«Қызылшамен ауырғандардың саны 20 мыңға жетті». Сенатор вакцина салу мәселесін көтерді

14 Желтоқсан 2023, 13:07 929

Қазір елімізде 20 мыңға жуық адам қызылшамен ауырып жатыр. Қазақстан осы жұқпалы дертпен сырқаттану деңгейі бойынша Эфиопиядан, Пәкістаннан, Конгодан асып түсіп, Йемен және Үндістанмен бір қатарда тұр. Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында қызылшаға қарсы егу мәселелерін көтерді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Депутат Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмағанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жұқпалы дерттің басты себебінің бірі – екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы жасалмай келе жатқандығы.

Шалғайдағы және ауылдық елді мекендерде медициналық персонал мен құрал-жабдықтар жетіспеуі де балаларды уақтылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде вакциналардың қолжетімділігі мен егу қызметінің сапасына қатысты мәселелер бар. Одан бөлек, діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартушылармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет-көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән көп. Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағаз – дәптерде болуы түсініксіз, - деп атап өтті сенатор.

Депутат сондай-ақ кейбір әлеуметтік-экономикалық топтарда вакцинациямен қамтудың төмендігін атап өтті және екпе жасалуы туралы мәлімет-көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән келтірді. Сенатор Үкіметтің бұл мәселені шешуге жылдар бойы немқұрайлы қарағанына наразылығын жеткізді және жағдайды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.

Ең алдымен, жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймақтарында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп, арнайы мобилді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткендерін жоюды қадағалауды барынша күшейту керек, - деп қорытындылады сенатор.

Миражан Махан
Бөлісу: