгілік бала бейнесінде көрерменмен қауышты

9 Қараша 2022, 10:08 3976

Семей полигоны құрбандарының рухына арналған қойылым

«Қанаттылар» инклюзивті театры сахналаған «Қызжылаған» премьерасынан ерекше әсер алып, толқыдық. Иә, көрермендердің жанарына жас, алқымына өксік тығылды. Шектеуге түскен шекті әлемдегі пенденің шексіздікке ұмтылған асқақ мұратынан әсерленді.  

«Қызжылағанның» негізгі идеясы

Алдымен қойылым авторы Роза Мұқанова, театр директоры Арнур Искаков және режиссер Абзалбек Максим журналистерге брифинг беріп, премьераның негізгі идеясын, мән-маңызын түсіндірді.

«Қызжылаған» табиғаттың тозуын ғана емес, адам рухының экологиясын көтереді. Радиациядан топырағы тозған даланың қасіретін ғана емес, тұтас ұлттың қайғы-қасіретін, тіпті әлемдік деңгейдегі проблеманы дәріптейді.

Бұл туынды «Қанаттылар» инклюзивті театрына арналып жазылғандай. Өйткені ерекше жандардың шынайы сезімін, асқақ сенімін көресіз. Басты рөлді сомдаған Малика Мұхтарова «бұл – менің тағдарым» деп кабылдап, ынта-шынтымен, бар ықыласымен орындайды. Шынында ол кәсіби әртістей образға кірмейді, өзінің болмысымен, бітімімен көрерменнің жүрегінен жол табады», – деді режиссер.

Адам тағдыры жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзегі, адалдық пен адамдықты, әділдік пен ізгілікті үлгі етудің құралы.

Туынды авторы Роза Мұқанова күллі қазақ халқының қайғы-мұңын суреттейтін драма кейіпкерін туғызу, бейнесін жасау оңай еместігін айтты.

«1996 жылы режиссер Болат Атабаев премьераны алғаш Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына қойған кезінде кейіпкерді табуы қиын болды. Басты рөлді сомдайтын әртісті бес-алты ай іздеп, Қырғызстаннан тапты. Екі қойылымды да көрдім. Екеуінен алған әсерім екі бөлек. Мүмкіндігі шектеулі жандар шексіздікке ұмтылып, өздерін ойнайды. Өзінің ішкі жан-дүниесін ашады», – деді жазушы.

Сезімі жанды тербеткен

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ине шаршар бос орын жоқ. Көрермендердің қошемет білдіруімен қойылым басталып та кетті. Қараңғы түнек. Қап-қара. Қараңғылықты айдың сәулесі нұрға бөлейді. Арбаған таңылған Ләйла қыздың өмірі сипаттала бастайды. Адам сезімі мен сенімін, қуанышы мен қайғысын, арманы мен өкінішін, сағынышы пен мұң-наласын тоғыстырған туындының философиясынан ядролық сынақ салдарынан мүгедек болған іңкәр жанның ұмтылысын танисыз. Аймен, жарықпен сырласқан Ләйлінің арманынан ұлттың рухын, ұлттың қасіретін сезінесіз. Ләйләның ашшы, аянышты тағдыры қазақтың басындағы қайғысын білдіретіндей.

Денесі мүгедек болса да санасы сау, жаны таза Ләйлә ғашық болады. Иә Құмар есімді жігітті көңілі қалайды. «Қаттылық бер жаныма. Сақта! Сақта мені! Ессіз, жүйрік сезімнен сақта. ...Кейіпім де мазақ, махаббатым да мазақ. Аямаңдар мені!», – деп жарық айға мұңын шағады ол.

Ядролық сынақтың салдарынан бір ауылдың әйелдері мүгедек бала туады. Сахнада осындай жантүршігерлік жағдайды көресіз. «Қарауыл ауылында 350 жылға дейін дені дұрыс ұрпақ болмайды» деген қатқыл дауыс ет-жүрегіңді елжіретіп жібереді.

Қысқасы, ұлт басындағы ұлы трагедияны көріп, жыламаған жүрек, егілмеген жан қалмады-ау, сірә!

Көрермендер әсерімен бөлісті

«Көрнекті жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде қойылған спектакльде мүмкіндігі шектеулі жандар өз өмірлерін ойнап шыққандай әсер қалдырды, олар ынта-жігерлері мен өмірге деген құлшыныстары арқылы өз мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсетті. Табандары топырақ баспаса да, аяқтары жерге тимесе де жүрекке жалғанған ай қанаттары арқылы шексіздікке самғай алатын періштелер екенін көрдік. Қойылым инклюзивті қоғамға назар аударуымыз қажет екенін тағы бір қаперге салды», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Көрермендер арасында өнерді түсінетіп, бағалай білетін адамдар көп болды. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы, белгілі ақын Мұхтар Ниязов:

«Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде дайындалған қойылым Семей полигоны құрбандары туралы болғанымен тағдырдың кермек дәмін татқан кейіпкерлер өмірі әрдайым өзекті. Қойылым сонысымен құнды. Театр мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеп, зағип жандар мәселесіне қоғам назарын тағы бір аударды», – деп әсерімен бөлісті.

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: