«Қызылжар» футбол клубы жекеменшікке өтті

«Қызылжар» футбол клубы жекеменшікке өтті

Мемлекет басшысының кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасы аясында, «Қызылжар» футбол клубы жекеменшікке өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін петропавлдық ұжымның инвесторы ретінде кәсіпкер Сергей Кан иелік етеді.

Клубты тиімді дамыту және басқару жүйесін жаңғырту мақсатында инвестор жаңа заңды тұлға «Қызылжар» футбол клубын жеке мекемесіне тіркеді. Барлық жарыстарға қатысу құқығы сақталып, петропавлдық ұжым бұрынғыдай қызыл-қара түсте өнер көрсетеді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен клубты бірлесіп қаржыландыру туралы келісім де жасалды.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионын клубтың сенімгерлік басқаруына беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік «Қызылжардан» бөлек, Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін 5 ұжым сенімгерлік хаты бойынша жекеменшікке өткен болатын.