Қызылордалық ғалымдар күрішті пленканың астына егудің тиімділігін дәлелдеді

27 Қазан 2022, 17:02 1724

Олар бұл ғылыми жаңалықты «Дала күні» шарасы аясында жас ізденушілер мен сала мамандарына таныстырды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары күрішті пленканың астына егудің тиімділігін дәлелдеді. Олар бұл ғылыми жаңалықты «Дала күні» шарасы аясында жас ізденушілер мен сала мамандарына таныстырды, деп хабарлайды El.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
«Жерді лазерлік тегістеуден кейін арнайы тұқымсепкішпен күріш дәнін 1 см тереңдікке сеуіп, пленкамен бастырып, дән түскен жерді тесіп қояды. Пленканың астындағы топырақ тез қызып, ылғалдың сақталуына, тұқымның тез жетілуіне әсерін тигізеді. Күріш өнімін сәуір айының 1-2 онкүндігінде, мал азықтық дақылдарды наурыз айының екінші онкүндігінде егу қолайлы», - дейді ғалымдар.
Күрішті 15-25 күн суармай өсіру арқылы тіршілік нәрі 25-30%-ке дейін үнемделеді екен. Ғалымдар мұнан бөлек мал азықтық дақылдарды бүркемелеп егудің де тың әдісін тапқан.
«Мал азықтық дақыл жоңышқаны қант құмайымен бүркемелеп егудің нәтижесінде мазайкалық орналастыру схемасы бойынша бір ретте суарылмай бірінші жыл еккеннің өзінде 3 рет өнім жинауға мүмкіншілік туды. Бұл дегеніміз өте жақсы жетістіктер деп білеміз», - дейді техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов.

Бөлісу: